Исраил Сапарбай, ақын: Қазақтың мұңы – менің мұңым
Исраил Сапарбай, ақын: Қазақтың мұңы – менің мұңым
1,890
оқылды
Ақын-сазгер, драматург,  Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбайдың ата-бабасы Түркістан ауданының Қандөз ауылын мекен еткен.  30-жылдардағы ашаршылықта жүз шақты отбасы қырылып қалатындай халге жеткен соң, ауылдың бір  бас көтерер адамы ағайынның амандығын ойлап Өзбекстанның  Самарқан уәлаятына қоныс аударуды ұйғарады. Олар арып-ашып, Жызақ тауынан асып, өзбек еліне қоныс тебеді. Міне, осы Кушрабад ауданында 1942 жылдың 15 мамырында біздің кейіпкеріміз өмірге келіпті.                                                               Әкенің жөні бір бөлек – Өмір бақи өкінетін бір жағдай – үш жасымда әкем өмірден озыпты. Анамыз Айткүл қолындағы төрт баламен 30 жасында жесір қалыпты, – деп әңгімесін бастаған Исраил ақын аз-кем ойланып отырып қалды. –  Әкемді көбіне елден есту арқылы білемін. Бірақ бала болсам да әкем жайлы бір көрініс менің көз алдымда сурет болып сақталып қалған. ...Үйдің айналасы  толған адам, біреулері жылап-сықтап, біреулері томсырайып тұр. Қандай дәстүр екенін қайдам, қайтыс болған кісіні мәңгілік сапарға алып кетіп бара жатып, оның үстіне теңге шашты. Үлкендер де, кішілер де теңгені теріп ала бастады. Мен де енді еңкейіп ұмтыла беріп едім, қасымда тұрған ағам «Жерлеуге әкетіп бара жатқан біздің әкеміз, саған алуға болмайды» деп қолымды қағып жіберді. Әкеміздің бірінші әйелі ертерек қайтыс болып кетіпті. Әкем тері илеп, одан етік, мәсі-кебіс тігетін айтулы ұста болған екен. Өз әулетін былай қойғанда бір ауылды асыраған адам. Ұсталық бұйымдарын базарға шығарып, кейде қазағы бар, өзбегі бар үйден де алып кетеді екен. Нағашы атамыз әкеме «Сапарбай, мәсі-кебісіңді алдым, бірақ төлейтін ақшам болмай тұр. Мына 14-ке қараған қызым Айткүлді саған бердім. Қалыңмал сұрамаймын. Мені қарызынан құтылды деп есепте. Сен келім-кетімің көп адамсың, отбасыңды ұстайтын жан керек. Қызымды жас деме, саған әйел болады. Атыңа мінгізіп алып кет» депті. Міне, сол анамыз сегіз құрсақ көтеріп, төртеуі ерте шетінеп, қалған төртеуіміз өсіп-өндік. Бүгінде екі ағам да өмірден озды. Інім екеуіміз қалдық.                                                                     Анамның ақиқаты Ақынның төрт-бес жас шамасы кезінде ауыл адамдарының қолорақпен  бидай оратыны есінде. Аналары таңсәріден жұмысқа кетіп, іңір қараңғысында қайтады. Соғыстан кейінгі қиын жылдар. Қайтарында жаулығының шетіне бір уыс масақ теріп әкеледі. Шиеттей бала-шағаның талғажау тамағы сол. Кейде бригадир көріп қалса, «Астық Мәскеуге керек болып жатқанда сенің мұның не? Сотталайын деп пе едің?» деп масақты төктіріп тастайды екен. Аналары ошаққа от жағып, қазанды майлап, әкелген бидайын қуырып береді. Бұлар оны тез жеп қоятын болған соң үйдегі қолдан тоқылған жалғыз алашаға масақты шашып жіберетін. Төртеуі төрт жақтан еңбектеп теріп жеп жүріп, қалжырап ұйықтап қалады екен. Енді қайтсін,  байғұс ананың ойлап тапқан амалы ғой. – Елуге келгенімде елге – Мырзашөл өңіріндегі Гагарин қаласына, ағамның үйіне бала-шағамызбен бардық. Бүкіл туыс жиналды. Төрт баласынан тараған бүкіл немерелері жанында, төрт көзіміз түгел болған сәтте анамыз: «Бір құпиямды ашайын деп отырмын. Көрге өзіммен бірге кетпесін» деді. Бәріміз елең ете қалыстық. Сондағы анамыздың айтқаны мынау: «Бірде бригадир, басқарма және ауылдың бір ақсақалы іңірде сау етіп үйге кіріп келді. Оларға беретін тамақ жоқ, қуырмашымды балаларға беріп қойғам. Бірақ олардың екі кештің арасында тегін келмегенін сездім де, әліптің артын бақтым. Әлгілер: «Айткүл, сені аяп отырмыз, әбден әбіржіп біттің. Таңертең жұмысқа кетесің, кеш қайтасың. Төрт балаң ұядағы балапан секілді аузын ашып күтіп отырады. Мына түріңмен күйеуге шыққың жоқ. Сенен рұқсат болса, мыналарды   Балалар үйіне  берсек қайтеді?» дейді. Сонда анамыз «Жоқ, өлсем балалармен бірге өлем. Қамқорлықтарыңызға рақмет!  