Жылқының қазақ жерінде үйретілгенін қазір әлем мойындады. Сонымен қатар ғалымдар «Қазақстан мен Орталық Азия – қос өркешті бактриан түйелері алғаш қолға үйретілген байырғы аудан» екенін айтуда. Аңызға айналған Қорқыт баба да мәңгілік өмірді, бақытты ғұмырды көксеп, желмаямен дүниенің төрт бұрышын кезді емес пе?! Тіпті Тамғалы тас, Сауысқандық секілді еліміздегі атақты петроглифтерде ежелгі адамдар түйенің бейнесін қашап кеткен. Ал АШМ өз бағдарламаларында түйе шаруашылығына жете мән беріп те отырған жоқ. Түйеден енді айырылсақ, келешекте ұлтымыз қазақылығын да жоғалта бастауы ғажап емес?!
«Батыстық болмыс, соның ішінде орыстілділер үшін түйе – дарақылықтың, тұрпайылықтың, тіпті тәрбиесіздіктің эталоны болып саналады. Мысалы, олар «плеваться как верблюд» дейді. Ал қазақы ұғымда түйе керісінше, қажырлылықтың, қуаттылықтың, алыптықтың нышаны. Мәселен, қазақтар «нар тұлға» дейді. Сондай-ақ мағынасы қазақ тілінің дара, өзге де қайталанбас, ұлттық-мәдени ерекшелігімен негізделген, қазақ халқының байырғы тұрмыстық салт-санасымен астасып жатқан бірқатар фразеологизмдер де дәл осы метафорамен байланысты. Айталық, қазақтар қандай да бір жаңа іске күш жиғанда, қиыншылық, бейнет, мехнатты еңсергенде айтатын «нар тәуекел» тіркесі орыс тіліне сөзбе-сөз аударғанда түсініксіз болады. Сұлу қыздың көздері «бота көзге» баланса, берік достық «ботадай тату» деп сипатталады. Сүйкімді еркелей білетін баланы «ботадай ерке» дейді. Басқаша айтқанда, қазақылық бойынша бота зооморфизмі оң нышанда ұғынылады», – дейді филолог ғалым Н.Агисова.
Бізде түйе қалмаса, келер ұрпақ бұл жануарды тірілей көріп өспесе, Ойсыл қара түлігімен байланысты барлық ұғымдардың мәнін түсінбей, оларды қолдануды қойып кетуі де ғажап емес.
Статистика комитетінің мәліметі бойынша, осыдан үш жылдай бұрын республикамызда 200 мыңдай түйе болған. Ал 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде 188,4 мың түйе барын жария етті. Яғни, малдың ішіндегі ең азы да сол. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда 2018 жылы құс саны – 40 миллион 102,1 мыңға, қой басы – 16 миллион 18,8 мыңдайға, ірі қара мал – 6 миллион 745,4 мыңға, ал жылқы басы 2 миллион 395 мыңға жеткен.
Республикада түйе шаруашылығында біраз мәселе қордаланып қалды. Жақында оңтүстікқазақстандық түйе өсірушілер дабыл қағып, Түркістан облысындағы жергілікті кәсіпкерлер палатасына көмек сұрай жүгінген. Олардың айтуынша, өңірлерде түйе тапшылығы мәселесі өткір тұр.