Мектеп жасындағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, денсаулығын нығайтуға, сауықтыруға, олардың бойында саламатты өмір сүруге ынтасын қалыптастыруға, тіпті балалардың ересектер тарапынан қараусыз қалған бос уақытын қысқарту үшін бұл демалыстардың маңызы зор.
Дәл осы демалысты ұйымдастыруға тиіс министрліктер ұйқыларынан оқу жылы аяқталуға бір апта қалғанда ғана оянды. Мәселе Үкімет үйінде талқыланып, балалардың биылғы демалысты қалай өткізетіні жоспарланды. Ұсыныс айтылды. Көпшіліктің көкейіндегісі сөз болғасын, қуандық әрине. Бірақ бұл естіген құлақтың құрышын қандырып, сөйлеген сөздерге сүйсініп отырып қана шешілетін мәселе емес қой. Бұл – биылғы демалысты былтыр ойлайтын, алдын ала жоспар түзіп, демалыс басталғанда бәрі дайын тұруы керек дүние еді. Сонымен, енді не болады?
Мәселен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жазғы демалыс кезіндегі балаларға тегін әуе сапарын жолға қою туралы ұсынысын алайық. «Біз қазіргі уақытта осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаны енгізіп жатырмыз. Содан кейін оның бекітілуін күтіп, туристік бағыттағы заңға енгіземіз. Бұл – өте пайдалы жұмыс. Мәселен, егер осы заң күшіне енсе, әуе сапарына шыққан бір адам өзі үшін билетке төлеп, 15 жасқа дейінгі екі баласын тегін апара алар еді», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Жақсы жаңалық қабылданғанның өзінде биыл орындалмайтын сияқты. Уақыт өтіп жатыр. Ел елеңдеп отыр. Тұқым аузына тірелгенде қимылдамай, кем дегенде үш ай бұрын жоспарлап, бекітуге болмас па еді?!. Енді мұнысын «О, ертең каникул екен ғой, бірдеңе айтайық» деп орындарынан атып тұрған адамның әрекетіне қалай ұқсатпассың?..
Сосын соңғы жылдары бірінен соң бірі жарыса бой көтерген жаңа мектептерімізде демалысты ұтымды ұйымдастыруға арналған қажеттi алаңдар, тәжiрибелi мамандар, студенттер, ерiктiлер, бос кабинеттер мен залдар бар. Бірақ бізде осылардың өзін пайдалану үшін нормативтiк құқықтық актiге өзгерiстер енгiзу қажет. Былтыр Білім және ғылым мининстрлігі тарапынан қамқоршылық кеңестiң бақылауымен жазғы демалысты ұйымдастыру үшiн мектепке оқу орнының мүлкiн өз еркiмен басқару құқығын беру керегі де айтылды. Алдағы уақытта балалардың демалыспен қамтылуын ұлғайту мақсатында жедел шаралар қабылдау үшiн Бiлiм туралы заңға өзгерiстер де енгiзу қажет болған еді. Бірақ өзгеріс жылдар бойы орындалған жоқ.
Биыл да елордалық балалар мектептің ақылы лагеріне барып, он күнге 7 000 теңге төлеуге мәжбүр. Бұл қаржы тек тамағын қамтиды. Қосымша демалыс орындарына ата-ана тағы қалтасынан шығарып отырады.
«Менің балам былтыр №74 мектеп жанындағы лагерге барды. 5 мың теңге төледік деген аты болмаса, жалпы демалысымызға 20-30 мың теңге кетті. Мен осы он күніміз аяқталған кезде өкіндім. Осы ақшаға қала сыртындағы жекеменшік лагерлердің біріне жіберуге болатын еді. Мектепті де түсінуге болады. Олар не істей алады? Тамағы төленген. Енді жетекшілері топтағы балалардың демалысы қызықты өтсін деп әр күні әр жерге апарды. Ақылы автобустар жалдады. Оның сыртында бассейнге барса 4 мың, циркке барса 500 теңге, ойын-сауық орталықтарына барса 2 мың… міне, осылай күн сайын ақшамен барып отырды. Қатарынан қалмасын деп бердік. Бірақ баламнан естуім бойынша, ақылы қыдыруға бара алмаған балалар топта қалып кетеді екен. Достары кешегі күннің қызығын жырлап жатқанда, қызығып отыратын лагердің балаларға не керегі бар? Биыл балаларым №78 мектепте оқиды. Мұндағы лагердің құны 7 000 теңге болыпты. Былтырғыдай қайталанатын демалыс болғандықтан, биыл басқаша демалыс ұйымдастырамыз деп шештік. Жалпы, демалыстың өзі тек ақшамен байланысты. Ақшаң болса, жақсы жерге қыдыртып, демалдырасың. Болмаса, аулада жүргенін қанағат тұтасың. Бірақ ата-анасы жұмыс істейтін баланың аулада емес, басқа жерде жүріп, оқыс оқиғаға тап болып жатпасына кім кепіл?!», – дейді Гүлнұр есімді қала тұрғыны.
