Сондай азаматтың бірі әрі бірегейі еліміздің Су шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, нағыз кәсіби маман, абзал азамат Нариман Қыпшақбаев десек, артық айтқанымыз емес.
Арқа жерінде, қасиетті Торғай алқабында табиғаттың өзі жасаған, суы бал татитын, мал-жанға жайлы «Сарықопа» атты мемлекеттік қорық бар екен. Қазір Қостанай облысының Жангелді ауданына қарайды. Сол Сарықопаға құятын Теке өзенінің төменгі ағысында Тармақ деген жерде Қыпшақбай суатында 1934 жылы 27 мамырда Нариман Қыпшақбайұлы дүниеге келіпті.
Су жағасында өскен, судың қадір-қасиетін бір кісідей түсінетін Нариман аға алғашқы еңбек жолын учаскелік инженер-гидротехниктен бастап, су саласындағы барлық лауазымнан өтті деуге болады.
Жұмысқа деген жауапкершілігі мен адалдығы, еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында Нариман Қыпшақбаев 1981 жылы Қазақ ССР Жоғары кеңесі президиумының жарлығымен Қазақ ССР-дің Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Сол жылы 23 қыркүйекте Арал қаласында сорғылау және бұрғылау құрал-жабдықтарын жөндеуге арналған зауыт құрылысын салу мәселесін көтереді.
Нариман аға осылайша, одақтық, республикалық деңгейде өткен жиындарда Сырдария өзені мен Арал теңізінің проблемаларына басты назар аудартып отырды.
1985-1990 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып жүргенде «Арал теңізі жағалауында тұратын халықтардың жағдайын және экологиясын жақсарту» туралы мәселе көтеріп, оның оң шешім табу жолдарын ұсынды.
1990 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Су ресурстары мемлекеттік комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалып, 5 жыл осы салаға жетекшілік етеді. Осы кезеңде тұңғыш рет Орталық Азия және Қазақстанда су ресурстарын бассейндік жүйемен басқару принципі енгізіліп, республикада Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Шу-Талас және Орал-Каспий бассейндік басқармалары, облыстарда Су ресурстары комитеттері құрылды.
Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында Орталық Азия, Ресей Федерациясы мен Қытай мемлекеттері арасында трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын пайдалану жөнінде халықаралық ұйымның, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің президенттерімен құрылған Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуына және Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірінші фазасының жүзеге асуына Нариман Қыпшақбайұлының да ерекше үлес қосқанын Арал өңірінің тұрғындары жақсы біледі.
Қарапайым еңбектен бастап, түрлі лауазымдық қызмет атқарған 60 жылға жуық уақыттың барлығында Нариман Қыпшақбайұлы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмастан жиған-терген бай тәжірибесін ізінен ерген жастарға үйретіп келеді. Соның ішінде, Арал-Сырдария бассейнінің өзекті мәселелерін шешу жұмыстарына да атсалысуда. Атап айтсақ, Сырдария өзені бассейнінде су және жер ресурстарын кешенді пайдалануды ұйымдастырудың сызбасын әзірлеу жұмысына араласып, Арал теңізі бассейнінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу жұмыстарына белсенді ықпалын тигізуде.
Біз қашаннан елдің жүгін қара нардай көтеріп, келешектің қамы үшін аянбай еңбек еткен ерлерімізбен мақтанамыз. Келешекке сеніммен қадам жасау үшін жас ұрпаққа тәлім аларлық өнегелі істерді, парасатты өмір иелерін үлгі етеміз.
Осы ретте Сыр жұртшылығы Нариман Қыпшақбайұлын қай жерде, қай жұмыста болмасын өзінің өнегелі ізін өзіндік қолтаңбасын қалдырған, туған еліне еселі де елеулі еңбек сіңірген азамат деп бағалайды және құрмет тұтады.
А.АБДУАЛИЕВ,
Қызылорда облысының табиғи ресурстар
және табиғатты пайдалануды
реттеу басқармасының басшысы