Демографиялық дүмпу де жаман емес. Соған сай халық саны өсіп, мектептер, емдеу мекемелеріне және тағы басқа мәдени-әлеуметтік нысандарға деген сұраныс барынша күшейген. Облыс әкімінің Талғар ауданына жасаған сапарында бұған көзіміз жете түсті.
Ауданның Бесағаш ауылындағы Қазақстан, Желтоқсан, Бейбітшілік көшелеріндегі жасалған жөндеу жұмыстарына 27,3 млн теңге бөлінген. Сәуір-мамыр айларында атқарылған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1,6 шақырым жолға асфальт төселіпті. Осы ауылдағы Белбұлақ, Ломоносов, Молдағұлова, Құрманғазы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және Молдағұлова көшесі аяғындағы көпірді жөндеудің жобалық-сметалық құжаттарына 3,7 млн теңге қаражат бөлініпті. Жалпы аудандағы жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысына биыл 596 млн теңге бөлінсе, оның 100 млн теңгесі – күрделі жөндеуге, 95,5 млн теңгесі орташа жөндеуге, ал қалған сомасы ағымдағы жөндеуге қарастырылған.
Облыс әкімінің ауылда жүргенін естіген бесағаштықтар күнде жолыға бермейтін басшылар алдында мәселелерін айтып қалуға асықты. Оларды негізінен толғандыратын жағдайлар жолдың нашарлығы мен ауызсудың сапасы, мектептің қашықтығы, денсаулық сақтау мекемесінің жұмысы сынды күнделікті тірліктің тірегі болатын салалар екен. Амандық Баталов жыл сайын облыстың өзіне тиесілі жолдарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 16 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге дейін қаржы бөлініп отырғанын айтты. Соның ішінде биыл Бесағаш ауылының аталған төрт көшесін жөндеуге қаржы міндетті түрде бөлетінін жеткізді. Түрғын үйлер салу кезінде мектеп пен балабақша, медициналық пункт салуды да естен шығармау керегін жанында жүрген лауазымды тұлғалардың есіне салды. Облыс əкімдігіне тұрғындардан келіп түсетін өтініштерде Талғар ауданының бірқатар ауылдарындағы ауызсу мәселесі де көтерілген болатын. Аталған мәселелердің шешілу барысы да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі кезде Өстемір, Кеңдала, Нұра, Еркін, Тереңқара ауылдарында су құбыры тартылуда.
Талғар қаласындағы құрылысы аяқталған 60 пәтерлі несиелік тұрғын үй бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ пәтерлерді бөліп жатыр. Осы үйдегі 14 пәтер кезекте тұрғандарға беріледі. Құрылысы жүріп жатқан 60 пәтерлі жалдамалы 2 тұрғын үй құрылысы келер жылдың ақпанында аяқталуы тиіс. Алайда облыс әкімі қалған қаржысын жылдамдатып шешіп, нысандарды қарашаға дейін аяқтауды тапсырды. Сөйтіп күздің соңына қарай кезекте тұрған тағы 120 азамат, соның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен бюджет қызметкерлері баспаналы болмақ. Бұлардан басқа «Жаңа Talgar City», «Алма Тау», «Нұрия», «Достар», «Аспан сити» тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталғанда жалпы аумағы 850 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, соның тең жартысына жуығы «7–20–25» бағдарламасымен ұсынылмақ. Қарасай ауданы аумағында салынатын «Қарлығаш», «Гранит» ТК туралы да айтылды осы сапар кезінде. Облыс әкімі ең алдымен құрылыстың сапасына назар аударуды, ең бастысы мектеп, балабақша, тірек пункті, дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды жобалауды, бейнебақылаумен қамтуды ұмытпау керектігін ескертті. Сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Талғар ауданында бүгінгі күні 3012 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның 547-сі – көпбалалы, 700-і – әлеуметтік әлжуаз топтан, 900-і – бюджеттік сала қызметкерлері.
– Қазіргі кезде Алматы облысында 10 мың шақырым жол болса, соның 7,5 мың шақырымы – жергілікті жолдар. Біз ауылішілік жолдарға ерекше назар аударып, қомақты қаржы бөліп, реттеп жатырмыз. Бесағаш ауылындағы жол – соған дәлел.
Талғар ауданында халықты баспанамен қамту тым күрделі болып тұр. Облыста 145 мыңнан астам адам кезекте тұрса, соның басым бөлігі Алматы қаласы маңындағы аудандарға тиесілі. Елбасының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7–20–25» мемлекеттік бағдарламалары және көпбалалы отбасыларға арнап үйлер салу міндеті тұрғындарды баспанамен қамтуда көп мүмкіндіктер береді. Бизнесті бірлесе жұмыс істеуге тартудың нәтижесінде бір ғана Талғар ауданының өзінде 850 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталды. Осы пәтерлер ретімен қолданысқа берілгенде кезек те жылжиды, сұраныс та азаяды. Тұрғын үй кешендерінде халықтың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан әлеуметтік нысандармен, бейнебақылаумен қамту ойластырылған.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы