Жауласу ешқашан жақсылық әкелмеген, ырыс-береке мен әл-ауқат тек ынтымақтасқанда артады. Елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысы өтті. Бұл саммит қос бірдей атаулы датаға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция идеясын жария еткеніне 25 жыл толуына және ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына арналды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы мерейтойлық құрылтай аясында алдымен ЖЕЭК-тің шағын құрамдағы отырысы өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.
Қ.Тоқаев өз сөзінде Елбасының ықпалдастықтағы рөліне және еуразиялық идеясының мән-маңызына тоқталды.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси және стратегиялық көрегендігінің арқасында еуразиялық интеграция идеясы іске асты, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Н.Назарбаевқа «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы» атағын беру туралы ұсынысы үшін Қазақстан атынан Ресей президенті В.Путинге және осы бастамаға бірауыздан қолдау білдірген кеңеске мүше мемлекеттердің басшыларына алғысын білдірді. Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының 2018 жылғы ЕАЭО-ға төрағалығына жоғары баға бере келе, енді Армения төрағалығы да халықаралық ұйымның нығая түсуіне ықпал етеріне сенім білдірді.
Отырыста ел басшылары ЕАЭО-ның өзекті мәселелері мен даму келешегіне қатысты пікір алмасты және 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарларын талқылады.
Осыдан кейін ЖЕЭК отырысы кеңейтілген құрамда жалғасын тапты. Бұл жиынға Елбасы Н.Назарбаев, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев, Беларусь басшысы А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының басшысы С.Жээнбеков, Ресей басшысы В.Путин, Армения үкіметінің басшысы Н.Пашинян мен ЕЭК жетекшісі Т.Саркисян сыртында, Молдова президенті И.Додон, Тәжікстан президенті Э.Рахмон, ТМД атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы С.Лебедев қатысты.
Отырыста сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев өзіне «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы» атағын беру жөніндегі бастамасы үшін Ресей президентіне және осы ұсынысты қолдағаны үшін ЖЕЭК-тің барлық мүшесіне ризашылық білдірді.
Тұңғыш Президент Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасу тарихына шолу жасап, интеграциялық бірлестіктің дамуының басты нәтижелелерін тілге тиек етті. Елбасы бұл одақ Жер шарының 184 миллион тұрғыны бар орасан зор бөлігінің өмірлік маңызды сауда-экономикалық бірлестігі қызметін атқаратынын атап өтті.
– Біз бес мемлекеттің күш-жігерін жұмылдырып, бірегей экономикалық одақ құрдық. Елдеріміздің бизнес қауымдастықтары ЕАЭО мүмкіндіктерін пайдалана отырып, белсенді түрде қоян-қолтық жұмыс жасауда. Тек Қазақстанда ғана одақ елдерімен бірлесе құрылған кәсіпорындардың саны 11 мыңға жетті, – деді Н.Назарбаев.
ЖЕЭК құрметті Төрағасы әлем елдерінің 40-қа жуығы одақтың жұмысына қызығушылық танытқанын айтты. Сондай-ақ ол ЕАЭО мемлекеттерінің тең әріптестігі мен бір-бірінің нарығына еркін кіруін қамтамасыз етуде бірқатар реттелмеген мәселе барлығын нықтады.
– Елдеріміздің ортақ ғылыми-өндірістік әлеуетін оңтайлы іске асыруға септесе алатын өнеркәсіптік кооперация әзірге интеграцияның өзегіне айналмады. Алғашқы бес жылдықтағы біршама жылдам даму сатысынан кейін одақ өз эволюциясының анағұрлым күрделі әрі баяу кезеңіне қадам басты, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Әлемде қалыптасқан жағдайға және өңірлік үрдістерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиядағы интеграциялық үдерісті одан ары дамытуға қатысты жаңа көзқарасын ортаға салды.
– ЕАЭО-ның стратегиялық аясын кеңейту және интеграция идеясын күшейту қажет. Еуразиялық одақ, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АСЕАН арасында жан-жақты экономикалық ынтымақтастықты жолға қоюымыз керек. Еуразиялық экономикалық кеңістіктің мәнісі тұйықталуда емес, керісінше, оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық етуде, – деді Елбасы.
Бұған қоса ол бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру жұмыстарын жеделдету қажетін айтты.
– Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы инфрақұрылым мен логистика бағытындағы ЕАЭО әлеуетінің ажырамас жалғасы ретінде қабылдануға тиіс. Бұл бастаманы іске асыру орасан зор экономикалық тиімділік әкеледі, бірлестіктің ішкі және сыртқы мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізеді, – деді Тұңғыш Президент.
Сонымен қатар Н.Назарбаев мүше мемлекеттердің ішкі өндірісін дамытуға бағытталған «ақылды интеграцияны» жүзеге асырудың маңызына назар аудартты.
– Сауда соғысы жағдайында нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия керек. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың бір-біріне санкция енгізуіне байланысты өндіріс тізбегінде белгілі бір үзіктер пайда болады. Осындай босаған нарықты неге тауарымызбен толтырмасқа? Біз бұл жағдайды ұтымды пайдалана аламыз. Осы және басқа да бастамаларды ескеріп, 2025 жылға дейінгі арнайы жол картасын әзірлеуді ұсынамын, – деді Елбасы.
Сөз соңында еліміздің Тұңғыш Президенті халықтарымыздың игілігі үшін интеграциялық бірлестікті ары қарай жүйелі дамытудың маңызын атап өтті.
– Экономикалық мақсаттарға беріктік, міндеттерді тек экономикалық мүдделер тұрғысынан жүзеге асыруға деген ниет – институттарымыздың қызметіндегі негізгі басымдық болып қалуға тиіс. Баршаңызға толағай табыс тілеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дерегінше, былтыр ЕАЭО мүше мемлекеттердің ЖІӨ-сінің өсімі 2,5% болды. Сыртқы сауда көлемі – 19 пайызға, экспорт 27 пайызға артты. Одақ ішіндегі өзара сауда-саттық 9 пайызға ұлғайды. Мемлекет басшысы қол жеткен өсім қарқынын қолдау үшін өнеркәсіпте, энергетикада, халықаралық қызметте және басқа салаларда орта мерзімді даму перспективасының негізгі бағыттары айқындалғанын мәлім етті.
– ЕАЭО-ның Кедендік кодексі қабылданды. Қызмет көрсету мен жұмыс күшінің ортақ нарығы құрылуда. Дүниежүзінің 40-тан астам елі ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты өркендетуге тілек білдірді. Біздің бірлескен жұмысымыз әлемнің көптеген елінің қызығушылығын туғызатынына және таяу келешекте ірі әрі экономикалық қуатты Еуразияны құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді ол.
Қасым-Жомарт Кемелұлы интеграциялық бірлестіктің алдында тұрған ең маңызды міндеттерді белгіледі. Оның пайымдауынша, ЕАЭО-ның инфрақұрылымдық мегажобаларын және цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалану қажет. Сонымен қатар ол алда ортақ нарықты дамытып, оны үшінші елдердің демпингінен, контрафактілік тауарлардан және адал емес бәсекеден қорғау, тиімді кедендік әкімшілендіруді қамтамасыз ету жұмыстары күтіп тұрғанын айтты.
– Н.Назарбаев жүрдек теміржол және «Еуразия» су арнасын салуды ұсынды. Бұл жобалар еуразиялық интеграцияның символына айналып, экономикаларымыздың дамуына тың серпін беріп, «Үлкен Еуразияны» берік байланыстыра алар еді. Нәтижесінде, мемлекеттеріміз бәсекеге қабілеттірек әрі «Шығыс-Батыс-Шығыс» транзиті үшін тартымдырақ болады, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы одақтастар тауарлардың жаңа нарыққа қол жеткізуін қамтамасыз етуге, саудадағы және транзиттегі кедергілерді жоюға бірлесе күш салуы керегіне екпін түсірді.
Астанамыздағы ЖЕЭК саммитінің қорытындысы бойынша 18 құжатқа қол қойылды. Олардың арасында «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы туралы» Жоғары кеңестің шешімі; ЕАЭО мен ҚХР шекаралары арқылы өтетін тауарлар мен халықаралық жүк тасымалы көліктері жөнінде ақпарат алмасу туралы келісім; одақ пен Сербия арасындағы еркін сауда аймағы жөніндегі келісім; одақтас мемлекеттердің «2019-2020 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары туралы Жоғары кеңес шешімдері және басқалары бар.
Саммит соңында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері одақтың 5 жылдығына орай бірлескен мәлімдеме қабылдады.