Бекшин бетперде мәселесінде «наконец-то» бір шешім қабылдады
Бекшин бетперде мәселесінде «наконец-то» бір шешім қабылдады
Фото: Интернеттен алынды
313
оқылды
Алматылықтар енді көшеде бетпердесіз жүре алады. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин «наконец-то» бір шешімге келді. Тіпті тиісті қаулы шығарып, рұқсат етті. Әйтсе де «Жоқ, мен көшеде бетпердемен жүрем» дейтіндер болса, олар жауапкершілікке тартылмайды. Ал жабық жерлерде бетпердемен жүру шарт. Бұған құлақ аспағандар жауапқа тартылады. Дәріхана, дүкен, кеңсе, медицина ұйымдары және т.б., сондай-ақ, көлікте; вирус жұқтырмаған адам COVID-19-ға шалдығуы мүмкін адамға көмектескен кезде; коронавирус инфекциясына ұқсас ауру белгілері (дене қызуының көтерілуі, жөтел, түшкіру) пайда болған жағдайда бетперде тағу керек. 22 сәуірде өткен брифингте Жандарбек Бекшин қала тұрғындарынан рұқсат етілген қоғамдық орындарға бетперде мен қолғап киіп баруды, алайда далада бетперде қолданбауды сұраған болатын. Оның айтуынша, далада бетпердені қолдану тапшы тауарды артық жұмсауға әкеледі, сонымен қатар ашық аспан астында медициналық маска пайдасыз. «Біз далада жүргенде, керісінше, бетпердені ылғалдандырып, жарамсыз етеміз, ал бұл онда вирустың дамуына қолайлы орта қалыптастырады» деді бас медициналық дәрігер. Алайда бір тәулік өткен соң ол өз сөзінен бас тартып, жұрт дұрыс түсінбегенін жеткізді. «Бұқаралық ақпарат құралдары менің бетперде киюдің қажеті жоқ деген сөзімді жариялады. Мені дұрыс түсінбеген деп ойлаймын. Масканы кию керек және бұл талапты сақтау керек. Бүкіл әлемде солай. Бұл негізі профилактика» деп хабарлады бас саннитар Facebook-тегі парақшасында. ...Енді Жандарбек Бекшин алматылықтарға көшеде маскасыз жүруге болатынын құжат жүзінде бекітіп отыр.