Оқиға дегеннен шығады, бос бала пайдалы іс қылып, жақындарын жерге қаратпаса жақсы, әрине. Олай болмаса, көше кезіп, түрлі қылмыстың орын алуына да үлес қосып кетулері мүмкін. Білім және ғылым министрінің мәліметіне сенсек, бүгінде кәмелет жасына толмаған 5 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс Алматыда – 33,5%, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтанда – 18%, Ақмола мен Ақтөбе облыстарында – 11%, Түркістан облысында – 7,8%-ға көбейген. Жалпы, 2018 жылы балаларға қатысты қылмыстар саны екі мыңнан асты. Әсіресе, Түркістан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында балаларға қатысты қылмыс көбейіп тұр.
Интернет клуб деп ат қойып, айдар тағып алғандарымен түн ауа оқушыларды осылай қарай тартып тұратын күш әлі де көп. Жаз уақытында бос жүрген оқушылардың осындай қылмыстарға бармауын қадағалау да бүгіннің басты тақырыбы болып отыр.
Жалпы, республика бойынша 236 қала сыртындағы лагерь жұмыс істеуде. Оның ішінде 143-і – жергілікті атқарушы орган иелігінде, 93-і – жекеменшік. Қала сыртындағы лагерлерде тегін демалу құқығына жетім балалар, аз қамтылған отбасы балалары, ерекше қажеттілікке ие балалар, сонымен қатар оқуда үздік нәтиже көрсеткендер ие болады. Ал ақылы жолдама құнын сәйкесінше ЖАО және құрылтайшылар белгілейді. Бүгінде ол 10 мыңнан 40 мың аралығында құбылып тұр. Бұл бағаға көбіне ауылдың балалары бара бермейді. Бір үйде бірнеше баласы бар қалалықтар үшін де аталған қаржы оңай шығын емес.
Оның үстіне бүгінде қала баласы бұрынғыдай ауылға қарай ағылмайды. Бұның бірінші себебі, көбінің ауылда туыстары қалмаған. Екіншіден, өздері аққа жарымай отырған ауылдағы ағайын қаладағы туысын жарылқауға келгенде қырсыз. Үшіншіден, қалалықтар өздері өскен ауылға балаларын жіберуге жүрексінеді. Бүгінгінің тынымсыз балаларын құдықтан, жолдан сақтайтын сақтық шараларының аздығын алға тартады. Оның үстіне, қала балалары тірлікке қырсыз, қырсық мінезді, сөз көтере алмайтын да болуы мүмкін. Осылайша, бірте-бірте қала балалары ауылға сыймай барады. Осындай себептермен ауылдың не екенін білмейтін балалар өсіп келеді.
P.S.
Еліміздегі жазғы демалыс лагерлерінің көбі жекешелендірілген. Жекешелендірілген лагерлерге бару үшін берілетін жолдамалардың құны мемлекеттік лагерлермен салыстырғанда екі есеге қымбат. Осы себепті, көптеген ата-аналардың балаларын жекеменшік лагерлерге жіберуге қалтасы көтермейді. Балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру көптеген түйткілді мәселелердің алдын алатынын ескерсек, бұл іске білім саласының ғана емес, ірі компания жетекшілерінің де көмектері қажет.
Айтпақшы, 2020 жылдан бастап барлық өңірде тегін «Балалардың туристік пойызын» іске қосу жоспарланып отыр. Енді мұның тек ауыздың ұшында қалып кетпей, келесі оқу жылына дейін шын мәнінде жүзеге асқанын тілеп отырған ата-аналар көп...