Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Jastar коуоркинг орталығы ашылды. Бұл жерде оқырмандар бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі іс-шара ұйымдастыра алады. Сүйікті кітабыңызды құшақтап өзіңізге ыңғайлы бұрышқа жайғасыңыз. Болмаса, кітапхана қорындағы кітапқа тапсырыс беріп, жайлы атмосферада кофе ішуіңізге болады. Мұндай орталықтар еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатыр.
Кітапханаға кірген бойда бесінші қабатқа бет алыңыз. Заманауи стильде жабдықталған жаңа коуоркинг орталыққа бас сұқпай кетпеңіз. Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Өйткені бұл – нағыз демалыс аймағы. Орталық 7 аумаққа бөлінген. Біріншісі – кітап оқитын жер. Яғни, кітабыңызды әкеліп жайғассаңыз да, кітапханадан тапсырыс берсеңіз де болады. Екінші аумақ – достармен кездесетін орын. Шығармашылық кездесулер, жастардың жаңа жобаларының тұсаукесерін, басқа да түрлі келіссөздер жүргізуге болады.
Егер ұйымдастыратын іс-шараның ауқымы кең болса, оған да мүмкіндік жасалған. Ол үшін үшінші аумаққа өтесіз. Мұнда семинар-тренингтер, онлайн-трансляциялар мен вебинарлар ұйымдастыруға болады. Сонымен бірге, кино көрсетілімдері, музыкалық кештер өткізуге де ыңғайлы. Бір айта кететіні, зулап тұрған интернет пен барлық қажет техника мен жиһаз бар. Кітапхана қызметін қолдануға болатыны жөнінде жоғарыда айтқан едік. Әр оқырманға қордағы кітаптармен қатар, кітапхана жазылған отандық және шетелдік мәліметтер базасы қолжетімді. Conversation room деп аталатын аумақта іскерлік кездесулер не болмаса кеңес беру істерін атқаруға болады. Ол үшін қажет жабдықтың бәрі бар.
Көңіл мен көзді қуантқаны – relax tapchan. Ұлттық стильдегі бұл аумақта малдас құрып, жайғаса аласыз. Оюмен көмкерілген көрпе жаюлы тұр. Бір сөзбен айтқанда, әрі демалып, әрі кітап оқып, таным көкжиегін кеңейтемін деген адамға мүмкіндіктің бәрі жасалған. Сондай-ақ шай-кофе ішемін десеңіз, кафе-поинт ашық.
Қаланың қақ ортасынан орын тепкен орталықта жанға қажеттің бәрі бар. Керегі – кітап оқуға деген құлшыныс қана. Әдетте, үйге сыймай, тыныш бір жерде, бұрышқа тығылып сүйікті әдебиетіңізді парақтағыңыз келетін кез бола ма? Ендеше, мұндай мүмкіндік еліміздің көптеген кітапханаларында қолжетімді болып отыр. Қабырғаға кітап сөресіне ұқсайтын жапсырма қағаз желімделген. Сәл жақындасаңыз, кітаптың суреті мен атауы тұрғанын көресіз. Бұның бәрінде QR-код бар. Яғни, смартфоныңыздағы арнайы қосымшаның көмегімен сол кітаптарды оқи аласыз.
Орталықтың салтанатты тұсаукесер рәсімін Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер департаментінің директоры Әбіл Жоламанов пен Әбіш Кекілбаевтың немересі Абыл Кекілбаев өткізді. «Кітап жанашырлары үшін бұл – қуанышты жаңалық. Қазақта мұндайда «орта толсын» деп жатады. Әу баста коуоркинг-орталық ашу туралы ұсынысты кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева айтқан кезде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бірауыз сөзге келместен қолдаған еді. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Іргелі шаңырақтан орын тепкен орталықта әлі талай іс-шаралар өтетініне сенімдіміз. Жастар жылы аясындағы жағымды жаңалық болды», – деді құттықтау сөзінде Әбіл Жоламанов.
Статистика комитетінің мына дерегі көзімізге түсті. 2014 жылы елімізде 4 293 194 жас тіркелген екен. Жыл өткен сайын бұл шама азайып келеді. Мысалы 2015 жылы – 4 206 037, 2016 жылы – 4 099 272, 2017 жылы – 3 995 896 және 2018 жылы 3 900 834 жас болыпты. Әлбетте, кейбірі жастар санатынан шығып, келесі санатқа ауысып жатады. Енді бірінен көз жазып қалдық. Десек те, демографиялық ахуалдың жақсарғанын жақсы көреміз. Соның ішінде білікті, білімді, белсенді жастардың көбейгенін қалаймыз.
Аймақтар бойынша статистикалық деректерді де шолып шықтық. Республика бойынша жастары көп облыс – Түркістан. Мұнда 472 908 жас тұрады екен. Керісінше, Солтүстік Қазақстан облысында жастардың қарасы аз. Бар болғаны 104 074 жас тіркелген. Мегаполистерге келсек, Алматыда – 423 809, Нұр-Сұлтанда – 225 775 және Шымкентте 222 750 жас бар.
Айша ЕРСҰЛТАН