Тарихтың бір тіні – түйе табанында
Тарихтың бір тіні – түйе табанында
434
оқылды

Қазақ тарихын түйеден айырсаңыз не болады? Онда Асан қайғы бабамыз желмая мініп желдіртпей, «Жерұйықты» қалай іздер еді? Молшылыққа, қуанышқа, үлкен тойға кенелді дегенді «ақ сиырдың қарны жарылды» деп айтар ма едік? Ойсыл қара түлігіндей 250 келідей жүкті басқа үй жануары көтере алмайтындықтан, ол болмағанда, Ұлы даланың символына айналған керуен жолдары да дамымауы мүмкін еді.

Жылқының қазақ жерінде үйретілгенін қазір әлем мойындады. Сонымен қатар ғалымдар «Қазақстан мен Орталық Азия – қос өркешті бактриан түйелері алғаш қолға үйретілген байырғы аудан» екенін айтуда. Аңызға айналған Қорқыт баба да мәңгілік өмірді, бақытты ғұмырды көксеп, желмаямен дүниенің төрт бұрышын кезді емес пе?! Тіпті Тамғалы тас, Сауысқандық секілді еліміздегі атақты петроглифтерде ежелгі адамдар түйенің бейнесін қашап кеткен. Ал АШМ өз бағдар­ламаларында түйе шаруашылығына жете мән беріп те отырған жоқ. Түйеден енді айырылсақ, келешекте ұлтымыз қазақылығын да жоғалта бастауы ғажап емес?!

«Батыстық болмыс, соның ішінде орыстілділер үшін түйе – дарақылықтың, тұрпайылықтың, тіпті тәрбиесіздіктің эталоны болып саналады. Мысалы, олар «плеваться как верблюд» дейді. Ал қазақы ұғымда түйе керісінше, қажырлылықтың, қуат­тылықтың, алыптықтың нышаны. Мәселен, қа­зақтар «нар тұлға» дейді. Сондай-ақ мағынасы қазақ тілінің дара, өзге де қайталанбас, ұлттық-мәдени ерекшелігімен негізделген, қазақ халқының байырғы тұрмыстық салт-санасымен астасып жатқан бірқатар фразеологизмдер де дәл осы метафорамен байланысты. Айталық, қазақтар қандай да бір жаңа іске күш жиғанда, қиыншылық, бейнет, мехнатты еңсергенде айтатын «нар тәуекел» тіркесі орыс тіліне сөзбе-сөз аударғанда түсініксіз болады. Сұлу қыздың көздері «бота көзге» баланса, берік достық «ботадай тату» деп сипатталады. Сүйкімді еркелей білетін баланы «ботадай ерке» дейді. Басқаша айтқанда, қазақылық бойынша бота зооморфизмі оң нышанда ұғынылады», – дейді филолог ғалым Н.Агисова.

Бізде түйе қалмаса, келер ұрпақ бұл жануарды тірілей көріп өспесе, Ойсыл қара түлігімен байланысты барлық ұғымдардың мәнін түсінбей, оларды қолдануды қойып кетуі де ғажап емес.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, осыдан үш жылдай бұрын республикамызда 200 мыңдай түйе болған. Ал 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде 188,4 мың түйе барын жария етті. Яғни, малдың ішіндегі ең азы да сол. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда 2018 жылы құс саны – 40 миллион 102,1 мыңға, қой басы – 16 миллион 18,8 мыңдайға, ірі қара мал – 6 миллион 745,4 мыңға, ал жылқы басы 2 миллион 395 мыңға жеткен.

Республикада түйе шаруашылығында біраз мәселе қордаланып қалды. Жақында оң­түстікқазақстандық түйе өсірушілер дабыл қағып, Түркістан облысындағы жергілікті кәсіпкерлер палатасына көмек сұрай жүгінген. Олардың айтуынша, өңірлерде түйе тапшылығы мәселесі өткір тұр.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, осыдан үш жылдай бұрын республикамызда 200 мыңдай түйе болған. Ал 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде 188,4 мың түйе барын жария етті. Яғни, малдың ішіндегі ең азы да сол. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда 2018 жылы құс саны – 40 миллион 102,1 мыңға, қой басы – 16 миллион 18,8 мыңдайға, ірі қара мал – 6 миллион 745,4 мыңға, ал жылқы басы 2 миллион 395 мыңға жеткен. 

