Пандемияда талай газет жабылды...
Пандемияда талай газет жабылды...
290
оқылды
Кейбір сарапшылар «коронавирус пандемиясынан соң әлем енді бұрынғы қалпына келмейді» дейді. Басқа са­ла­ларды қайдам, ақпарат нарығына, соның ішінде мерзімдік ба­­­сылымдарда үлкен өзгеріс болары хақ. Болып та жатыр.  Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде. Қалалар, өңірлер жа­был­ған соң газеттің діттеген жеріне жетуі қиын. Есесіне, он­лайн ақпараттың, байланыстың сұранысы артты, дәуірі туды. Ендігі кезекте ақпарат нарығының халі не болмақ? Пандемия уақытында АҚШ-та 36 мың журналист далада қал­ған немесе жалақысы қысқарған. Ал жарнамаға негізделген кейбір га­зеттер жабылып қалған. Бұл ел­де соңғы 60 күнде былтырмен са­лыстырғанда экономиканың өзге секторларында жаңа жұмыс орындары 24 пайызға кемісе, ме­диа саласында 35 пайызға азайып кет­кен. Ақпарат нарығы үлкен шы­ғын көруде. Бизнес тоқтаған соң олардан келетін жарнама да күрт азайған. АҚШ-тағы ірі бұқа­ра­лық ақпарат құралдары сол шы­ғынын азайту үшін қызмет­кер­лерінің жалақысын қысқар­туға көшкен. Мәселен, BuzzFeed жаңалықтар сайты жылына 40 мың доллардан жоғары жалақы алатын қызметкерлерінің та­бы­сын қысқартқан. Басшылықтың да айлығы 25 пайызға кеміген. Vogue, Vanity Fair, The New Yorker ба­сылымдары да жылына 100 мың доллар табатын қызмет­кер­лерінің қаражатын 10 пайыздан 20 пайызға дейін қысқарту туралы шешім қабылдаған. Жағдай қиын­даса, редакторлармен қош айтыспақ. Ал АҚШ-тың басқа штат­тарындағы жағдай бұдан да қиын. Түрлі БАҚ (газет, сайт) өз қызметкерлерінің 40-50 пайызы­мен қоштасқан. Себеп біреу – ко­ронавирус тарағалы түсетін қар­жы кеміп кеткен. Ұлыбританиядағы газеттер де қа­зір қиындықты бастан кешіру­де. Бұл елде таралымы ең көп га­зет – Metro өзінің әдеттегі 1,5 мил­лиондық тиражын қазір 400-500 мың данаға дейін қысқартқан. Ал JPI Media компаниясы 12 өңір­лік газетті жауып, 350 қыз­мет­керін жұмыстан шығарған, қал­ғандарының жалақысын 15 пайыз­ға кемітті. 150 жылдық та­рихы бар South London Press га­зе­ті де редакторларының тең жар­тысымен қош айтысып, оқыр­­­­мандардан қаржылай көмек беруін сұрап отыр. Express және Mirror секілді белгілі басылым­дар­дың иесі Reach компаниясы 4 700 қызметкерінің 940-ын жұ­мыс­тан босатты. Қалғандарының ай­лығын 10-20 пайызға кесті. Се­беп сол баяғы – газетке келетін жарнама жоқ, өйткені бизнестің ісі тұралап қалды. Ал газет сата­тын орындар жабық. Бұл тенденция Қазақстанға да келері анық. Бәлкім, пандемия­ның қаржылық салдары биыл жаз айларында сезілетін шығар.Се­бебі еліміз коронавируспен күресу үшін 6 трлн теңгеге жуық қаражат бөліп, қатты шығындалды. Оны жақын уақыт аралығында өтей қоятын бизнес те, экономикалық даму да байқалмайды. Жақында Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылы отандық экономика бар-жоғы 0,9 пайыз дамуды көр­сетеді деп болжады. Ал AERC ұйы­мы тіпті пессимистік көз­қа­раста. Олардың болжамынша, биыл соңғы 22 жылда алғаш рет экономикамыздың дамуы 0,9 пайыз (минус) болмақ, яғни кері кетпек. Аталған дағдарыс компа­ниялардың шығындарын, соның ішінде жарнамаға бөлетін қара­жатын күрт азайтатыны белгілі. Сәйкесінше, көптеген ақпараттық жобаның қаржыландырылуы тоқтап, тіпті қаламгер қауымның біраз бөлігі шетелдегідей жұмыс­сыз қалуы да бек мүмкін. Жалпы, былтырғы статисти­каға зер салсақ, Қазақстанда 204 республикалық және 521 аймақ­тық газет тарайды. Қазпошта арқылы жазылатын газет пен журнал саны – 108 млн 363 мың. Оқырманның 54 пайызы жергі­лікті газетке жазылатын көрінеді. Ал оқырман кім? Оқырманның 73 пайызы ауыл тұрғындары. Газетке ең көп жазылатындар – Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облысының халқы. Енді сандарды сөйлетсек. Ауыл азамат­тары үшін әлі де газет – ақпарат алудың бірден-бір көзі. Себебі интернет байланыс аймақтарды толық қамтыған жоқ. Газеттен қол үзбегендер оңтүстік өңірлер, яғни қазақтілді аумақ. Дегенмен ға­ламтор кеңістігі кеңейген сайын ауылда газетке деген сұраныс төмендей беретінін болжау қиын емес. Сондықтан ақпаратты сау­са­ғымен парақтап оқитын