«Әміре» былтыр бірқатар халықаралық сыйлықтарды иеленген
Қазақстандық «Әміре» көркем фильмі екі бірдей халықаралық кинофестивальге қатысты. Оның бірі – 8–26 мамыр аралығында өткен Washington Jewish Film Festival болса, екіншісі 27-30 мамыр аралығында өткен Carmarthen Bay Film Festival шарасы. Алғашқысы АҚШ-та, ал екінші фестиваль Ұлыбританияда өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы мен DAR Play компаниясы бірлесіп түсірген бұл картинаға Джефф Веспа режиссерлік етіп, басты рөлді Санжар Мәдиев сомдаған. Мұстафа Шоқай рөлін Еркебұлан Дайыров алып шықса, басты рөлдегі әйел образын австралиялық актриса Эбби Корниш ойнады.
– Біздің фильмнің әлемдік фестивальдарға, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияға аяқ басқаны қатты қуантады. Адамдардың оны көруі, көргеннен кейін баға беруі өз алдына жеке тарих іспетті. Әрбір көрсетілімнен кейін адамдар ерекше әсер алып жатты. Бұл фильмге арқау болған тарихтың жан тебірентерлік екенін айғақтайды, – дейді режиссер Джефф Веспа.
«Әміре» былтыр бірқатар халықаралық сыйлықтарды иеленген. Оның ішінде Hollywood Film фестиваліндегі Silver Screen Prize и Global Grand Jury Prize сыйлықтары бар. Аз уақыт бұрын ғана Richmond International Film & Music фестивалінде «Үздік әңгімелеуші фильм» және «Үздік актер» аталымында топ жарған.