Тергеушілікті кәсіпкерлікке айырбастаған

Тергеушілікті кәсіпкерлікке айырбастаған

Түркістандық Жанболат заңгерлік мамандықты қызыл дипломмен тамамдаған. Ақтөбедегі заң институтын лейтенант шенімен бітіріп шыққан ол, Түркістан қалалық ішкі істер басқармасына бірден тергеуші болып жұмысқа қабылданады. Бірақ жас маман бұл жауапты жұмыстан 1,5 жылдан кейін өз еркімен шығып кетеді. Себебі – біреу. Албырт жас азын-аулақ жалақыға қарап отырғысы келмей, мол ақша тапқысы келеді. Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы мемлекеттен 3 млн теңге грант алып, бөдене шаруашылығын дамытып, табыс тауып отырған Жанболат Бахтиярұлы, осылайша, тергеушілікті кәсіпкерлікке айырбастаған жан.

Осыдан 12 жыл бұрын отбасымен Өз­бекстан Республикасынан көшіп келген Жанболат Әлімқұлов мектепті жақсы оқиды. Бірақ ол жұмыстан шыққан соң Кореяға жұмыс істеуге кетеді. Корея мемлекетіне 2017 жылдың тамыз айында кеткеннен ауылға 2018 жылдың науры­зында оралады. Міне, Жанболатқа бөде­не шаруашылығымен айналысу идеясы осы Кореяда жүргенде келіпті. Себебі, онда бөдене өсіретін шаруашылықта жұ­мыс істейді. Бөдененің адам денсау­лы­ғына пайдалы тұстары мен оны бағудың технологиясын терең меңгерген ол, ауыл­­ға келген соң бірден әрекетке көшеді. Бизнес жоспары дайын, тек ақша болса болғаны. Мемлекеттен беріліп жатқан қолдаулар туралы естіп, кәсіпкерлік мектебіне барады. «Менде кәсіпкерлік мектебінен алған 2 сертификатым бар. Алдымен тренерлерден 3 күндік кәсіп­керліктің қырлары жөнінде дәріс алсам, одан соң 1 айлық «Бизнес бастау» кур­сына қатыстым. Өткен жылдың мамыр айында инновациялық жобалар бойынша конкурс болатынын естіп, қажетті құ­жат­тарды өткіздім. Тақырыбым – «Түр­кістан қаласы бойынша бөдене шаруа­шылығын дамыту». Маусым айында кон­курстың қорытындысы жарияланды. Осылайша, 3 миллион теңге қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Бұл – «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы аясын­да жү­зеге асып отырған мемлекеттің қолдауы. Тиесілі қаржы шілде-тамыз ай­ла­рында қолыма тиіп, қажетті құрыл­ғы­лар, 1 000 да­на бөдене сатып алдым», – дейді Жан­болат бізбен әңгімесінде.


Жас кәсіпкер бөденені бағу үшін оған өз үйінің бір бөлмесін арнайды. «1,5 шаршы метрге 200 бөдене бағуға болады. Ал менің бөлмем 15 шаршы метр. Бүгінде отбасымызбен осы кәсіпті дөңгелетіп отырмыз. Әкемнен бастап, үйдегі 2 жасар ініме дейін бөдененің жұмыртқасын шикілей жұтамыз. Адам көзі жетпей білмейді ғой. Шынында да, жұмыртқаны шикілей жұтқалы інімнің тәбеті ашылды. Жалпы, бөдене құсының адам денсау­лығына пайдасы зор. Мәселен, тауықтың жұмыртқасын шикілей жұтқанда адам лоқсып, өзін біртүрлі сезінеді ғой. Ал салмағы бар-жоғы 10-12 грамм болатын кіп-кішкентай теңбіл шұбар жұмыртқа өте жұмсақ, дәмі сезілмей де қалады. Ал тауықтың мәйегімен салыстырғанда, онда А және В дәрумендері 5 есе көп болады. Оның құрамындағы пайдалы элементтер ағзаның радионуклидтерін шығаратын, қуықасты безін емдейтін, жүрек, бауыр, бүйрек, асқазан, ұйқы безін қалпына кел­тіретін қасиетке ие. Егде жастағы адам­дарға да өте пайдалы. Өйткені онда хо­лестерин мөлшері аз. Қант диабетіне, аллергияға, созылмалы шаршау син­дромына қарсы ем ретінде ұсынылады. Сондай-ақ бөдене жұмырт­қасы кальций, калий, мыс, темір, фосфор секілді көптеген аминқышқыл мен мине­ралға өте бай. Сол үшін де дәрігерлер нә­­рес­­телерге бөдене жұмыртқасын бе­руге ке­ңес береді. Бұл құстың дене темпе­ратурасы 42 градустан жоғары, сондықтан ол жұқпалы ауруларға төзімді болып келеді, соның ішінде, бөдене ешқашан сальмо­неллез ауруымен ауырмайды. Демек, оны шикілей жей беруге болады. Ба­лаға күніне 2-3 дана бөдене жұмырт­қасын берген абзал. Сондықтан келе­шекте балабақшалар мен мектептердің асхана рационына бөдене жұмыртқасы мен етін енгізу қажет деген ұсынысты айтып жүр­мін. Тіпті әрбір адам күнделікті тамаққа пайдалануды қолға алу керек. Әсіресе, асқазан жарасына да бірден-бір ем. Ресейде бөдене еті мен жұмыртқа­сы­мен емдейтін арнайы емдеу-сауықтыру орталығы бар», – дейді Жанболат.

Айта кету керек, инкубациялау мер­зімі 16 күнге тең үй бөденесінің салмағы 125-150 граммға дейін барады. Бұл құс жұмыртқаны 45 күнде басады. Бір бөдене жылына 250-300 жұмыртқа туады. Жал­пы, бөдене жұмыртқасын өндіру тауыққа қарағанда арзан әрі құс шаруа­шы­лығының ең тиімдісі саналады.

Міне, шаруашылықтың қыр-сырын толық меңгерген жас кәсіпкер толық табыс көзіне енді шығамыз деп отыр. Жеке кәсіпкерлігін Best Green House (Үз­дік жасыл үй) деп атаған оның болашаққа жоспары

көп.

Е.МҰРАТБЕК,

Шымкент қаласы