Әлеует зор, өсім жоқ
Әлеует зор, өсім жоқ
464
оқылды

Қазақстанда еттің тек 33 пайызы, ал сүттің небәрі 31 пайызы ғана өңделеді. Салдарынан, еліміз ата кәсібі саналатын мал шаруашылығы өнімдерін сырттан тасуға мәжбүр. Осы және басқа да мәселелер Мәжілісте өткен «Ет және сүт өнімдерін өндіруді, қайта өңдеуді және экспорттауды дамыту перспективалары» атты парламенттік тыңдауда қозғалды.

Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздің өркендеуіндегі агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі рөліне екпін түсірді.

– Елбасымыз Н.Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап, әрдайым ауылды және ауыл шаруашылығын өркендетуге зор көңіл бөлді. Елбасы Жолдауда ең­бек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өні­мі­нің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру міндетін қойды. Ол не береді? Бұл ел экономикасын нығайтумен қатар, табиғи та­за өнімдеріміз арқылы әлемдік на­рықты игеруге жол ашады. Осы істерді заң жағынан қамтамасыз ету үшін Парламент «Агроөнеркә­сіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Ветеринария ту­ралы», «Асыл тұқымды мал шаруа­шылығы туралы» сияқты не­гізгі заңдарды қабылдады, – деді Н.Нығматулин.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ауыл шаруашылығы шығаратын жалпы өнімнің құнында мал шаруашылығына 46% үлес тиесілі. Әлемдегі ірі ет экспорттаушыға айналу үшін елде барлық жағдайдың барлығы мәлімделді.

–Бүгінде Үндістан, Қытай се­кілді мемлекеттерде халық саны көбеюде, Африка континентіндегі елдерде де азық-түлікке деген қажеттілік жыл сайын артуда. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы өнім­деріне деген сұраныс тек арта береді. Демек, агроөнеркәсіптік ке­шенді дамыту үшін қолда бар бар­лық мүмкіндікті жете пайдала­натын кез жетті. Оның ішінде әсі­ресе, ет және сүт өнімдерін өн­діру, өңдеу және экспорттау сек­торының келешегі мол. Елбасы да осы міндетті қойып отыр, – деді Мәжіліс спикері.

Осыған орай Мәжіліс төрағасы шағын өндірушілерді өңдеуші кәсіпорындармен байланыстыратын дайындау ұйымдарының желісін құру ісіне барынша қолдау көрсету керектігін нықтады. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған көтерме-тарату орталықтарын құруды қарастыратын нормалар заңнамалық деңгейде қабылданып жатқаны тілге тиек етілді.

Ет және ет өнімдерін сырттан тасу көлемінің артуы да алаңдау­шылық тудырады. Құс еті импор­тының үлесі 51%-дан көп. Өткен жылы оның көлемі 191 мың тоннадан асқан. Ал үш жыл бұрын тек 165 мыңдай болатын. Түйткілді мәселелер қатарында ветеринарлық қауіпсіздік те бар. Мәжіліс төрағасы осы проблеманы шешуде аграршылар қабылдап жатқан шаралардың жеткіліксіздігіне назар аудартты. Оның мәліметінше, АӨК туралы жаңа заң жобасы аясында депутаттар ветеринарлық бақылаудың нақты жүйесін түзуге және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулерді пысықтады.