Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері қазақ халқының есімдер, фамилия жасау жүйесі ұлттық үрдіске бет бұрды. Ұлты қазақ азаматтардың есім-фамилиялары қазақ тілінде, ұлттық дәстүрге сай жазыла бастады. Оған Елбасының «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 ақпандағы Жарлығы мұрындық болды. Алайда республикадағы құжаттаушы орындар көптеген қиындықтарға тап болып, азаматтарымыздың аты-жөндері туу туралы куәлік, жеке куәліктерде көптеген жағдайда бұрмаланып жазылып келеді. Латын графикасына көшкеннен кейін осы сынды қателерден арылатын боламыз.
Ономастикалық ережелер жасауға жауапты маман ретінде бізді алаңдататын бір жайтқа назар аударғымыз келген еді. Жаңа ереже мақұлданды, оның кейбір тұстарын тілші мамандар талқылап, пысықтауда. Ереже баптары бойынша лингвистер негізінен ортақ шешімге келгенімен, бірқатар маман тарапынан келісе алмай отырған біршама тұсы бар. Әсіресе, «и» мен «у»-дың жазылуына қатысты. Мұның кісі есімдерін, тек атауларын, географиялық атауларды жазуға тікелей қатысы бар. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде, ғылыми басқосуларда бұл жөнінде екіұдайы пікір айтылып келеді. Жаңа емле ережелерінде айтылудағы уі (й), iı (ý) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында «ı» әрпімен жазылады: ıgilik, ıman т.б. делінген.
Фонетист ғалымдар мен қатар грамматология, морфология, сөзжасаммен айналысып келе жатқан ғалымдардың пікірін қысқаша тұжырымдасақ. Емле ережесін жасаушылардың байламды көзқарасы жаңа ереже оқуға, жазуға қолайлы, тілді үйренуге жеңіл болуы керек, яғни морфологияға немесе таза фонетикаға сүйеніп, сөзді ұзартып, емле ережесін күрделендіре берудің қажеті жоқ дегенге саяды. Ал кейбір ғалымдар тіліміздің жазуын айтылым табиғатына сай, яғни сөз қалай айтылса, солай жазылуы керек деген ұстанымда. Басты уәждері – қазақ сөзі орыс жазуының ықпалынан шыға алмай, санада мықтап орныққан, яғни жазу өз табиғатына оралуы тиіс. Бұл ұстаным бойынша киім - кийім [kıyim], су - сұу [suw], ине - ийне [ıyne] деп айтылым бойынша жазылады. Сондай-ақ «ю» әрпі йұу, йүу тіркестерінің таңбасы болады және былай жазылады: аю/айұу - aıuý, ою/ойұу - oıuý, үю/үйүу - úıúý, түю/түйүу - túıúý. Бұл жазуды тілші мамандар өзара шартты түрде «таратып жазу» деп те айтып жүр.
Таразы басындағы екі жақтың да уәждері салмақты, өзіндік ғылыми негіз-дәйектері бар. Сонда айтылуы бойынша тіліміздің төл табиғатын сақтап, таратып жазу дұрыс па, жоқ оқу, жазу, қабылдау, үйрену процесін жеңілдететін, уақытты үнемдейтін ықшамдалған орфографиялық жазу дұрыс па?
Беделді отандық және шетелдік мамандардың пікірінше, жазу «таза орфографиялық» та, «таза фонетикалық» та болмауы керек. Яғни, тек айтылым бойынша ауыздан шыққан сөз айнытпай жазылса, ол қарапайым фонетизмді (наивный фонетизм) ұстану болып шығады. Дыбыстарды айтылуы бойынша фонемалар таңбалайды, мысалы, итмұрын сөзі – йітмұрұн. Бұл жерде буын қуалау, яғни дауыссыз/дауысты принципіне сүйенеді. Сонда таратып жазу алгоритмі бойынша қалай айтылады (естіледі), солай жазылады. Орфоэпиялық жазуды қуаласақ, онда орфографияға орын жоқ болады, яғни емленің қажеті не? Осы жайтқа байланысты қазақ тіл білімінің алғашқы теоретиктерінің бірі Елдес Омарұлы 1929 жылы шыққан «Емле мәселесі» кітабында былай дейді: «Қазақша жазудың жолы дыбыс жүйесінше дейміз. Бірақ таза дыбыс жүйесінше болып шығатын емле ешбір тілде де болған емес. Ондай емленің болуы мүмкін де емес. Біз өз елімізді дыбыс жүйесінше дегенде, оны басқа тілдердің емлесімен салыстырып, басқа емлелерге қарағанда дыбыс жүйесінің жолына анағұрлым жуық болған соң, сонымен ғана дыбыс жүйесінше дейміз... Емле дегеннің өзі жазудың ережесі деген сөз ғой. Емле болған соң-ақ онда ереже болмай қалмайды. Жазу таза дыбыс жүйесінше болса, онда іш ереже де болмақ емес. Олай болған күнде «емле» деген сөздің өзінің де болмауы керек. Бірақ біздің жазуымыз дәл дыбыс жүйесінше болмағанмен, дыбыс жүйесіне жуық болған соң, біздің ережелеріміз аз болу керек».