Балаларымнан тірідей айырылмаймын» деп қайтарып жіберген екен. Мұны елу жасқа келгенде анамның аузынан бірінші рет естідім. Сол кезде анамызды жаңа көргендей төртеуіміз көз жасына ерік беріп  анамыздың етегіне оралдық. Егер біз Балалар үйіне тапсырылсақ, ол жақтың тәрбиесі мүлдем бөлек қой. Қандай болып өсер едік? Бірімізбен-біріміз қайта  табысар ма едік? Оны тек қана бір Алла біледі... Қазір үйіміздің төрінде анамның суреті ілулі тұр. Ол кісімен ойша жиі сырласамын. Сөзге шешен, әнші, реті келсе керегені түріп тастап, қайнаға, қайныларымен сөз қағыстырып, суырып салып айтыса кететін ақындық өнері бар еді. Ал нағашымыз Сыр бойына белгілі ақын болған, – дейді Исраил аға.                                                          Талантымды ашқан – Тайқара – Балалық шағым ауырлау болды. Бала кезде еркелей алмағандығымнан болуы керек, қазірдің өзінде кішкентай немерелерімнің алдына басымды қойып еркелегім келіп тұрады. Бұл  өзі өмір бақи орны толмайтын дүние сияқты, – дейді Исраил аға. – Екінші сыныпта оқитын ағама ілесіп, алты жасымда мектеп табалдырығын аттап, өзбекше әріп танығанмын. Түркістаннан барғандар «Қызыл шаруа» атты артель құрып, сол жерде отыз жылдай өмір кешеді. Сосын Мырзашөл өңіріне қарай қайта қоныс аударып, Жетісай маңайына тұрақтайды. Осылайша, Мақтаарал ауданындағы (бұрынғы Киров ауданына қарасты)  Мақталы ауылында мектепте оқыдым. 8-9-10-сыныпты 4-5 шақырым жердегі Тельман атындағы орталықта оқыдық. Анамыз матадан дорба тігіп береді.  Кітап-дәптеріміз бен сия-сауытымызды соған саламыз. Сабақ екілердің шамасында басталатын болса керек, біз кешігіп қалмау үшін сәскеде үйден шығамыз. Кейде жолда алысып-жұлысатынымыз бар. Сия-сауытымыз төгіліп, дорбамыздағы кітаптарымыз ағал-жағал болып қалатын. Анамыз бір жапырақ нан салып береді. Кейде ол да болмай қалады. Мен ғой жартылай жетіммін. Бізден екі-үш жас үлкен Тайқара деген бала тұлдай жетім болды. Былай шыға бере, ол біздің нанымызды тартып алады. Әбден ызамыз келеді. Төбелессек жеңілетініміз, таяқ жейтініміз анық. Не істеу керек? Тайқара нанымды тартып алған күні қарным шұрылдап, үйге бүктетіліп келемін. «Реңің бозарып кетіпті, бір жерің ауырып тұр ма?» деген апама болған жайды айта алмаймын. Айтсам, Тайқара одан бетер ұрып-соғады. Ондай жағдай бастан бірнеше рет өткен. Әбден ыза болдым. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезіміз. Әдебиет пәнінен сабақ беретін Елтай Бимағамбетов ағайымыз ақын еді. Аракідік «Кім өлең жазады?» деп сұрайтын бізден. Баламыз ғой, үндемейміз. Тайқараның зықы әбден өткені сонша, бір күні ағай үзіліске шығып кеткен сәтті пайдаланып, тақтаға бір шумақ өлең жаздым: – Тайқара, Тайқара! Аузы-басы май қара. Нан дегенде тоймайды, Тартып жеуін қоймайды. Қарны қабақ, арамтамақ. Балалар «Исраил өлең жазады екен» деп шулап қоя берді. Сол екі арада сыныпқа ағайымыз кіріп келді. Тақтадағы жазуды өшіріп үлгермедім. Тайқара қос жұдырығын түйіп алған. «Былай шыққан соң көресіңді» қабағымен ұқтырып тұр. Тағы таяқ жейтін