Жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде жан бағып, алды он екі, соңы бес-алты баланы бағып, кездейсоқ табыспен күн көріп отырған жанұялардың ашынуынан кейін оларға қолдау көрсету, мемлекет тарапынан ғана емес, ортақ іске жұртшылықты жұмылдыру да Алматы облысынан басталды. Жыл басынан бері жеке адамдардың қамқорлығы арқасында осындай жетпіске жуық отбасының тұрмысқа қолайлы баспанамен қамтамасыз етілуі Жетісу жерінде тіркелгені де өңірде аз қамтылғандардың баспана және тағы да басқа мұқтаждарын шешуге баса назар аударыла бастағанын аңғартады. Картада көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, балдырғандарын балабақшаға орналастыру, оқушылардың мектепте тегін тамақтануын жолға қою, осындай шаңырақтарда тәрбиеленген балалардың облыс әкімі грантымен жоғары білім алуына жағдай жасау, көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруі және тағы да басқа аса өзекті мәселелер қамтылған. Одан бері де біраз уақыт өтті. Күні кеше қасына әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысы бар облыстық басқармалардың жетекшілерін, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарын ертіп Журналистер үйіне келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдіуалиев БАҚ өкілдерінің басын қосып, «Әлеуметтік картаның» орындалуы туралы брифинг өткізді.
Бір өкініштісі, бұл жолы да залда отырғандар арасында басқа ұлттан бірде-бір адамның жоғына қарамастан, мемлекеттік тіл босағадан аспай қалды. Соған қарап, халқының жетпіс пайыздан астамы ауылда тұратын жергілікті ұлт өкілдері құрайтын облыста сол жалпақ жұртқа әлеуметтік мәселелерді қазақ тілінде тарқата түсіндіретін жанның барына күмәнданып қалдық. Облыс әкімінің орынбасарына айтар өкпеміз жоқ. Мемлекеттік тілдің жілігін шағып, майын ішкен Ақан Жылқышыбайұлы екі тілде де көсіле сөйлеп, сұрақтарға да тиянақты жауап қайтарды. Құрылыс, әлеуметтік қорғау саласынан келгендер мен қала әкімінің орынбасары біз айтқаннан кейін барып, біраз «былдырлады».
Ақан Жылқышыбайұлының айтуына қарағанда, облыста әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға бағытталған жол картасы жасалып, осы бойынша шешуші жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Ең бастысы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 1 маусымнан бастап бюджеттік саладағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайызға өсіріледі. Бұл жаңалық денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салалардан нәпақасын тауып жүрген 103 мыңға жуық адамды қамтиды. Атқарушы органдардағы айлығы шайлығына жетпейтін 3 499 қызметкердің жалақысы 25 пайызға көтеріледі. Бүгінге дейін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы 23 676 өтініш түскен. Оған атаулы әлеуметтік көмекті қайта есептеу автомат түрде жүргізілетін 6 086 отбасыны қоссақ, барлығы 29 762 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға тиіс. Мамырдың 27 жұлдызындағы жағдай бойынша 27 442 отбасыға 2 млрд 589 млн теңге төленіп, кірістері асып кеткен 2 320 адамның өтініші қанағаттандырылмады.
Брифингте облыстағы көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін республикалық бюджеттен қосымша 5,6 млрд теңге бөлінгені де айтылды. Аталған қаржының 2,2 млрд теңгесіне 180 пәтерден тұратын 8 үй салынса, қалған 3,4 млрд теңгеге 492 пәтер сатып алынбақ. Ойға алғандар толығымен жүзеге асса, биыл облыстағы аз қамтылған отбасылардың 672-сі үйлі болады. Ал 2025 жылға дейін барлығы 4 700 аз қамтылған отбасыны баспанамен қамту жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 39,2 млрд қарастырылмақ. Сонымен бірге, ортақ іске демеушілер де үлесін қосып келеді. Күні бүгінге дейін жомарт жандардың арқасында 79 отбасы үйлі болса, олардың 48-і көпбалалы жанұялар. Журналистердің облыс әкімінің көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы мектеп бітірушілердің жоғары білім алуына жағдай жасауға қатысты қосымша қарастырған 100 грантын тағайындау кезінде әділетсіздік орын алмау үшін комиссия құрамына БАҚ өкілдерін енгізу туралы ұсынысы қолдау тапты. Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмекті белгілеуге қатысты заң талаптарын түсіндіруде кемшіліктер көп екені жайлы айтылған ескерту де ескерілді. Басшылары бір ауыз қазақшаның басын қинала құрастырып отырғанда, олардың жергілікті жердегі қосшыларының қарапайым жұртқа мәселелердің мәнін жеткізе алатынына қатысты күмән күшті. Осындайдан соң барып айқай-шу шығып, түсінбестік орын алады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы