Ол Маңғыстау өңіріне күнделікті тұтынатын азық-түліктің басым бөлігі басқа аймақтардан әкелінетінін сөз етіп, бұл мәселені шешу үшін ауыл-аймақта жылыжайды көбейту керегін алға тартты. Бұған қоса, шұбат өндірісін жолға қойып, табыс көлемін еселеп арттыруға болатынын айтты. Өйткені, осы тектес бастамаларға қазір мемлекеттен жақсы қолдау бар.
Жиында сонымен қатар жұмыссыздық, ауыл шаруашылығын жандандыру, баспанамен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жастар саясаты секілді проблемалар кеңінен талқыланды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар ең төменгі жалақы алады. Салдарынан қазір бәрі ірі қалаларға ағылып жатыр. Егер осыны шұғыл қолға алмасақ, ондаған, бәлкім, жүздеген елдімекен қаңырап бос қалуы мүмкін. Сондықтан ауылдарда қосымша жұмыс орындарын ашып, қарапайым жұмысшылардың жағдайын көтеру керек. Әйтпесе, бұның арты елдімекендер тіршілігіне, одан кейін, жалпы ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Үміткердің сенімді өкілдері Ақтөбе тұрғындарымен кездесуде осы мәселені жан-жақты талқылады. Негізі ауыл шаруашылығында 1 жұмыс орны ашылса, соған қатысы бар қалада қосымша 7-8 жұмыс орны пайда болады. Сондықтан Төлеутай Рақымбеков бағдарламасындағы ауыл мен қала арасын жақындату мәселесі өте орынды деді жиналғандар.
Айдана БЕГІМ