Ашық пікірлесу – ынтымақтың бастауы
Ашық пікірлесу – ынтымақтың бастауы
405
оқылды

Сенат төрағасы, Еуразиялық медиафорумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Алматыда, форум аясында бірқатар кездесулер өткізді.

Сенат төрағасы медиафорумның ар­­найы мейманы – Армения президенті Армен Саркисянмен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықты одан ары нығайту мәселелерін талқылады. Тараптар Парламент Сенаты мен Армения Ұлттық жиналысының достық тобының депутат­тары арасында таяуда болған кездесудің ма­ңызына екпін түсірді, онда екі елдің заң шығару органдары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткен болатын.

Армения президенті ірі халықаралық БАҚ құрылымдарының өкілдері мен ха­лықаралық деңгейдегі сарапшылар бас қо­сатын Еуразиялық медиафорумның әлеуеті зор екенін жеткізді.

Дариға Назарбаеваның Euronews-тің әріптестік және әртараптандыру жөніндегі аға вице-президенті К.Оикономумен кездесуі барысында ЕАМФ пікірсайыста­рының маңызы мен оның өсіп келе жатқан беделі атап көрсетілді.

«Біз ашық пікірлесу ымырасыз ұста­нымдар­ды жақындастыруды, өзара тү­сіністік пен төзімділікке ықпал етуін, ортақ мәсе­лелерді шешу үшін күш-жігерді бі­рік­тіруді қалаймыз», – деді Еуразиялық ме­диа­форум ұйымдастыру комитетінің төрағасы Д.Назарбаева.

Ол Ресейдің Федерация кеңесінің халықаралық істер комитетінің төрағасы Константин Косачевпен жүздесуі бары­сында әлемдік медиакеңістігіндегі осы форумның рөлін сөз етті.

Д.Назарбаева Ресейдің Федерация ­ке­ңесінің төрағасы Валентина Матвиен­коның ЕАМФ қатысушыларына құттықтау сөзін арнағаны үшін және өзі форумға қатысқаны үшін К.Косачевке алғыс айтты. Құттықтауда өзекті мәселелер жөніндегі форумның пікірі Еуразия аясынан тыс жерлерде естілеріне сенім білдірілген болатын.

Жүздесушілер өзара тиімді ынтымақ­тастықтың теңдесі жоқ әлеуетіне назар аударт­ты. Парламентаралық үнқатысу ту­ралы айта келе, олар Парламент Сенаты мен Федерация кеңесінің салалық комитеттері арасындағы ынтымақтастықтың тиімді сипатына тоқталды және Қазақстан мен Ресей парламенттерінің жоғарғы палаталары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысы нәтижелі болып келе жатқанын тілге тиек етті. Комиссияның 14-отырысы 24-25 мамырда Алматыда өтеді.