Түркістанда да Лондонның қызыл автобустары жүретін болады
Түркістанда да Лондонның қызыл автобустары жүретін болады
422
оқылды
Қаланы дамыту мақсатта құрылыс жұмыстар қарқынды жүріп жатқан Түркістанға өткен жылы 1,5 млн турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,7 млн адамға жетеді деп күтілуде. Қаланың экологиясын таза ұстауға және туристерге жағдай жасау үшін биыл Түркістан көшелерінде екі қабатты туристік электрлік автобустар жүргізілетін болады. 

Түркістан облысы басшысы Өмірзақ Шөкеев пен қытайлық «BYD» компаниясының өкілдері арасында Түркістан қаласында шоғырланған тарихи-мәдени орталықтарға туристерді тасымалдау үшін экологиялық таза көлік ендіру мәселесі бойынша кездесу өтті.

Кездесуде Өмірзақ Естайұлы өңірге келетін туристер мен зияратшылар санының жыл сайын артуын тілге тиек етіп, оларға жасалатын қолайлы жағдайдың да жақсаруы қажеттілігін айтты. Мәселен,  2018 жылы Түркістан облысына 1,5 млн турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,7 млн адамға жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау аясында 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өніміндегі туризм үлесін 8%-ға жеткізу туралы айтылды.

Кездесу нәтижесінде өңірге ұзындығы – 12 метр, ал сыйымдылығы – 82 жолаушы болатын екі деңгейлі туристік электрлік автобус жеткізілетін болды. Айта кетерлік жай, бұл автобустар «BYD» батареялары көмегімен жұмыс істейді және қуаты 200 км-ге жетеді. Бұл Түркістанның экологиялық жағдайы тұрғысынан алғанда жағымды қалаға айналуына өз үлесін қосады деп күтілуде. «BYD» өкілдері автобустарды биылғы жылдың соңына дейін толық тасымалдайтынын баяндады.

Сондай-ақ, қос тарап арасында Түркістан облысы аумағында электрлік батареялар, күн панельдері, және де электрлік автокөліктер мен электрлік автобустар құрастыру бойынша өндіріс ашу жөнінде келіссөздер жүргізілді. «BYD» сарапшылары бұл жобаға қызығушылық танытып, нарық әлеуетін зерттейтін болды. Өз кезегінде, облыс басшысы қытайлық тарапқа өндіріске қолайлы жағдайлар жасалған арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтардың бар екендігін айтып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Қытай делегациясының бұл іс-сапары – ағымдағы жылғы 20-23 мамыр аралығында ҚХР-на Түркістан облысы делегациясын бастап барған облыс басшысының орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен «BYD» президенті Ванг Чуанфу мырза арасындағы келісімдердің іс жүзіне асуының жалғасы.

«BYD» – бұл жоғары технологиялық компания және жылына 700 мыңға жуық электрлік көлік шығаратын қуаты бар өз саласының әлемдік көшбасшысы. BYD электроника саласында Samsung смартфондарының шамамен 60%-ын құрастырады, ал Huawei компаниясы үшін мобильді құрылғылардың 50% жинайды.