Баласы далаға шықса, әке мен шеше тақымын қысқан заман болды. Әйтпесе, жаз – балалар үшін сауық-сайран мен жайбарақаттық кезең. Біз де бала болғанбыз. Ойын дегенде қауіп-қатерді ұмытып, тереңге сүңгіп, қиранды жерлерде асыр салып, небір қызыққа кенеліп кететінбіз.
Соңғы қоңырау соғылып, мәре-сәре болып жатқан 25 мамыр күні Қарағанды қаласындағы Орталық мәдени және демалыс саябағында қайғылы оқиға орын алды. Қатты желден үрлемелі батут жақын маңда орналасқан дүңгіршектің үстіне аударылып қалған. Салдарынан 2007 жылы туған жеткіншек қаза тапты. Қуанып барған бала әке-шешесіне қайғы жұтқызды. Ал 2004 және 2012 жылы туған үш бала түрлі жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен...
Негізіне көшсек, көшеге, саябаққа үрлемелі аттракцион орнату үшін рұқсатты әкімдік береді. Сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда орталықтарының аумағында мұндай аттракцион екі шаруашылық субъектінің жалдау келісімшарты негізінде орнатылады. Осындайда заңды сұрақ туындайды. Неге рұқсат берген мекеме орнатылған батут немесе ойын алаңдарындағы басқа да құрылғыларға жете бақылау жасап, орнатқан уақытта оның қауіпсіздігіне назар аудармайды? Әлде, болды, ақша қалтаға түсті, «іс бітті, қу кетті» деп қоя салуымыз керек пе? Неге біз осы «жау кеткен соң қылышты боққа шауып», кінәліні іздеп шарқ ұрумен шектелеміз? Кінәлі адам жазаланар, бірақ қаза тапқан баланың орны тола ма? Мүгедек болып қалған балалар бұрынғыдай қуанып, жердің шаңын шығарып жүгіре ме?..
Ал Төтенше жағдайлар комитеті болса, қайғылы оқиға орын алғаннан кейін ғана қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарға қатты жел кезінде балалардың көшедегі батутта ойнауын шектеу керегін ескерткен. Мұны қалай түсінеміз?
Сондай бір салғырттық салдарынан, апта өтпей жатып, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Семей қаласындағы Ертіс жағалауында әткеншек құлап, тағы да 5 бала зардап шекті. Тағы да сол тексеру комиссиясы оқиға орын алған соң ғана құрылған.
Дәрігерлер 4 баланы ауруханаға жеткізді. Кейін зардап шеккендер үйлеріне жіберілді. Тағы бір бала жеңіл жарақат алып, ауруханаға барудан бас тартқан. Бұл әткеншек те Қарағандыдағы «қанды батут» сияқты жеке кәсіпкерге тиесілі екен.
Өткеннен сабақ алар біз бе? Содан кейін «Қостанайда үрлемелі батут ұшып кетті» деп хабарланды. Жантүршігерлік оқиғаның видеосын жергілікті «Алау» сайтының редакциясына оқырмандар жолдапты. «Шамамен 20:30 кезінде болды. Қатты жел соғып, батут ұшып кетті. Ішінде балалар жоқ екен қайта. Бұл не сұмдық өзі?» деп хабарлады қала тұрғыны», – дейді алаулықтар. Куәгер бұл жайтты терезеден видеоға түсірген. Оқиға «Аэропорт» шағынауданында болған көрінеді.
Бізде осы ақшаның буы сақтықты ұмыттырды. Әйтпесе, болып жатқан жайлардан сабақ алар уақыт жетті ғой. Орнатылған батут болсын, әткеншек немесе басқа да ойын алаңдарындағы балаға қуаныш сыйлар дүниелеріміз көңілге күлкі емес, қорқыныш табын қашанғы ұялатады?!
Осындайда жалпақ жұртқа жар салушы балалар құқығын қорғаушылар қайда қарайды? Кәсіпкерлер мен жауапты орындарды неге тезге салмайды?
Әр кәсіпкер қалта қамын емес, бірінші кезекке бала өмірін неге қоймайды? Сұрақ көп, оған мардымды жауап болса.
«Бала – бауыр етің». Олай болса, алдағы үш айда оларға тек қуанышты күндер сыйлайық!