Биыл 143 089 түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. Сыңғырлаған қоңырау үні 11-сынып оқушылары үшін бұл күні соңғы рет соғылады. Білім ордасымен қоштасқан жас талапкерлерді күтіп тұрған талай сынақ бар. Соның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл сәтте бойды билеген толқыныс, қорқыныш пен қуаныш, әр талапкердің көзіндегі үміт оты сөзсіз көрініп тұрады.
Елордада алты мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, Алматы мектептерінен сегіз мыңнан аса оқушы түлеп ұшты. Нұр-Сұлтандағы 6274 түлектің 93,3 пайызы, яғни 5856 оқушы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. 3,5 мыңы – қазақ тілінде, 2 мыңға жуығы – орыс тілінде және 12 оқушы ағылшын тілінде сынақ тапсырады. Биыл бас қалада 324 «Алтын белгіге» және 352 үздік аттестатқа үміткер бар. №54 мектепті 151 түлек тәмамдаған. «Алтын белгіге» үміткерлер санына келер болсақ, №1 мектепте және физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (16 адам), №48 мектепте (13 адам), №69, №62 және Нұр Орда мектептерінде (11 адам), №61 мектепте және БИЛ-де (ұлдар) 9 оқушы тіркелген.
«Үздік аттестат» алатын үміткерлерге келсек, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (30), БИЛ қыздар (21), Нұр Орда (20), БИЛ ұлдар (19), №51 Назарбаев зияткерлік мектебінде (12) және №1, №17, №56, №66 мектептерде 11 түлектен бар. Соңғы он жылға көз жүгіртсек, 2009-2019 жылдар аралығында 1 598 639 оқушы мектеп бітірген екен. Соның ішінде ең төменгі көрсеткіш 2017 жылдың үлесінде. Ол жылы 127 369 түлек оқу тәмамдаған екен. Керісінше, жоғары көрсеткіш 172 762 түлекпен 2012 жылы тіркелген.
Соңғы қоңырау салтанатынан кейін көпшілік көтеретін келесі мәселе – мектеп бітіру кештері. Бұған қатысты түрлі пікір бар. Кей ата-ана «өмірде бір рет қана болатын кешті тиісті дәрежеде өткізу керек» деп қанша қаражат болсын құюға әзір. Енді бірі «мектеп бітіру кеші ата-анамен, ұстаздарымен жылы атмосферада, естелік сәттерге толы болып мектеп қабырғасында өтуі керек» дейді. Осы мәселе жыл сайын басылым беттерінде талай жазылып жүр. Қызыл шығыннан бас тартатын күн қашан туар екен деп жүрсек, биыл сең қозғалып, осы үрдіс ақырын белең алып келеді. Үкімет үйінде өткен жиында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Аталған мәселенің жыл сайын көтерілетінін бәріңіз білесіздер. Бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр бар. Яғни түлектердің мектеп бітіру кеші оқу ордасының аумағында өтеді. Ол жерде мұғалім мен оқушы, түлектер арасында шынайы, емен-жарқын әңгіме болады. Дегенмен өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл бәсекеге айналды» деген еді.
Бір қуантқаны, биылғы түлектердің біразы мектеп бітіру кешіндегі даңғазадан бас тартып отыр. Оған қоса, өзге қатарластарын да шақырып, видео-үндеу жолдағандар бар. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданы Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназиясының, Текелі қаласы №4 мектебінің, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының кей мектептерінің 11-сынып оқушылары басы артық шығынның қажеті жоқ деп бейне-ролик жүктеген. Жыл сайын ата-аналардың қалтасына ауырлық түсіретін бұл жайттың жаңғырығы осылайша бәсеңдеп келеді. Әйтпесе, қымбат мейрамхана, лимузин, белгілі дизайнерлердің ұсынған сәнді кешкі көйлектері трендтен түспей келе жатқан еді. Мұндай бәсекенің азайғаны көңіл марқайтып отыр.
Айша ЕРСҰЛТАН