Шараны Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Тұңғыш Президенттің Жарлығымен облыс орталығына айналған Түркістан қаласын қайта түлету, түркі мәдениетін жан-жақты дәріптеу үшін Түркістан облысы әкімдігі мен Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ұйымдастырды.
«Түркістан – түркі әлемінің бесігі» бейнебаянын тамашалаумен басталған конференцияға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, Түркия мемлекеті, Мармара университетінің докторы, профессор Женгиз Томар, Халықаралық Түрік академиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқобаев, Өзбекстан Ғылымдар академиясының профессоры Сарыгүл Бахадырова, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығы директоры Досай Кенжетай сияқты ғалымдар қатысты.
Пленарлық отырысты Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Абдрасилов Болатбек ашып, жүргізіп отырды. Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы қасиетті Түркістанның әлемдік тарихтағы орнын зерттеуді мақсат тұтқан халықаралық конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қолға алынған конференция Түркістан облысының рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтереді деген сенімін білдірді.
«Түркістан қаласының түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын бұл конференцияның маңызы зор. Түркі халықтары үшін Түркістан қаласының тарихтағы орны әрқашан да қастерлі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп атап өтті. Бауырлас елдердің ортақ тарихында Түркістан – киелі мекен, Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының ұстазы ретінде дәріптелген. Ясауи жатқан жер «бақыттың астанасы» ретінде танылған», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Ежелгі Түркістан өркениетінің жоғары деңгейде дамығанына тоқтаған өңір басшысы:
«Түркістан мен оған жақын орналасқан шаһарларда ғылым дамыды, ірі кітапханалар жұмыс істеді. Өркениетке тән белгілер мен жетістіктердің бәрі табылды.
Сол замандардың өзінде Түркістанда суландыру жүйесі, кәріз жүйесі, темір балқыту кәсіпорындары болды», – деді ол.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Әзірет Сұлтан музейінің маңы мен Күлтөбе қалашығында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарихшылар археологиялық қазба жұмыстары арқылы Түркістаннан су жүйелерінің орнын тауып, Қазақ даласында қала мәдениеті дамығанын дәлелдей түсті.
Облыс басшысы, осы тарихты ескере келе Түркістан облысын дамыту бойынша негізгі 5 бағыттың нақтыланғанын жеткізді және Түркістанды қалпына келтіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары мен бағыттарын атап өтті.
Атап айтқанда, солардың бірі – Түркістан қаласының тарихи және идеологиялық негіздемесін қалыптастыру.
Осыған сәйкес, Түркістанды ең ірі зиярат, туризм, сауда, дін және қолөнер орталығына айналдыру бойынша нақты жұмыстар атқарылады.
Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын дәріптеу бағытында игі істер қолға алынбақ.
Түркістанда Ясауи музейі салынып жатыр. Бұл орталық Ұлы дала ғұламасының ілімін терең зерттеп, оның мәнін ұғуға, елді ізгілікке шақыруға үлес қосады деген сенім мол.