Түркістан облысы республикадағы ауыл шаруашылығының барлық түрі бойынша дамыған өңір саналады. Халқының басым бөлігі ауылда. Мал бағып, егін егеді. Сондықтан өңір тұрғындары бұл саладағы мемлекет тарапынан болатын қолдаудың кез келген түріне елеңдеп отырады.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» Түркістан филиалы директорының орынбасары Талғат Жанисеновтің айтуынша, бүгінгі таңда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шетелден етті бағыттағы асылтұқымды және шаруа ірі қара мал әкелетіндер үшін мүмкіндік мол. Қаржының басым бөлігі де кәсіптің осы түрін таңдағандарға беріледі.
– Жалпы, «Сыбаға» бағдарламасымен ірі қарадан бөлек, қой бағамын деушілерге де жеңілдетілген несие бар. Бірақ айтып өткенімдей етті бағыттағы ірі қара малға 15 жылға дейінгі уақытқа 12 миллионнан 70 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бастапқыда сыйақы мөлшерлемесі 14 пайызбен алынатын несиенің мал әкелінген соң 10 пайызы мемлекет есебінен қайтарылады. Сонда шаруаға қалатыны бар-жоғы 4 пайыз! Сондай-ақ алғашқы 2 жылға үзіліс бар. Демек, мал алған соң одан табыс түскенге дейін ешқандай төлем жасалмайды. Кейінгі төлемдер де жылына 2 мәрте ғана жүргізіледі. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан асылтұқымды әрбір ірі қара басқа берілетін субсидия тағы бар. Айтқандай, алынған қаржының 5 миллионға дейінгісін жем-шөп алуға жұмсауға болады. Несие алу үшін кепілге жылжымайтын мүлік қойылады. Жылжымайтын мүлік бағасы алған несие құнының 25 пайызын өтесе болғаны. Қалған 75 пайызы алынған малдың есебіне кіреді, – дейді Талғат Сүгірәліұлы.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бұл бағдарламаны өткен жылдан бастап қолға алған. Былтыр облысқа берілген жоспар 925-ті құрауы тиіс болатын. Дегенмен былтырғы және жыл басынан бергі есеп бойынша бұл бағдарламамен алынған малдың саны бүгінде 1 059-ға жетіп отыр. Биылғы жоспар – 3 850!
Талғат Сүгірәліұлы республика тарапынан бекітілген жоспардың бірнеше есеге көтеріліп кеткенін атап отыр. Әрине, облыс – мал бағуға қолайлы аймақ. Дегенмен өңір шаруалары тиімді кәсіп әрі жеңіл несие талаптарына әлі үйренісе алмай жатқан сыңайлы. Сондықтан оларға жеңіл несие талаптары туралы толық ақпаратты осында келіп, мамандардан алуына болады.
Қор мамандары етті бағытта ірі қара мал өсіремін деушілерге құшағын айқара ашып отыр. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең негізгі талап – мал міндетті түрде шетелден әкелінуі тиіс. Онда да аймаққа жерсінетін, ветеринарлық талаптарға сай жерден келуі керек. Сонымен қатар екі жақтан да карантиннен өтеді. Несие алғаннан кейін шаруа 90 күн ішінде келісімшартта көрсетілген жолмен малды әкелуі қажет. Қор мамандарының айтуынша, өткен жылы Чехия, Ресей мемлекеттерінен, әсіресе, Алтай өңірінен асылтұқымды мал көбірек әкелінген. Міне, бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» осылайша, негізінен ірі қара малдың санын көбейтуге басымдық беріп отыр. Қордың жеке қаражатынан етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасына – 2,695 млрд теңге ірі қара малға, 525 миллион теңге қой шаруашылығына қарастырылған.
«Сондай-ақ сүт-тауар фермаларды дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша 85 миллион теңгені қаржыландыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта қордың филиалында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдап қаржыландыруды бастадық. Облыстың жергілікті атқарушы органдарымен шағын несие беруді іске асыру туралы келісім бекітілді. Ал «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, түйе мен құс, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пунктеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрін дамытуға бағытталған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша берілетін несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Несие өніміне байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік кезеңінің ұзақтығы өзгереді», – деді Талғат Жанисенов.
Биыл қор тарапынан Түркістан облысының жұмыссыз ауыл тұрғындарына «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері бойынша 3,049 млрд теңге заем беруді жоспарлап отыр екен. Нәтижелі жұмыспен қамту қаражатын қайта инвестициялауға 200 369 миллион теңге бөлінген. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін ауыл тұрғындары аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, сертификат алған соң, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтеді. Халықты жұмыспен қамту орталығынан несие алу үшін жолдама алып, бастапқы құжаттар топтамасын және бизнес жоспарын Қордың филиалына жүгінуі қажет немесе kazagro.kz порталының көмегімен онлайн өтінім беруі керек. Бастапқы құжаттарды қараудың бірінші кезеңінен өткеннен кейін шешім қабылдау үшін қор қызметкерлері қалған қажетті құжаттарды сұратады. Толық құжаттар пакетін ұсынғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде несие комитеті қаржыландыру немесе бас тарту туралы шешім шығарады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдауды шаруалар неге тиімді пайдаланбасқа!?
Е.МҰРАТБЕК, Шымкент қаласы