Кеше Португалия құрамасы Ұлттар лигасының жартылай финалында Швейцариямен кездесіп 3:1 есебімен жеңді. Матчтағы үш голды да Криштиану Роналду соқты.
«Ювентус» шабуылшысы матчтың 25, 88 және 90 минутында қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Швейцария құрамасынан тек қорғаушы Рикардо Родригес 57 минутта 11 метрлік айып добын сәтті орындады.
Роналду соңғы рет құрама сапындағы голын былтыр Әлем чемпионатында Марокко қақпасына салған. Ал соңғы хет-тригін Испания құрамасына жасаған еді.
Әлем чемпионатынан кейін Роналду біраз уақыт ұлттық құрама жиынына келген жоқ. Футболшы А сериясына енді ғана ауысып жатқандықтан жаңа клубы сапына біраз бой үйретуді жөн санаған. Ол ұлттық құрама қатарына биыл наурыз айында ғана қосылды.
Португалия финалда Голландия – Англия жұбының жеңімпазымен кездеседі. Финал 9 маусым күні болады.