Жастар қолдау білдірді
Жастар қолдау білдірді
358
оқылды

«Ауыл» партиясының үміткері Төлеутай Рақымбековті қолдауға шақырған жастар Алматы облысында арнайы флешмоб ұйымдастырды. Ауылдық кандидаттың сайлауалды бағдарламасы үгіт-насихат кездесуінде кеңінен талқыланды.

Төлеутай Рақымбеков өз бағдарламасында жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Оның ішінде бай рухани мұрамызды сақтап, жас ұрпақтың санасына сіңіру жолдарын ұсынады. Әйтпесе, қазіргі жаһандану дәуірінде жас толқынның жат мәдениетке жұтылып кету қаупі бар. Осы мақсатта Талдықорған қа­ласының қақ төрінде арнайы флешмоб ұйымдастырылып, жергілікті қыз-жігіттер ұлттық биімізді ерекше нақышта орындап шықты.

«Жастар саясатын бір жолға қою ұлттық құндылықтарды сақтаудан ғана тұрмайды. Оның ішінде білім алу, жұмысқа тұру және баспана мәселелері де шешімін табу керек», – дейді Төлеутай Рақымбеков. Соның арқасында ғана қазіргі жаппай урбанизацияны тоқтатуға болады. Әйтпесе, жоғары жалақы іздеген жастар ауылдарын тастап, ірі қалаларға қарай ағылып жатыр. Мұның арты ауылдың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізері сөзсіз.

Акция аясында Төлеутай Рақымбеков өңірлік штабының өкілдері үміткер бағ­дарламасын қала тұрғындарына таратып, оның негізгі тетіктерін түсіндірді. Әсіресе, дәл осы жастар саясатына қатысты бағыттар қызу талқыланды.

Қазір үгіт-насихат науқанының нағыз қызған шағы. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековті қолдауға арналған шаралар еліміздің барлық аймағында өтіп жатыр. Ал, кандидаттың өзі алдағы аптада батыс өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізбек.

 

Айдана БЕГІМ