Қазақстанда әскери техника қанша? – Кеше мен бүгін
Қазақстанда әскери техника қанша? – Кеше мен бүгін
1,083
оқылды
Кеңес одағы тарқаған тұста Қазақстан аумағында мықты техникамен жасақталған армия қалды деуге болады. Сол кезде 200 мыңнан астам жеке құрамы мен қуатты арсеналы бар әскер мемлекет еншісінде болды. Бұған қоса Ембі, Сарышаған, Семей, Байқоңыр әскери полигондары, ғарыш айлағы және 5-6 әскери қару-жарақ қоймасы бар еді. 1960-1970 жылдары Қытаймен қақтығысқан Кеңес әскері шекараны нығайтуға мәжбүр болды. Соның арқасында Қазақстанда төрт (68-ші, 80-ші, 155-ші, 203-ші) мотоатқыштар дивиязиясы, 78-ші танк дивиязиясы, 22-ші арнаулы бригада, 57-ші десенттық бриагада қалды. Онымен бірге Кеңес Одағының Стратегиялық зымыран кешендері (әрбірінде 48 оқ тұмсығы бар бар үш дивизия), ауыр тұрпатты бомбылаушы 79-шы авиация әскері, 1990 жылдары жарақтанған Семейдегі 1350 техникасы бар 5202-ші танк дивиясы да қазақ жерінде орнықты. Қоймаларда мыңнан астам қару-жарақ пен артиллериялық қарулар тұрды. Бұл аз десеңіз оңтүстік облыстарда төрт мотоатқыштар дивизиясы және Талдықорған мен Аягөздегі әскери ұшақ базаларын қосыңыз. Оның үстіне 1989 жылы Ауған соғысынан қайтқан №40-шы армия да елімізде тұрақтады. Бұдан басқа ядролық оқ тұмсықты арсеналдар, мемлекеттік құпияға жататын басқа да кешендер тағы бар. Бірақ Қазақстан адамзат алдында жауапкершілігін сезініп, ядролық қарудан түбегейлі бас тартқанын білеміз. Қазір де Қазақстан әскерінің қару-жарақ, техникамен жасақталу деңгейі осал емес. ҚР армиясында 300-ден астам танк, 1613 БТР және БМП, 285 өзі жүретін қондырғы, 744 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 393 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе, жағалауды қорғайтын 15 кеме, 239 ұшақ, оның ішінде – 91 тосқауылшы жойғыш ұшақтар (истребитель), 142 шабуылдаушы жойғыштар мен бомбалағыштар, 64 жүк ұшақ, 67 тікұшақ, 17 оқу-жаттығу ұшағы, 18 шабуылдаушы тікұшақ бар. Мұның ішінде Испаниядан алынған С-295 әскери тасымал ұшақтарын, көп фунциялды шабуылшы Су-30СМ және Ми-17, Ми-171 ұшақтарын айрықша атауға болады. Сонымен бірге Ресейде өндірілген бес С-300 зенитті-зымыран кешені бар. Бұл 2017 жылы алынған. Сол жылдан бастап Қазақстан әуе кеңістігін де күзете бастады. Армиямыз осылайша озық қарулармен жабдықталған, бұл сан әлі де көбейе берері сөзсіз.

Мадияр Төлеуов