Әкімнің бағасын ауызсу анықтайды
Әкімнің бағасын ауызсу анықтайды
310
оқылды

Бес жыл ішінде қала мен ауыл халқы ауызсумен 100% қамтамасыз етілмек. Бұл туралы Үкімет басшысы хабарлады. Премьер Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орталықтандырылған су және кәріз жүйелеріне қатысты мәселелер қаралды.

Үкімет жетекшісі елді­мекендерді сапалы ауызсумен жабдықтау мәселесінің маңы­зы­на екпін түсірді, өйткені бұл түйткілдің түйінін тарқату халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. «Қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Премьер-министр.

Бұл ретте Алматы және Қызы­лорда облыстары ауыл­дарды ауызсумен қамтудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізіпті. Ал Жамбыл, Қоста­най және Павлодар облыстары әкімдіктеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, ауылдарды сумен тұрақты түрде қамту шараларын күшейту тапсырылды.

«Әкімдіктер жұмысы нәтижесінің жаңа көрсеткішін белгілеу қажет, ол – халықтың таза ауызсуға қолжетімділігін қамтамасыз ету болады!» – деп нықтаған А.Мамин ауылдық, топтық су таратқыштарға қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында осы функцияларды Ауыл шаруашылығы министр­лігіне беру мәселесін пысық­тауды жүктеді.

Ол 2023 жылы ауыл-қаланы сумен жүз пайыз жабдықтау мақсатында өңірлік жоспар­ларға түзетулер енгізуді, барлық сумен қамту нысанын пайда­лануға беру үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Отырыста қалаларда кәріз­дік-канализациялық тазарту нысандарын (КТН) салу және қолданыстағыларын жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге жеке көңіл бөлінді. Осы нысандар жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бірқатар халықа­ралық қаржы институттары мұндай жобаларды қаржы­ландыруға қызығушылық танытыпты. Премьер халықа­ралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік аясында қаржыландыру тетіктерін пысықтауды жүктеді.

– Азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, жайлылықты арттыру, қала немесе ауылдық жер екеніне қарамастан, халықты сапалы ауызсумен толық жабдықтау бойынша Елбасының Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қойған міндетін орындау қажет. Бізді Президент Қ.Тоқаевтың өңірлерге жұмыс сапарлары барысында беріліп жатқан қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету тапсырмаларын орындау бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр, – деді Асқар Мамин.

Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша баяндаған индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Роман Склярдің мәліметінше, Қазақстанда 18,4 миллион адамның 90,2 пайызы немесе 16,5 миллионы орталықтанды­рыл­ған түрде құбырмен жеткізілетін суды тұтынады. Қалған екі миллиондай адам суды құдықтан алады, бұлақтар мен өзен-көлден тасып ішеді. Қалалардағы өмір сапасын арттыру үшін шаһарларда биыл осы көрсеткішті 97%-ға дейін, ал 2023 жылы 100%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Ауылдарда жергілікті орта­лық­тандырылған сумен қамту жүйесіне ауылдықтардың 6,5 миллионы (84%-дан астамы) тартылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы бұл көрсет­кішті 88%-ға, ал 2023 жылы 100%-ға жеткізуді жоспар­лап отыр.

–Тұрғындарының саны 200 адамнан аз шағын ауыл­дар­ды санитарлық нормаларға сәйкес келетін ауызсумен қам­та­­масыз ету үшін суды тазар­та­тын «кешенді блок-модульдер» орнату көзделуде. Нәтижесінде, 1 333 ауыл осы­лай­ша сумен қамтылады. Ал тұр­ғындары 200 адамнан аса­тын 1 274 ауыл орталықтан­дырыл­ған сумен қамтылатын болады. Нәтиже­сінде, 2 607 ауылда тұратын 1,2 мил­лион адам санитарлық нормаларға сай келетін суға қол жеткізеді, – деп уәде етті Р.Скляр.

