Атыраулық кәсіпкерлер 14 қаһарманға бюст орнатты
Атыраулық кәсіпкерлер 14 қаһарманға бюст орнатты
477
оқылды
Атырауда Жеңістің 75 жылдығына орай «Тағзым Аллеясы» ашылды.  Жергілікті әкімдіктің бастамасымен Жеңіс саябағына – Ұлы Отан соғысының атыраулық қаһармандарына арналған 14 бюст орнатылды. Гранит тұғырға орныққан қола мүсіндерден Кеңес Одағының батырларын көруге болады. Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Александр Афанасьев, Қайырғали Смағұлов, Иван Махорин, Мұқат Мұсаев, Филипп Мазуров, Георгий Канцев, «Даңқ» орденінің толық иегерлері Шүкір Еркінов, Гавриил Шамин, Ғизат Әліпов, Евгений Полынин, Сақап Қызылов пен Халық қаһарманы Хиуаз Доспановалар Жеңіс саябағына келушілерге бейбіт өмірдің оңайлықпен келмегенін паш етіп тұрғандай. Батырлардың біразы соғыстан аман оралып, ұрпақ сүйіп, еліне қалтқысыз қызмет етті. Ерлігі аңыз болған, соғыстан оралмаған батырларды  жерлестері мақтанышпен еске алуды ұмытқан емес. Қала әкімі Қ.Оразбаевтың айтуынша, жиырма жыл бұрын салынған «Жеңіс» саябағы әр жылдары мерекелік атаулы күндерге орай жаңартылып келеді. Биыл саябақтың аумағы кеңейтіліп күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Саябақтың жанына 1000 ға жуық алма талы отырғызылып, 3800 шаршы метр газон төселіп жатыр. «Тағзым Аллеясы» жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жасалды.

Тұрсын  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы.

Жеңіс саябағы Хиуаз Доспанова