Ономастикалық атауларды латын әліпбиінде жазуда қиындатпау керек

Ономастикалық атауларды латын әліпбиінде жазуда қиындатпау керек

Ономастикалық атаулар, оның ішінде еліміздің жер-су атаулары, аты-жөндеріміз – ұлттық-тілдік және мемлекеттік бірегейлігімізді айқындайтын басты факторлардың бірі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ономастикалық атаулардың мазмұнын ұлттандыруға бағытталған қыруар іс-шаралар атқарылғандығы белгілі. Енді латын әліпбиі енгізілген сәттен бастап мыңдаған, жүз мыңдаған ономастикалық атауларымыз кең халықаралық, әлемдік ақпараттық кеңістіктегі айналымға енгелі отыр. Осы орайда еліміздің жер-су атауларын латын әліпбиінде таңбалау, сондай-ақ, шеттілдік географиялық атауларды қазақ тілінің жаңа әліпбиінде жазу және төл антропонимдік жүйемізбен қатар шеттілдік есімдерді таңбалау мәселесі өзекті болмақ.

Қазақстан тәуелсіздік алған ал­ғашқы жылдардан бері қазақ хал­қының есімдер, фамилия жасау жүйе­сі ұлттық үрдіске бет бұрды. Ұлты қазақ азаматтардың есім-фа­милиялары қазақ тілінде, ұлттық дәс­түрге сай жазыла бастады. Оған Ел­басының «Ұлты қазақ азамат­тар­дың тегі мен әкесінің атын жазу­ға байланысты мәселелерді ше­шу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 ақпандағы Жарлығы мұрындық бол­ды. Алайда республикадағы құ­жаттаушы орындар көптеген қиын­дықтарға тап болып, азамат­тары­мыздың аты-жөндері туу туралы куә­лік, жеке куәліктерде көптеген жағ­дайда бұрмаланып жазылып ке­леді. Латын графикасына көш­кен­нен кейін осы сынды қате­лер­ден арылатын боламыз.

Ономастикалық ережелер жа­сау­ға жауапты маман ретінде бізді алаң­дататын бір жайтқа назар аудар­ғымыз келген еді. Жаңа ереже ма­құлданды, оның кейбір тұстарын тіл­ші мамандар талқылап, пы­сық­тауда. Ереже баптары бойынша ли­н­гвистер негізінен ортақ ше­шім­ге келгенімен, бірқатар маман тара­пынан келісе алмай отырған бір­шама тұсы бар. Әсіресе, «и» мен «у»-дың жазылуына қатысты. Мұ­ның кісі есімдерін, тек атауларын, гео­графиялық атауларды жазуға ті­келей қатысы бар. Баспасөз бет­терінде, әлеуметтік желіде, ғылыми бас­қосуларда бұл жөнінде екіұдайы пі­кір айтылып келеді. Жаңа емле ере­желерінде айтылудағы уі (й), iı (ý) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында «ı» әрпімен жазылады: ıgilik, ıman т.б. делінген.

Фонетист ғалымдар мен қатар гра­м­матология, морфология, сөз­жа­саммен айналысып келе жатқан ға­лымдардың пікірін қысқаша тұ­жырымдасақ. Емле ережесін жа­сау­шылардың байламды көзқарасы жаңа ереже оқуға, жазуға қолайлы, тілді үйренуге жеңіл болуы керек, яғни морфологияға немесе таза фо­нетикаға сүйеніп, сөзді ұзартып, емле ережесін күрделендіре берудің қажеті жоқ дегенге саяды. Ал кейбір ғалымдар тіліміздің жазуын айтылым табиғатына сай, яғни сөз қалай айтылса, солай жазылуы ке­рек деген ұстанымда. Басты уәж­дері – қазақ сөзі орыс жазуының ықпалынан шыға алмай, санада мық­тап орныққан, яғни жазу өз та­биғатына оралуы тиіс. Бұл ұста­ным бойынша киім - кийім [kıyim], су - сұу [suw], ине - ийне [ıyne] деп айтылым бойынша жазылады. Сондай-ақ «ю» әрпі йұу, йүу тіркестерінің таңбасы болады және былай жазылады: аю/айұу - aıuý, ою/ойұу - oıuý, үю/үйүу - úıúý, түю/түйүу - túıúý. Бұл жазуды тілші ма­мандар өзара шартты түрде «та­ра­тып жазу» деп те айтып жүр.