Биылғы сәуірде Қауіпсіздік кеңесінің экология мәсе­лелеріне арналған отырысында Елбасы Н.Назарбаев қалалар­дағы кәріздік тазарту жүйелерін жаңғыртуды тапсырған бола­тын. Министр осы міндетті орындау үшін өз ведомствосы КТН салуға бюджеттен тыс қаражаттар тарту тетігін әзірле­генін жеткізді.

– Біз сарқынды суды тазарту нормативтерін еуро­палық стандарттарға сәйкес келтіруді ұсынамыз. Сарап­шылар пікірінше, бұл күрделі шығындарды 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Биогаз өндіру және лай-тұнбаны қайта өңдеу мүмкіндігі бар энергиялық тиімді техно­логиялар енгізіледі. Сонымен қатар МЖӘ жобаларын іске асыру кезінде тұрғындарға түсетін жүктемені азайту мақ­сатында тарифтерді субси­диялаған дұрыс. Бұл 3 жыл ішінде қалалардағы кәріз-тазарту жүйелерін толық жаң­ғыртып шығуға жол ашады, – деді Роман Скляр.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мембағдарламасы аясында топтық су құбырларын пайдалану, салу және рекон­струк­­циялау «Қазсушар» рес­пуб­ликалық мемлекеттік кәсіп­орнына жүктелгенін еске салды. Оның қарауында ұзын­ды­ғы 12 мың шақырымнан аса­тын 33 топтық су құбыры бар.

«2011-2018 жылдары 1 035 шақырым желі салынып, 1 441 шақырым желі реконструк­цияланды. Сөйтіп, 49 нысан іске қосылды. Соның арқа­сында жалпы саны 553 мың тұрғын өмір сүретін 268 ауыл­дық елдімекенді сумен жабдық­тау жақсартылды. Жалпы алғанда, топтық су құбыр­ларындағы желілердің тозу деңгейі 75%-дан 56%-ға дейін төмендетілді», – деді АШМ басшысы.

Оның дерегінше, бүгінде 2 281 шақырым желі реконс­тру­к­­циялауды талап етеді. Биыл топтық су құбырлары бойын­ша 12 жобаны жүзеге асыруға 14,6 мил­лиард теңге бөлініпті. Оның ішінде жыл соңына қарай 8 жобаны аяқтау жоспар­лануда. Соның нәти­же­сінде, 1 185 шақырым желі жаңа­дан төселіп, рекон­струк­цияланады, 126,8 адам тұратын 68 ауылға таза су келуге тиіс.

Бұған қоса, тапсырыс беру­шінің барлық топтық су құбырларын және кентішілік желілерді салу және рекон­струк­циялау функциясы енді «Бірыңғай операторға» бекітіп берілмек. Сонда суды бастауы­нан ақырғы тұтынушыға дейін жеткізу ортасында өрген делдал­дар жойылатын көрінеді. Әйтпесе, бұл делдалдар ауыз­суды топтық су құбырларынан субсидияланған арзан тариф­пен сатып алып, ізінше оны халыққа өз үстеме құндарымен сатып жүр.

Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев енді ауылдардағы кентішілік желілермен бірге, топтық су құбырларын төсеуге, қайта қалпына келтіруге және пай­далануға жауап беретін бірыңғай оператор «Қазсушар» РМК негізінде құрылатынын мәлім етті.

«Ол су бастауынан ақырғы тұтынушыға дейінгі қызмет­терді бір өзі ұсынады. Осы арқылы сумен тәулік бойы және үздіксіз қамту жолға қойылады. Мысалы, қазір тарифтің субсидияланатын бөлігі елдімекеннің шекара­сына дейін жұмыс істейді, ары қарай делдал пайда болады да, тұрғындарға өз құнын белгі­лейді. Енді делдалдар жойы­лып, оператор тұтыну­шыға бірыңғай тарифін орнатады», – деді вице-министр.

Атап өтер жайт, қазіргі уақытта Қазақстандағы 6 499 ауылдың тек 546-сы ғана «Қаз­сушар» РМК-сының топтық су құбырларынан ауызсу алуда. Қалған елдімекендер комму­нал­дық немесе жекеменшік түріндегі топтық және жергі­лікті сумен жабдықтау желі­леріне тәуелді.