Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар оңалту және банкроттық рәсімдерін жетiлдiруге қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат дәрменсіз бизнес нысандарының осы рәсімдерді қолдануы шарттарын оңайлатуға бағытталған.
«Кейбiр заңнамалық актiлерге оңалту және банкроттық рәсімдерін жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бойынша енді кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттіктерін одан әлдеқайда икемді «кредиторлардың комитетіне» беру арқылы банкроттық рәсімін өткізу мерзімдері қысқартылады. Бұдан бөлек, ұзақ уақыт бойы жұмыс жасамай тұрған борышкерлерді банкроттық рәсімдерін қозғаусыз-ақ, жеңілдетілген түрде жою ұсынылады.
Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин жаңа заң елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға тиісін атап өтті. Сонымен бірге, талқылау барысында депутаттар бірқатар мәселелер көтерді. Оларды жобаны әзірлеушілер жұмыс тобымен бірлесіп, екінші оқылымға дейін пысықтайтын болады.
Атап айтқанда, бұл жерде заң жобасына «Жалған банкроттық» деген баптың орнына «Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен кредиторларға мүліктік залал келтіру» деп аталатын жаңа бап енгізу жайында сөз болып отыр. Ал Қылмыстық кодекстің табысты кәсіпорынды қасақана банкрот етуге және төлем қабілетсіздігіне дейін жеткізуге қатысты баптарын тек қана қаржылық ұйымдар үшін сақтау қарастырылады. Депутаттардың қауіптенуінше, ұсынылған осы жаңашылдықтар салдарынан кез келген ниеті арам шенеунік заңды тұлға, компания акционерлерінің немесе қатысушыларының әрқайсысын кредиторлар алдындағы қарызы бойынша субсидиарлық жауапкершілікке тарта алатын болады.
Нұрлан Нығматулиннің байламынша, бұл түзету Қазақстандағы бизнес жүргізу ұстындарына қатер төндіреді. Қолданыстағы заңға сәйкес, ЖШС немесе АҚ қатысушылары тек жарғылық қорға өзінің төл үлесі шегінде ғана кредиторлар алдында жауапкершілік арқалайды. Палата басшысының айтуынша, дәл осындай құқықтық конструкция кәсіпкерлерге бос ақшаларын бизнесті дамытуға инвестициялауға мүмкіндік береді.
– Сіздер енгізіп отырған жаңа норма қабылданған жағдайда адамдар, тіпті, бизнеспен айналысудан қорқатын болады. Себебі, қатысушы ретінде жарғылық капиталға қосқанынан ғана емес, сондай-ақ өзінің бүкіл мүлкінен айырылу қаупі барлығын әу бастан біледі, – деді Нұрлан Зайроллаұлы, заң жобасын қорғаған қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұловқа қайрылып.
Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ҰКП өкілдерінің пікірін тыңдаған Мәжіліс төрағасы қолданыстағы норманы қалдыруды ұсынды. Тиісінше, өз кәсіпорнының қарыздары бойынша құрылтайшының материалдық жауапкершілігі тек сот «кәсіпорынның саналы түрде банкроттыққа жеткізілгенін» және «кредиторлар құқықтарын бұзғанын» анықтаған жағдайда ғана туады. Бұл норма екінші оқылымға дейін пысықталады.
Оңалту және банкроттық ісі бойынша өндіріс кезінде уақытша әкімшіні тағайындау тәртібіне қатысты да пікірталас жүрді. Қазақстанда бұл соттың функциясына жатады. Ал көптеген елдерде осы рәсімді кредиторлар жиналысы немесе борышкердің өзі жүзеге асыра береді.
– Өздерінің барлық мәселелерін шешудің ең оңтайлы жолдарын табуға қабілетті болатын үздік кандидатураны анықтауға кредиторлар тікелей мүдделі. Ендеше кредиторлар жиналысы ұсынатын осындай әкімшіні тағайындау функциясын уәкілетті мемлекеттік органға берген әлдеқайда дұрыс болатын шығар, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Жиында депутаттар сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Жалпы отырыс соңында қалаулылар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.