Салық пен сүлік арасы
Салық пен сүлік арасы
511
оқылды

«Салық – өркениетті қоғамда өмір сүру мүмкіндігі үшін төлейтін төлеміміз» деген екен ХІХ ғасырда америкалық дәрігер, ақын әрі жазушы Оливер Уэнделл Холмс. Қазақстандықтардың ішінде өркениетті қоғамға қарсы шығары жоқ болар. Бірақ халыққа түсер салық жүктемесі ауырлау екені де құпия емес.

Адал жұмыс жасайтын азамат алым-салықтан аяқ алып жүре алмайды. Жұ­мы­сында оның жалақысынан 10 пайыздай жеке табыс салығы ұсталады, тағы он па­йызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рына аударылады. 3,5%-ы көлемінде әлеу­меттік сақтандыруға жарна алынады. Ал­дағы жылдары бұларға міндетті меди­циналық сақтандыру жарнасы қосылмақ. Осының барлығы жинала келе, еңбекақы көлемінің төрттен бірінен артығын «жалмайды».

Үйінде ол жер салығын, мүлік салығын төлейді. «Темір тұлпары» болса, көлік салығына шығындалуы қажет. Тіпті дүкенге барса, сатып алатын тауарының құнына 18 пайыздық қосылған құн салығы (ҚҚС) кіреді.

Әрине, салық төлемеуге тағы болм­ай­ды. Өйткені бұл – мемлекеттілікке төнер басты бір қатер. Дүниежүзі тарихында халқы салық төлемей, қазынасы бос қалған қаншама патшалық төл армиясын ұстап тұра алмай, өзгеге жем болған. Мә­селен, Осман империясының ұлы билеу­шісі, жауларының өздері «Ғажайып» (Великолепный) деп атаған Сүлеймен сұлтан 1526 жылдың жазында Батыс ел­дерін жаулауға жорыққа аттанғанда, оның жолындағы орта ғасырдағы ірі держава – Мажарстан корольдігі феодалдық алауыз­дық пен қырқыстардан, шаруалар көте­рі­лістерінен, ұлттық келісім­нің жоқтығынан әлсіреген еді. Салдарынан, Венгрия коро­лінің еншісінде босап қалған қазына және шағын әскер ғана болған. Мұндай әлжуаз қарсыласты сұлтанның армиясы Мохач қаласының маңында ойсырата жеңіп, даңқты мажарларды тізе бүктірді.

Демек, салық салу – мемлекеттіліктің бөлінбес бөлшегі, басты бір рәмізі. Мем­лекет салықты негізінен, қоғамдық өмірді ұйымдастыру үшін жинайды. Халық са­лық­тардың төленуі арқасында емханалар мен ауруханаларда ем-дом алады, ба­ла­ларын мектептер мен университеттерде оқытады, қалалар мен өңірлер арасындағы асфальтты жолмен сапар шегеді. Барлы­ғымыз бюд­жеттен бөлінетін теңгелер елдің өмір сүру жағдайын жақсарта түседі деп сенеміз.

Әйткенмен, билік табысы дамыған елдердегіден аз қазақстандықтарға бұл салада атан түйенің жүгін артпауы шарт.

Осы орайда еліміздің Ұлттық экономи­ка министрлігі «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» жаңа заң тұжы­рымдамасында көрші өзбек ағайындарды үлгіге келтіреді. Мұнайды судай сапырып отырмаған, негізінен өңдеуші өнеркәсіпті ұстын еткен Өзбекстанда «бірың­ғай әлеуметтік төлем» бар көрінеді, бірақ оны жұмыс беруші төлейді.

– Өзбекстанда жергілікті және шетел­дік қызметкерлердің жалпы еңбекақы­сынан алынатын және жұмыс берушілер төлейтін бірыңғай әлеуметтік төлем бар. Әлеуметтік төлем ставкасы 25%-ды құрайды. Ал микрофирмалар, шағын кә­сіпорындар мен фермерлік шаруашы­лықтар үшін – 15%. Бұл ретте бірыңғай әлеуметтік төлемнің ай сайынғы сомасы фермаларда – әрбір жұ­мысшының 1 ең төменгі жалақысының (ЕТЖ) 50%-ынан аз болмауға, микрофирмалар және шағын кәсіпорындар­да – әрбір қызметкердің 1 ЕТЖ-сының 65%-ынан кем болмауға, өзге кәсіпо­рындар үшін – 1 ЕТЖ көлемінде болуға тиіс, – делінген құжатта.

Бұл қаражат мемлекеттік нысаналы қорлар мен ӨР кәсіподақтары федера­циясы кеңесі арасында мынадай мөлшерде бөліске салынады. Микрофирмалар мен шағын кәсіпорындар, сондай-ақ фер­мер­лік шаруашылықтар аударатын бі­рыңғай әлеуметтік төлемнің (БӘТ) 14,8%-ы – бюд­жеттен тыс «Зейнетақы қорына», 0,1%-ы – «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мемлекеттік қорына», тағы 0,1%-ы «Өз­бекстан Кәсіподақтар федерациясының кеңесіне» беріледі.

