29 мамыр күні «Хабар» арнасынан тікелей эфирде Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат көрсетілді. Төрт кандидат пен үш сенімді өкілдің қатысуымен өткен теледебат 80 минутқа жалғасты. Үш раундтан тұратын пікірсайыс кезінде кандидаттар сайлауалды бағдарламасын таныстырып, бір-біріне сұрақ қойды және қазақстандықтарға сөз арнады.
Теледебатқа кандидаттардан Сәдібек Түгел, Амангелді Таспихов, Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Мәулен Әшімбаев, Дания Еспаеваның орнына Азат Перуашев пікірсайысқа түсіп, «Ауыл» партиясының жетекшісі Төлеутай Рахымбековтің бағдарламасын оның сенімді өкілі Әли Бектаев таныстырды. Мәулен Әшімбаев өз кандидаты әлеуметтік саясатқа ерекше басымдық беретінін атап өтті. Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары мемлекет тарапынан тиімді әрі қолжетімді көмекпен толық қамтылады.
Алғашқы раунд «Қазақстан-ның экономикалық даму басымдықтары» деп аталды. Оның өзі 2 турға бөлінді. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырса, екінші турда кандидаттар «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайысқа түсті. Бұл кезеңде олар оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, өздері де екі сұраққа жауап беріп, бақ сынады.
Екінші раундтың тақырыбы –«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, екінші турда жүргізушілердің сұрағына жауап беруі тиіс.
Үшінші раундтың тақырыбы –«Сайлаушыларға арнау». Бұл қорытынды раундта қатысушылар экран арқылы сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.
Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, теледебат бірқатар өзіндік ерекшелігімен есте қалған. Ол тікелей эфирде мемлекеттің тілдің басым болғанына назар аударып, бұл қазақтілді аудиторияның саны мен белсенділігі артқанын көрсетеді деп есептейді.
– Маған Мәулен Әшімбаевтың сөйлеу шеберлігі қатты ұнады. Әли Бектаевтың сөзі нанымды көрінді. Бұл додада көңілімнен шықпаған тұстарға келсек, коммунистер мен кәсіподақ атынан сөйлеген кандидаттар сөзінен бірізділік таппадым. Уақыттың шектеулі болғаны да әсер еткен шығар. Сондықтан мұндай дебаттар жиі ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын, – деді ол.
Саясаттанушы Ерлан Саиров теледебаттың саяси мәдениет қалыптастырудағы рөліне тоқталып, кандидаттарға берілген 80 минут ойын шегелеп жеткізуге әбден жеткілікті уақыт деп есептейтінін айтты.
– Үміткерлер арасында өрбитін бұл пікірсайыс еліміздегі саяси мәдениетті арттыруға мүмкіндік беріп, кандидаттардың электоратқа тек сайлауалды бағдарламасын емес, ішкі және сыртқы саясаттағы түрлі аспектілерді де түсіндіруіне жол ашады. Сондықтан бұл дебатты Қазақстандағы саяси үдерістерді заңдастырудағы үлкен қадам деп қарастыруға болады. Ал электораттың сеніміне ие болу үшін кандидат бағдарламасын жақсы ұсынып, сөйлеу мәнеріне мән беруі керек деп ойлаймын. Қатысушыларға берілген 80 минут аз уақыт емес. Осы лимит жеткілікті болуға тиіс. Бұл науқан елдегі саяси жүйенің жетілуіне жол ашуы ықтимал. Саяси аренадағы жаңа есімдер танылып, басқару үлгісі жаңғыруы мүмкін. Әрбір сайлауды қоғамның саяси дамуының мектебі деп қарастырған абзал. Тәуелсіздік жылдары мемлекет пен қоғам арасында жақсы байланыстар түзілді. Қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, бізге мықты билік керегі сөзсіз. Билікке келген адамның сыртқы саясатта да, қоғам алдында да абыройы жоғары болғаны ләзім, – деді ол.
«Еуразиялық мониторинг» орталығы басшысының орынбасары Жанар Төлендинова теледебат сайлау науқанының көрігін қыздырып, пікір еркіндігіне жол ашты деген ойға қосылады.
– Теледебат өткізу сайлау заңнамасында көрсетілмеген. Соған қарамастан, теледебаттың белгіленген мерзімде болуы саяси мәдениеттің артқанын, демократиялық принциптердің сақталғанын көрсетті. Кей кандидаттарға уақыт жетпегендей көрінді. Бұл олардың дайындығы мен саяси тәжірибесінің аздығынан болса керек. Дебат үстінде кандидаттар арасында үлкен бір қайшылықты қақтығыс көрінген жоқ. Мұны елдегі саяси тұлғалар мен партиялар арасында текетірестер жоқтығымен, әдетте мәселенің келісімге келу қағидатымен шешілуімен байланыстырамын, – деді ол.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының орынбасары Мадина Нұрғалиеваның айтуынша, дебат елдегі саяси дамудың көрсеткіші бола алады.
– Менің ойымша, дебат өткізу тәжірибесі Қазақстанда енді ғана жанданып келеді. Бұл кандидаттарға тілді меңгеру деңгейін, жеке қасиеттерін, шешім қабылдау ерекшеліктерін ортаға салып, электорат қолдауын жинауға жол ашатын алаң. Дебаттың республикалық арнадан көрсетілуі саяси маңызы жоғары шараны елдің барлық өңіріндегі халық тегіс тамашалауына мүмкіндік берді. Интернет технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, теледидар ақпарат таратудың негізгі жолдарының бірі болып отыр. Кандидаттар дебат арқылы халық арасында танымалдылығын арттырады. Бұл өз кезегінде сайлауға келушілердің қатарын көбейтуге әсер етуі мүмкін.
Теледебаттың мазмұнына келсек, кандидаттардың эмоционалды толғанысы басым болған сияқты. Бірінші кезеңде кандидаттар жағдайға бейімделіп, екінші кезеңге өздеріне сенімі артқаны байқалды. Белгіленген талаптар шеңберінде аздаған провокациялық элементі бар сұрақтар да қойылды. Әлеуметтік-экономикалық мәселе барлық кандидаттың назарында болды. Өйткені қазір бұл тақырып ел дамуының негізгі бағыттарының бірі, мұны кандидаттар да түсініп отыр, – деді ол.
Кәусар АХМЕТ