Nur Otan партиясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі істерді жалғастыра отырып, «Ұлы даланың көне сарындары» дәстүрлі музыка фестивалін өткізуді қолға алды. Фестиваль еліміздегі жетекші партияның 20 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар және «Зиялы қауыммен жұмыс» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Айтулы шара Сыр өңіріне жетті. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен кешке жыр-терме жанры бойынша Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі ән өнері бойынша Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, Гүлмира Сарина, күйшілер Батыржан Мықтыбаев, Арман Жүдебаев және т.б. танымал өнер майталмандары қатысты. Сыр өңірі концерттік бағдарламаға Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Серік Жақсығұлов, Ақмарал Ноғайбаева, Мұхаммедәлі Бекпейіс, Майра Сәрсенбаева, Шолпан Биімбетова сынды дәстүрлі өнерді жанына серік еткен әншілер мен күйшілерді қосты.
Жыраулық өнерді жалғаушы Алмас Алматов тізгінін ұстаған концертте сахна төрінде қазақ халқының дәстүрлі әндері мен термелері шырқалып, күйі күмбірледі. Өнерпаздардың өнеріне қошемет көрсетті. Залда ине шаншар орын болмады.
Кеште Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес сөз алып, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тарауында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға баса назар аударғанын атап өтті. Ол сонымен қатар партияның ұлттық құндылықтарды ұлықтауға әркез әзір екеніне тоқталды.
– Елбасының сындарлы саясатының маңызды бағытының бірі – ұлттық құндылықтарды, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау, келешек ұрпаққа аманат ету. Осы тұрғыдан келгенде, партиямыздың 20 жылдығына орай «Ұлы даланың көне сарындары» атты ұйымдастырылып отырған республикалық фестиваль жыр, ән, күй өзенінің арнасын тағы бір ашып, көпшіліктің жігерін жанып, рухын көтереді деп есептеймін. «Өнер – өміршең, тарих – мәңгілік» деген дана халқымыз. Төл тарихын ұлықтап, ұлттық өнерін дәріптейтін халықтың елдігі мәңгілік болмақ. Ендеше, Nur Otan партиясы қашанда ұлттық өнерді қолдап, демеу болатынын атап өткім келеді. Еліміздің барлық өңірін аралап, сүлейлер салған сара жолды жалғап, жыр жалауын желбіретіп, мақам сазын мөлдіретіп, киелі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздарға шынайы алғыс білдіреміз, – деді Е.Айтөреұлы.
Мән-мағынасы терең, өскелең ұрпаққа рухани-тәрбиелік маңызы жоғары, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын дәстүрлі музыка өнері бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде кеңінен насихатталуда. Нұротандықтар қазақтың дәстүрлі өнерін тек туған елімізде ғана емес, сондай-ақ оны әлемдік деңгейдегі сахналарда кеңінен насихаттап, жоғары деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» тарауында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауға тиіспіз деген болатын. Жоба аясында қазақтың қобызы, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптармен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет екені де айтылды.
«Еліміздің әр өңірінде ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған түрлі мәдени шаралар өтіп тұрады. Бұл үрдіс жалғасын таба берсін деп тілейміз. Тұңғыш Президентіміздің мақаласы өз жемісін беріп, ұлттық өнеріміздің бойына қайта қан жүгіріп жатқаны қуантады. Фестиваль бағдарламасына жас таланттар да қосылып, халықты мүмкіндігінше ән-термемен, жырмен, күймен сусындатып жатыр. Оқушы кезімізде бізге танымал өнер иелерімен қатарласып сахнаға шығу арман болатын. Мектеп жасындағы балалардың да алғаш рет үлкен сахнаға шығып, өнер көрсетуі олар үшін керемет мүмкіндік болды. Бұл жастарды шабыттандырып, дәстүрлі өнерге деген құлшынысын оятары сөзсіз, – деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Шолпан Дәржанова.
Өнерпаздардың шығармашылығы қалың көпшіліктің көңілінен шыққаны көрермендердің ыстық ықыласынан байқалды. Әсіресе, домбыра, сыбызғы, сырнай, жетіген сынды ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған шығармалар ерекше әсерлі болды. Қорыта айтқанда, дәстүрлі музыка фестивалінде төл өнеріміз ұлықталып, қазақ рухы қайта бір жасап, жаңғырды. Тұспалдап та, астарлап та, салыстырып та ойды көркемдеп те, шертіп те, қағытпа күйінде жеткізе алатын қазақ тілінің байлығын, дала фольклоры мен музыкасының өміршеңдігін көрсететін керемет кеш Сыр өңірінің өнерсүйер қауымына керемет көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, дәстүрлі музыка фестивалі бұған дейін Семей, Павлодар, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында өтті. Шараны 2019 жылғы қаңтардан бастап, айына екі облыс орталығында ұйымдастыру жоспарланды.