Ұлттық тұтастық ұғымы
Ұлттық тұтастық ұғымы
571
оқылды

Биыл елімізде Рамазан айының соңғы жұмасы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келді. Еліміздегі барлық мешіттерде жұма намазына жиналған жамағатқа уағызбен бірге зобалаң жылдар құрбандығы туралы да айтылды. Мұның бәрі оңды нәрсе.

Біз қасірет пен қайғыны ұлт кәде­сіне жарата білмейміз.

Соның салдарынан сөз төркінін де түсінбейтін халге жеттік. Мәселен, ке­ше tengrinews.kz бір хаба­рына «Алматыда 1931-1933 жылғы ашар­шы­лық құр­бан­дары ұлықталды» деп тақырып қойды. «Ұлықтау» деген не? Бұл мүлдем басқа нәрсе ғой. Ұмытпау мен ұлықтауды айыра алмаған соң не дейсіз? «Ашаршылық құрбандарын еске алды» десе де болар еді...

Жалпы, біз «тағзым ету, «еске алу» деп бұл күннің маңызын мүлдем тө­мен­детіп те жібергендейміз. Бізге қай­ғыру, аза тұту сезімі жетіспейді. 4 мил­лионға жуық қазақтың қырыл­ға­ны төрт шыбынның өлгеніндей ғана әсермен жүріп жатқан адам көп.

Тарихшы Талас Омарбеков «Егер біз ашар­шылықтан сабақ алсақ, Ұлттық қасірет күнін белгілеген болар едік. Қазақтың жартысына жуығы қырылып кетті. Өзі 4,8 млн қазақтың 2,3 миллионы аштан қырылды. Бір мил­лионнан астам қазақ шетелге шашырап кетті. Сұмдық қой бұл! Үш-ақ жылдың ішінде мұндай қасірет шеккен ұлт жер бетінде өте сирек, тек үндістер болмаса. Қазақ жер бетінен құрып кетуі мүмкін еді. Осы қырғын бол­мағанда, қазақ қазір 40 мил­лион­нан асып түсетін еді. Демографтар солай дейді. Қазір 10 миллионбыз. Сапалық жағын айтпай-ақ қояйық. Жартымыз орыстанғанбыз. Бұл қа­сіреттен сабақ алған болсақ, қасірет күнін белгілеп, жалауымызды түсіріп, құран бағыштатып, содан кейін әр үйде мұсылманша қаралы жағдай орнатып, дәм бергізер едік. Бүкіл ел болып үнсіздік күнін жариялап, ел бас­шылары бастап мешітте бас иіп, қайғырар едік қой. Қазаққа бір күн жы­лауға болмай ма? Әлде те­леар­на­лардағыдай бірыңғай секеңдеп, бір-бірімізді әжуалап, елді күл­діру үшін кекесіп-мұқасып, той тойлап жүре береміз бе? Ең болмаса, жыл он екі ай­да бір күн қайғырсақ, жастар ой­ланар еді. «Е-е-е басымыздан осын­дай қилы қауіп өткен екен ғой» деп ой түйер еді. Ал еске алу дегенді мен түсінбеймін! Қайғыру ма, жоқ әлде мамандардан осылай сұхбат алып, тарихтың қалай өткенін баяндап қою ғана ма? Жалпы, сіз елімізде 31 ма­мыр­да қайғырып жатқан адам көр­діңіз бе? Тіпті қуғын құрбандарына ар­налған есі дұрыс ескерткіш те жет­кіліксіз бізде. Барларының өзі жұ­пы­ны. Басын кесіп, қолын жұлып, тонап кеткенін естіп жатамыз. Бұл нені көрсетеді? Яғни, бұл күннің маңызын түсі­ніп жатқан халық жоқ деген сөз. Ме­нің ойымша, өзінің қасіретіне шы­нымен қайғырып, табысына шын жүректен қуана білген ұлт қана ел бола алады. Ал бізде табысымызға қуа­ну бар да, қасіретімізге қайғыру жоқ. Қазақтың жүрегіне тас боп бай­ланған қайғы неге айтылмауы ке­рек? Мемлекет ұйытқы болып, қазақты қай­ғыруға да үйрету керек. Қазақ ха­лық ретінде қайғыра алуы керек, – деп ашынып айтыпты.

Қазақтың ұлттық тұтастығы қуа­ныш пен қайғыда білініп тұруы қажет. Осы ұлттық тұтастық ұғымы де­генді орнықтыруға деген ұмтылыс неге жоқ? «Қайғының өзін қажетіңе жа­рат» деген нақыл сөзді басшылыққа ал­ған ақылды жұрт қалай топтасып отыр? Біз бұл күні, ең болмаса, бір ми­нут үнсіздік жариялай алмай отыр­мыз? Неге? Осыны ойлансақ қай­теді?!.