Өзге кәсіпорындар мен компания­лардан келіп түсетін БӘТ-тің 24,8%-ы – бюджеттен тыс «Зейнетақы қорына», 0,1%-дан «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мемлекеттік қорына» және кәсіподақтарға арна тартады. Қалғаны – салық.

Әрине, тек жұмыс берушілер ғана емес, халық та салық төлейді.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Өзбекстан Республикасының салық саясатын жетілдіру тұжырымдамасы» аясын­да еңбекақыға салық салуға өзге­рістер енгізіледі. Соның ішінде барлық аза­маттары үшін жеке тұлғалардың табы­сына 12% мөлшерінде бірыңғай салық ставкасы қолданылады. Оның ішінде 0,1%-ы азаматтардың жеке жинақтаушы зейнетақы шоттарына бағытталады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген санаттары үшін 4 ең төменгі жалақы көлеміндегі та­бысын салық салудан босату тәртібі сақ­талады» деп сипаттайды көршінің тә­жірибесін Ұлттық экономика министрлігі.

Оларда 25%-дық салық тек шенеунік­тердің жалақысынан ғана ұсталатын кө­рінеді. «Бюджеттік ұйымдар мен мемле­кеттік кәсіпорындар, жарғылық қорында мемлекеттің үлесі елу пайыз және одан да көп болатын заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері үшін 25% мөлшерінде бірыңғай әлеуметтік төлем белгіленген». Осылайша, өзбек көршілер қалған заңды тұлғалар, компаниялар мен кәсіпорындар үшін осы төлем ставкасын 15-тен 12%-ға дейін төмендете алған.

Қазақстан Үкіметі де халыққа түсер салық ауыртпалығын жеңілдету жолдарын қарастыруда. Сонымен бірге, бас эконо­мистің ведомствосы «мемлекеттің әлеу­меттік шығыстарының ұлғаюы аясында салық түсімдерін ұлғайту қажеттілігі де» туындайтынын есте ұстап отыр.

Егер осы заң жобасы осы күйде қабыл­данса, онда біраз игі жаңалық өмірге жол­дама алмақ. Нақтырақ тоқталсақ, қолда­ныстағы мүлік салығына және жер са­лы­ғына реформа жүргізіледі. Себебі, мә­селен, баспаналарға салынатын мүлік салығынан түсетін қаражаттың аздығы сонша, ол салықтың осы түрін әкімші­лендіру үшін маман тарту, оларды жұмыс орнымен және құрал-жабдықпен қамту және басқа да шығындарына тұрмайтын көрінеді.

– Талдау жүргізу кезінде анықталған­дай, мүлік салығын төлеуші жеке тұл­ға­лар­дың жалпы санының 95,6%-ы бағалау құ­ны 10 миллион теңгеден арзан салық са­лу нысандарына ие. Аталған тұлғалар бо­йынша салық түсімдерінің үлесі 44,6%-ды құрайды. Әрбір объектінің әкімшілік шы­ғындары – бірдей. Салық салудың тиім­ділігін арттыру мақсатында шаралар кешені қолға алынуы керек. Атап айт­қанда, жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықты біріктіру ұсынылады. Бұдан өзге, көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелерінің жер салығын жою ұсынылады. Өйткені көпқабатты үйлерде объектілердің көп болуына және олардың әрқайсысын есептеудің күрделілігіне байланысты салықты әкім­шілендіруге айтарлықтай шығын шығарылады, ал түсетін салық сомасы шамалы, – дейді Ұлттық экономика министрлігі аталған заң жобасының тұжырымдамасында.

Бұдан басқа, онда бағалау құны 10 млн теңгеден төмен баспана бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықты жою қарастырылуда.

Бұл қаражаттың орнын толтыру мақсатында құжатта жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін 10 АЕК мөлшерінде алым белгіленбек. Бұл алым азаматтардан әрбір тіркеу әрекеті жүргізілген сайын жиналады және ол қаржылар жергілікті бюджетке бағытталады деп күтілуде.

Сонымен қатар, «сән-салтанат» зат­тары ретінде қымбат тұратын алкоголь және темекі өнімдеріне, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын көлік түрлеріне салықты көтеру көзделіп отыр.

Әлеуметтік салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеуді жеңілдету үшін оларды есептеу базасын бірегейлендіру де жос­парланған.

Салық салу – салық төлеушіні сүліктей сору еместігі жөніндегі түсініктің үстем болуы халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, әлеуметтік көңіл күйді де жақсартары сөзсіз.