Биыл – Қазақстанның Өзбекстандағы жылы. Осыған орай, жамбылдық өнерпаздар Өзбекстанның Жизақ облысында болып қайтты. Шара Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қыркүйегінде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында екі елдің ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысын нығайту мақсатында жамбылдық өнер шеберлерінің «Жамбылдан Жизаққа тарту» атты мәдени іс-шарасы Жизақ облысы Мырзашөл ауданынан бастау алды.
Мұндағы қазақ халқы шоғырланған Гагарин ауылындағы Өзбек-Қазақ мәдениет орталығында салтанатты қарсы алу шарасы өтіп, Жизақ облысы мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахродов келген қонақтарға ыстық лебізін білдірді. Достық делегациясын бастап барған Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев іс-шараның маңызына тоқталып, екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі бастамалардың жастарды рухтандырып, отанына деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктерін арттыратынын нық сеніммен айтты. К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі А.Малдыбаевтың «Көне Тараз», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындаса, Д.Басықараев пен Д.Байзілдаев күй тартыспен халықты тәнті етті. Мәдениет саласының үздіктері О.Азаматова, Ж.Омаров және Д.Диханбаева халық әндері мен жергілікті композиторлардың әндерін нақышына келтіре шырқап, Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі биден шашу шашты. Ал Жуалы аудандық халық театры Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты А.Әшімовтың өмір тарихына құрылған поэтикалық драмасын ұсынды. Жамбылдық өнер шеберлері жизақтықтарға шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибе алмасты. Мырзашөл ауданына саяхат ұйымдастырылып, жетістіктерімен танысты. Қандас бауырлармен кездесіп, қариялардың алғысына бөленіп қайтты. Өз кезегінде Жизақ облысы бойынша Қазақ мәдени орталығының төрағасы Өтеп Сейдамановқа Жамбыл облысының атынан сый-сияпат табыс етілді.
Ал облыстық кино орталығының мамандары Ташкент қаласындағы Алишер Науаи атындағы мәдениет сарайында кино күндерін өткізді. Аталған маңызды шараға Өзбекстанның киноиндустрия саласының белгілі мамандары, көптеген фильмді әлемге танытқан тұлғалар арнайы қатысты. Облыстық кино орталығының директоры Сайлаубек Лесбаев Өзбекстанның орталық телеарналарына шараның мақсаты мен көрсетілетін фильмдер туралы қысқаша сұхбат беріп, көрермендер «Жаужүрек мың бала», «Біздің қаланың ханзадасы» атты көркем фильмдері мен «Мұзбалақ» анимациялық фильмін тамашалады. «Өзбеккино» ұлттық агенттігінде өткізілген баспасөз конференциясында Облыстық кино орталығы тарапынан түсірілген қысқаметражды және деректі фильмдерге өзбекстандық мамандар үлкен қызығушылық білдірді. Алдағы уақытта меморандум аясында екіжақты бірлестік арқылы жобалар жасау келісілді.
Жамбылдық өнерпаздардың Жизақтағы мәдениет күндері Жизақ облыстық музыкалық драма театрында өткен гала концертпен түйінделді. Жизақ облысы әкімінің орынбасары Азизбек Эгамбердиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахродов бауырлас екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі іс-шаралар ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысты одан ары нығайта түсетініне сенім білдіре отырып, жамбылдық делегацияға қасиетті Мекке мен Өзбекстанның ғажайып табиғаты суреттелген сағатын сыйға тартса, Жамбыл облысы әкімдігінің атынан облыс шеберлерінің қолынан шыққан Жамбылдың бейнесі өрнектелген кілемше және «Көне – Тараз» картинасы табыс етілді. К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі мен Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі Жизақ жұртшылығына жергілікті және Қазақстан композиторларының күйлері мен әсем әндерін ұсынса, өңірлік айтыскер ақын, республикалық ақындар мен термешілер қоғамының мүшесі Дидар Басықараев бауырлас өзбек еліне қазақтың қара домбырасымен арнауын айтып, көрерменнің көңілінен шықты. К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова өзбек халқының танымал «Кетма» әнін шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді. Сонымен қатар Қазақстаннан барған делегация Жизақ облысының тарихи-мәдени орындарын тамашалап, Орталық Азиядағы ең ірі және көне шаһар әрі Жібек жолы бойында тұрған ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген Самарқанд қаласында орналасқан «Регистан» алаңы, Әмір Темір мен Биби Ханым кесенелері, Мырза Ұлықбек обсерваториясы, «Шахин-Зинда» және «Хазірет Қызыр» мемориалды кешеніне және бірқатар ескерткішке экскурсия жасады.