Қазақстан баламалы энергия көздерін өндіру мақсатында «Жасыл экономикаға» көшуді алғашқылардың бірі болып қолға алған ел. Бұл бағытта елде бірнеше ірі жобалар қолға алынды.
Алдағы екі жылда «Хевел» компаниялар тобы Қазақстанның баламалы энергия көздері саласында қуаттылығы 300МВт болатын жобаларды іске асырады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Хевел» ЖШС компаниялар тобы арасында баламалы энергия көздері саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында белгілі болды.
«Хевел» компаниялар тобының девелоперлік бөлігі – «Авелар Солар Технолоджи» ЖШС Қазақстанның оңтүстік аумағында жалпы қуаттылығы 70МВт (20 МВт және 50 МВт) болатын екі күн электр станциясын салу бойынша аукциондық сауданың жеңімпазы деп жарияланды.
Қол қою Петербордағы халықаралық экономикалық форум аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің «Хевел» компаниялар тобының бас директоры Игорь Шахраймен кездесуі барысында өтті. Тараптар тығыз коммерциялық байланыстарды дамыту, екіжақты инвестициялар көлемін және баламалы энергия көздері саласындағы технологиялар трансфертін ұлғайту туралы келісті және меморандум Қазақстандағы бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды механизміне айналатынын атап өтті.
Меморандумға сәйкес, «Хевел Казақстан» Қазақстандағы күн энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыру үшін инвестициялау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Инвестиция көлемі жобалардың талаптарына сәйкес анықталатын болады.
Сонымен қатар, кездесу барысында Ахметжан Есімов елдегі энергетиканы дамытудың ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру аясында қор жұмысының нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, жалпы қуаты 100 МВт құрайтын Орталық Азиядағы ірі күн электр станциясының «Бурное» PV өндірісін іске асыруды аяқтады. «Бурное-1» және «Бурное-2» альтернативті энергия көздерін салу және өндіру бойынша станциялар қазіргі күн әлеуетін дамытуға, қоршаған ортаға теріс әсерін төмендетуге, қазба орындарын үнемдеуге және парниктік газдар шығарындарын азайтуға бағытталған. Жобалар көмірқышқыл газының шығарындарын жылына 120 мың тоннаға (1200-ден астам вагон көмір) және күкірт диоксидін жылына 1800 тоннадан астам азайтады.
Айта кеткен жөн, 2013 жылы «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баламалы энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. Құжаттар баламалы энергия көздерін табысты дамытуға және осы саладағы инвесторларды қолдауға бағытталған.