жан уақыт өте келе азаяды. Бұл – әлем­дік үрдіс. Әрине, кез келген бұқаралық ақпарат құралының қазіргі кезде даму жолы оның цифрлы нұс­қасымен қатар жүруі керек. Уақыт талабы. Азаматтар күнделікті ақпаратты қолындағы смартфоны арқылы әп-сәтте алып жатқанда мобильдік нұсқаны, сайттарды дамытпау, оны ерекше контентпен толтырмау кері шегінумен тең. Әлемдік газеттер электронды жазылымға өтіп кеткелі қашан. Бұл – өте тиімді бағыт. Себебі электронды жазылымда шығын жоқ, есесіне ақылы болғандықтан, пайдалы. Мәселен, былтыр жыл соңында The New York Times газе­тінің 4,7 млн онлайн жазылған оқырманы болса, биыл сәуір айында олардың саны 6 млн-ға жеткен. Өйткені карантин уақы­тында оқырман қарасы күрт арт­қан. Алайда отандық және әлем­дік сайттардың айырмашылығы бар.    width= Айталық, сөз болған The New York Times әлемдік тіл – ағылшын тілінде ақпарат тарататын әрі бір жарым ғасырлық тарихы бар бренд. Дүниежүзінде ағылшын тілін меңгерген кісі саны 1 мил­лиардтан асып жығылады. Олар­дың белгілі бір мөлшері ақпарат үшін аз да болса ақша төлеуге даяр. Сәйкесінше, басылымның онлайн-жазылым бағасы да арзан. Мәселен, сол The New York Times айына 2 доллар сұраса, Washington Post жылдық жазылымды 29 дол­ларға бағалап тұр. Яғни, жарнама, корпоративті жазылым, басқа да табысты есептемегенде тек он­лайн жазылушылар газетке ай сайын 12 млн доллар әкеліп тұр. Сырттай қарағанда жеңіл әрі тартымды бағыт. Алайда бұл механизмді біздің елде жүзеге асыру қиындау. Оның өз себебі де бар. Алдымен қазақ тілінің қол­дану аясы Қазақстан аумағы ғана екенін еске салып, бір саусақты бүгейік (шеттегі бауырларды есеп­ке алмасақ). Екіншіден, біз­дің қоғамда ақпаратты тауар ре­тінде қарастырып, ол үшін ақша төлеу мәдениеті толық қа­лып­таспады. Әрине, бұл арыздануға себеп емес. Басылымдардың даму келешегі және отандық БАҚ осы бағытқа бейімделуі тиіс. Пандемия мерзімді баспасөз басылымдарының жағдайын қиын­датса, керісінше әлеуметтік желі, стримингтік қызметтерге жаңа аудитория сыйлады. Оның себебі де қарапайым. Карантинде үйіне қамалған миллиондаған адам бар қызықты қолындағы смартфоннан немесе ноутбукте­рінен тапты. Мәселен, әлемнің ең ірі әлеуметтік желісі Facebook-те жыл басынан бері белсенді қол­данушылар 100 млн-ға артқан және осында аккаунты бар жалпы адам саны 2,6 млрд-қа жеткен. Мұндай жетістік компанияға табыс әкелері анық. Сондықтан Facebook биыл алғашқы 3 айдың қорытындысы бойынша 17,7 млрд доллар пайда тапты. Фильм мен сериал, түрлі ойын-сауық жобасын көрсететін стримингтік қызметтердің де айы оңынан туды. Төрт қабырғада жа­бырқап қалған жұрт уақытын со­ларды қараумен өткізуде. Мә­се­лен, АҚШ-тың атақты Netflix-не биыл алғашқы үш айда 16 млн жаңа жазылушы қосылды. Был­тыр осы уақытта 9,6 млн оқырман жазылған екен. Яғни, екі еседей көп деуге болады. Осылайша, Netflix-ті ақылы түрде қарайтын көрермен саны әлем бойынша 182 млн-ға жетті. Бұл, әрине табысты еселеп (709 млн доллар), компа­ния құнын 192 млрд долларға жеткізді. Сарапшылар мұны уа­қытша көрсеткіш десе де, қазір Netflix компаниясы Exxon Mobil (174 млрд доллар) және Chevron (156 млрд доллар) секілді мұнай алыптарынан да қымбат тұрады. Пандемия, сондай-ақ онлайн бейнебайланыс қызметіне сұра­ныс туғызды. Себебі дүниежүзі бойынша компаниялар қызмет­керлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Ал шәкірттер онлайн білім алу әдісіне ауысты. Бір қы­зығы, бұған дейін бейнебайланыс саласында кең таралған Skype емес, 2013 жылы іске қосылған Zoom сұранысқа ие болды. Мә­селен, былтыр желтоқсан айында Zoom сайтын күнделікті 10 млн адам қолданса, қазір олардың қатары 200 млн-ға жетті. Мұндай жоғары сұраныс компанияның құнына да оң әсер ететіні анық. Сәуір айында құнды қағаздар нарығында Zoom-ды 31,7 млрд долларға бағалады. Сонымен, пандемия ақпарат нарығына үлкен өзгеріс әкелді. Нақтырақ айтсақ, ақпаратты та­рату әдіс-тәсіліне. Карантин аяқ­талса да, жұрт бойы үйренген цифрлы кеңістіктен қол үзбейтіні анық. Яғни, отандық ақпарат құ­рал­дары да жағдайға бейімделуі тиіс.  

 width=   Нұрмұхамед БАЙҒАРА