Бұл ретте жақсы жаңалық та бар, алдымен соған тоқталсақ. Қазақ елінде жасалған шұбат тек өз елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие болуда. Бұл жаһандық нарықта мол пайда әкелетін бизнес болғандықтан, таяуда қытайлық Golden Camel Group компаниясы Түркістан облысында түйе сүтін өңдейтін ірі жобаны іске қосты.

Алайда әлем тарапынан мол сұраныс пен тапсырыс болғанымен, оны игеретіндей Қа­зақстанда қауқар жоқ болып шықты.

– Нашар жаңалық сол, үлкен сұранысты өтеуге түйелер жетпейді. Негізі, Golden Camel Group LTD – шұбаттан құрғақ сүт жасайтын жалғыз кәсіпорын. Әйтсе де, небәрі 1 тонна құрғақ түйе сүтін өндіру үшін 16 тонна шұбат керек. Бұл кәсіпорын өз өнімдерін Қытай нарығына шығарады. Себебі, оларда осы құрғақ сүт орасан зор көлемде тұтынылады, – дейді Түркістан облысындағы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров.

Оның мәліметінше, бұл жерде республикада қуаттылық бойынша мәселе жоқ. Аталған отандық кәсіпорын тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады.

Бірақ өңдейін десе, сонша көлемдегі шұбат табылмайды. Сондықтан зауыт бие сүтін де өңдеумен айналысуда.

– Түйе сүтінің тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету – үлкен проблема. Біз өңірлік деңгейде әкім­дікпен тізе қосып, осы мәселені шешу бойынша жұмыс істеп келеміз. Бұл үшін Түркістан облысында түйе басын өсіруге бағытталған өңірлік және сала­лық бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен бірге, Қазақстанда түйе бизнесін да­мыту жөніндегі нысаналы бағдарламаны іске қосу қажеттігі пісіп-жетілгеніне Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігінің назарын аударғымыз келеді! – дейді кәсіпкерлердің өңірлік палатасының басшысы.

Оның түсіндіруінше, түйе шаруашылығына арналған жеке (қосалқы) бағдарламада бұл саланы қолдаудың барлық құралдары қамтылуы тиіс.

Әйтпесе, сала шенеуніктері ет пен сүт экспорты туралы ауыз аша қалса, тілдеріне көбіне сиыр ілігеді. Тек ірі қара мал не қой ғана емес, түйе де әлемдік нарықтан мол пайда әкеле алады.

«Бұл шынында, өте табысты әрі келешегі зор бизнес! Арыға құлаш ұрмай, өзара жақын жатқан үш облысымызды қоса қарастырсақ, жалпы алғанда, бұл өңірлерде 80 мыңдай түйе өсіріледі. Тіпті аруана немесе інгеннің әрқайсысы 4-6 литр­ден сүт бергеннің өзінде осы жаңа зауыт өз қуат­тылығының небәрі жартысына ғана жүктеледі. Ендеше, түйе санын арттыру мәселесі өзекті. Егер бір зауыттың өзі толық қуаттылығында жұмыс жасауға көшсе, онда фермерлер де өз өнімдерін кепілді түрде өткізетін тұрақты нарық болады», – дейді Д.Әбсаттаров.

Қазіргі экология бұзылған, дүкен сөрелерін гендік модификацияланған ағзаларға толы өнімдер жайлаған күрделі заманда дені-қары сау ұрпақты сақтау үшін халқын табиғи таза өніммен жабдықтау мемлекет үшін өмірлік маңызды іс саналады.

Ғалымдар Қ.Тайғашинова мен Н.Бердімұрат зерттеулерге сүйене отырып, түйе сүті мен шұбатты алмастырғыш жоқтығын айтады. Тіпті табылғанның өзінде олардың емдік қасиеттері шұбаттай бол­майды. Сондықтан заманауи нарықта олар алмас­тырғыштары ойлап табылған өзге тамақ өнімдеріне қарағанда бәсекелестік артықшылыққа ие.

Оның үстіне, шетел ғалымдары да шұбатты диеталық мақсатта пайдаланудың пайдасын дәлелдеп шықты.

Осының барлығы мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлінген жағдайда, түйе сүтінен жасалатын қазақстандық өнімнің дүниежүзіне кең таралуын, тиісінше, отандық фермерлердің аста-төк табысын қамтамасыз етпек.