Әділ сайлау – елдің құты
Әділ сайлау – елдің құты
418
оқылды

Елбасы толтырған сайлау бюллетенін дауыс беру жәшігіне салған соң, арнайы әзірленген орында өзін күткен қа­зақстандық және шетелдік ақпарат құралдарының өкілдеріне шағын сұхбат берді. Ол Қазақстан халқының осынау тарихи сайлау арқылы ел болашағын айқындайтынына екпін түсірді.

– Бүгін азаматтарымыз респуб­ликамыздағы және шет мемлекеттердегі 10 мыңнан астам сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатыр. Сайлау науқаны барлық елде және барлық заманда халық үшін тарихи сәт саналады. Бұл ретте адамдар ел Президентін ғана емес, сонымен қатар өз болашағы мен та­ғ­ды­рын да таңдайды, болашаққа деген сенімі мен үмітін білдіреді. Қазақстандықтардың ақ тілегі, асыл ниеті – елдің амандығымен, жұртымыздың тыныштығымен, мемлеке­тіміздің өркендеуімен байланысты екенін білемін. Сонда әр отбасының тұрмысы жақсарып, жақсылыққа кенеледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы, сондай-ақ осы жолғы прези­денттік доданың ерекшелігіне тоқталды.

– Биылғы сайлаудың ерекшелігі мәлім. Өздеріңіз білетіндей, мен прези­денттік өкілеттігімді тоқтатып, жастарға жол бердім. Бұл – дұрыс шешім. Төңірегіміз түгел дамып, ілгері қозғалып барады. Қазақстанды жаңа биіктерге бастауы үшін ел басшылығына жасампаз ойлы жаңа буын келуі тиіс. Президенттік өкілеттігімді тоқтату жөніндегі шешімімді бүкіл әлем түсіністікпен қабылдады, мақұлдады. Көптеген елдің көш­бас­шыларынан қаншама хат алдым. Олар Қазақстанда билікті беру процесінің бейбіт жағдайда, демократиялық жолмен өтіп жатқанын жоғары бағалауда. Демек, бүгінгі сайлау сәтті өтсін, елге құт-ырыс болып дарысын! – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға амандық, елімізге тыныштық пен бақ-береке тіледі.

Осы орайда журналистер Елбасыдан Қазақстанның болашағына қатысты пікірін сұрады.

– Мемлекетіміздің болашағына қа­тысты барлық мәселе, соның ішінде халықаралық қоғамдастықпен ын­ты­мақ­­тастымыз да «Қазақстан–2050» страте­гиясында егжей-тегжейлі жа­зыл­ған. Біз ға­сыр ортасына дейін дүние­жү­зін­дегі да­мы­ған елдердің қатарына қосы­луымыз керек. Оған жету үшін дамуымыз – озық, іс-қимылымыз – қа­жырлы, хал­қы­мыз – ауқатты, эко­номикамыз – қуат­ты болуы тиіс, – деп түйді Н.Назарбаев.