Таразы басындағы екі жақтың да уәждері салмақты, өзіндік ғы­лыми негіз-дәйектері бар. Сонда айтылуы бойынша тіліміздің төл табиғатын сақтап, таратып жазу дұ­рыс па, жоқ оқу, жазу, қабылдау, үй­рену процесін жеңілдететін, уа­қытты үнемдейтін ықшамдалған ор­фографиялық жазу дұрыс па?

Беделді отандық және шетелдік мамандардың пікірінше, жазу «таза орфографиялық» та, «таза фоне­ти­ка­лық» та болмауы керек. Яғни, тек айтылым бойынша ауыздан шық­қан сөз айнытпай жазылса, ол қа­ра­пайым фонетизмді (наивный фонетизм) ұстану болып шығады. Дыбыстарды айтылуы бойынша фонемалар таңбалайды, мысалы, ит­мұрын сөзі – йітмұрұн. Бұл жер­де буын қуалау, яғни дауыссыз/дауысты принципіне сүйенеді. Сон­­да таратып жазу алгоритмі бойын­ша қалай айтылады (ес­тіле­ді), солай жазылады. Орфоэпиялық жа­зуды қуаласақ, онда орфог­ра­фияға орын жоқ болады, яғни ем­ленің қажеті не? Осы жайтқа бай­л­анысты қазақ тіл білімінің ал­ғаш­қы теоретиктерінің бірі Елдес Омарұлы 1929 жылы шыққан «Емле мәселесі» кітабында былай дей­ді: «Қазақша жазудың жолы ды­быс жүйесінше дейміз. Бірақ та­за дыбыс жүйесінше болып шы­ғатын емле ешбір тілде де болған емес. Ондай емленің болуы мүмкін де емес. Біз өз елімізді дыбыс жүйе­сінше дегенде, оны басқа тілдердің ем­лесімен салыстырып, басқа ем­лелерге қарағанда дыбыс жүйесінің жо­лына анағұрлым жуық болған соң, сонымен ғана дыбыс жүйесін­ше дейміз... Емле дегеннің өзі жа­зудың ережесі деген сөз ғой. Ем­ле болған соң-ақ онда ереже болмай қалмайды. Жазу таза дыбыс жүйесінше болса, онда іш ереже де бол­мақ емес. Олай болған күнде «ем­ле» деген сөздің өзінің де бол­мауы керек. Бірақ біздің жазуымыз дәл дыбыс жүйесінше болмағанмен, дыбыс жүйесіне жуық болған соң, біздің ережелеріміз аз болу керек».

Бұл жерде де «ойға қонымды» тең­герімді ұстау қажет деген пікір­деміз. Олай дейтініміз латын әліп­биі енген сәттен республикамыз­дағы мыңдаған, миллиондаған жер-су атауы мен қазақ аты-жөні, есі­мі корпусы да осы таратып   жазу­ға тәуелді болатындығынан. 


Бұл жерде де «ойға қонымды» тең­герімді ұстау қажет деген пікір­деміз. Олай дейтініміз латын әліп­биі енген сәттен республикамыз­дағы мыңдаған, миллиондаған жер-су атауы мен қазақ аты-жөні, есі­мі корпусы да осы таратып   жазу­ға тәуелді болатындығынан.

2021 жылдан бастап паспорт, барлық төлқұжатымыз латын гра­фикасына көшкелі отыр, олай бол­са, жазып көрелік. Мәселен, Ақ­лима/Ақлыйма – Aqlyıma, Ақ­ниет/Ағнійет – Aǵniıet, Әсима/Әсійма – Ásiıma, Қияс/Қыйас– Qyıas, Иманғали/Ыйманғалій – Yımanǵaliı, Иманәлі/Ыйманәлій – Yımanáliı деп айтылып, жазылады. Онда айтылу, дыбысталу бойынша жазу алгоритімін сақтасақ, Мөлдір – Мөлдүр, Күміс – Күмүс, Көш­кін­бай – Көшкүмбай, Қонысбай – Қонұспай болып жазылуы тиіс. Бұл жағдайда ере­женің өзге бап­тары бұзылады.

Ономастикалық атаулардың ор­фографиясы графикалық, құ­жаттық нақтылықты, тұрақталған стандартты, бірізділікті талап етеді. Жүз мыңдаған жер-су атауымыз қа­лай жазылмақ? Мысалдармен көр­сетейік: Көкиiрiмсай/Көкійі­рім­сай – Kókiıirimsaı, Көкқия/Көкқыйа – Kókqyıa, Көкшиелi/Көк­шійелі – Kókshiıeli), Күйерсуы­қой/Күйерсұуықой – Kúıersuýyqoı,      не­месе Иірсарықайрақ/Ійірса­ры­қай­рақ – İıirsaryqaıraq) және т.б.

Байқағанымыздай, латын гра­фикасында таратып жазсақ, сөз ке­мінде бір-екі әріпке, кейде үш әріп­ке дейін ұзарып отырады. Бұл жер­де айтпағымыз мәселе тіптен мә­тін көлемі көбейеді деген үнем­ділікте емес. Жазу, оқу қиындай тү­сетіндігінде. Сөздің табиғи ай­тылымына сай фонемдік құрамын ор­фоэпиялық анықтағыштар рет­тейді. Сондықтан айтылым бойын­ша жазу принципін бүкіл жазу жүйесіне тарату оны күрделендіре, қиындата түсері анық. Дегенмен И мен У дыбыстарына қатысты ды­бысталуынша жазудың қосалқы ере­жесін әзірлеп жатқан бір-екі ма­ман бар. Оқулықтар шықпай жа­тып, сол нұсқаны да сынақтан өт­кізіп, нәтижесін тез арада сара­лап көрсе жөн болар еді. Қай жазу тиімді деген сұраққа нақты жауап ала­рымыз анық.

«Таратып жазылған» мыңдаған атау саяси, физикалық карталардың беттерін шамадан тыс графикалық таңбаның көптігінен шимайлап, шұбалаңқыландырып жібермей ме деген қауіп бар.

Өткен ғасырдың басында бел­гілі орыс лингвисі Д.Ушаковтың сө­зімен айтсақ, «Тіл мен жазу – мүл­дем екі бөлек құбылыс. Жазу қан­дай болғанда да, табиғи дыбыс­тарды нақты толық дәрежеде жет­кізе алмайды. Оның мақсаты да ол емес, күнделікті қолданыста ың­ғай­лы болуы. Емле – тілге кигізген киім сынды, ол шақ келуі, шақ кел­меуі де мүмкін, ол тек тілдің сыртқы мәні, ол өзгергеннен тіл өзгермейді».

Сондықтан емлеміз жазуға, оқу­ға, оқытуға, жалпы, меңгеруге икем­ді, қолайлы әрі ықшам бол­ғаны дұрыс, өйткені кез келген ор­фографияның түпкі мақсаты жазу­ды оңтайландыру. Латынға кө­шуге тартыншақтап, жүрексінген өз жұртымыз бен тілімізді үйренгісі келетін өзге жұртты жазуымызды күрделендіріп, қиындатып үркітіп алмау жағын ойластырған абзал.


Қыздархан РЫСБЕРГЕН,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Ономастика бөлімінің меңгерушісі