болдым-ау деп ішім қылп ете қалды, бірақ іштегі шерімді бір шығарғаныма қуандым. Балалардың бәрі ағайға емес, тақтаға қарап күледі. «Әй, не болды сендерге? Кім не бүлдірді?» деген ағайға балалар жарыса «Ағай, тақтаға қараңыз» деп жатыр. Тақтадағы өлеңді оқыған ағай: «Мен көптен бері күтіп жүрген ақын біздің ортамыздан шықты ғой. Қайсың ол?» деп сұраған сайын ұялып төмен қараймын. Негізі, бала күнімде ынжықтау болғанмын. Ағай мені тақтаға шығарып, «Исраил деген ақын шықты. Әй, Тайқара, сен тарихта қалатын болдың. Өлеңге қарасам, сен мұны ұрады екенсің ғой» дейді. Балалар «Тайқара тек Исраилды емес, бәрімізді ұрады» деп шулап қоя берді. Ағай Тайқараны да тақтаға шығарып алды. Бізге «Екеуің достасыңдар» деді. Қол алысып едік, «Жоқ, құшақтасып достасыңдар. Енді бір-біріңді ұрмайсыңдар. Мынау саған тәрбие болады. Балаларға әлімжеттік жасама» деді ағайымыз. Содан кейін расында да төбелеспейтін болдық. Нанымызды бөліп жейміз.                                                  Менен тракторшы шықпады Мектепті үздік бітірген ол жоғары оқу орнына түсуге құштар болды. Ойын анасына айтқанда, «Балам, ағаң да пединститутта оқып жатыр. Екі жыл шыда, сосын барарсың. Екеуіңді бірдей қалада оқытуға шамам жоқ» деді. Қанша қиналса да анасының айтқанынан асып кете алмады. Комсомол ұйымының хатшысы болып, белсене жұмыс жасады. Туысқан ағасы «Исраил, қыста бос жатпай, Мақтааралдағы техникумның үш айлық тракторшылар курсын бітіріп алайық» деді. Келісті. Тракторшы деген етектей қағазға ие болды. Көктем шыға мақта егілді. Бір трактор еншісіне тиді. Мақтаның түбін қопсыту керек. Алқапта келе жатып артына қарап еді, бригадир ағасы қол бұлғап «Тоқта!» деп белгі беріп жатыр екен. Қараса, төрт қатар жүйектің мақтасын қырып салыпты. Оқуға тапсыруға әлі 7-8 ай бар. Сапар деген ауыл ұстасы бірге жұмыс істеуге шақырды. Ауылдағылар балта, балға, орақтарын, тракторларының соқа, тырмаларын ұстаға алып келеді. Төске салып соларды шыңдайды. Әне-міне дегенше бұлшық еті білеудей жігіт болып шыға келді. Осылайша, екі жылдың өтіп кеткенін білмей де қалды.                                              Шоқ басып шойырылып қала жаздағам Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне 1962 жылы оқуға түсті. Ептеп ақсаңдап басатыны бар-ды. Сол себепті күзде өздігінен сұранып, үш жыл Украинада әскерде болды. Мектепте оқып жүргенде балалар «Маймақ» деп мазақтайтын. Оның өз себебі бар. 2-3 жас шамасында бірден екі аяғы сал болып, жүре алмай қалған. Ем-домшыл анасы, әйтеуір, аяғынан тік тұрғызды. Соған осы күнге дейін таңғалады. Ол аз болғандай, 6-7 жасында екі аяғын күйдіріп алған. Балалар есік алдындағы алаңқайда асық ойнайтын. Сақалары сайма-сай. Киіз басқанда, өрмек тоқығанда жүнді қазанда бояйды. Сол қазанға салып жіберсе асықтары түрлі-түсті болып шыға келеді. Өзі солақай. Керегеге ұтып алған асықтарын қатар тізбектеп іліп қояды. Кешке балалардың не әкесі, не шешесі келіп тұрады. «Жоқ, ұтып алдым, бермеймін» деп шыр-пыр болады бұл. Анасы «Бере сал, ертең тағы ұтып аласың ғой» дейді. Кейін келе ұтылғандар бір жапырақ нанын немесе бидайын ала келетін болды. Осылайша, кіп-кішкентай болып үйді асырауға аздап көмегін тигізгені бар. – Мекембай ағам он алты жасында үйленген. Неге екенін қайдам, жеңгем Анар тандырдың күлін үйді айналдырып төгіп тастай беретін, – деп аяғын күйдіріп біраз әлекке түскен кезін еске алды ақын ағамыз. – Бір күні асық ойнап жүргенде, сақам ұшып барып күлдің ортасына түсті. Оны аламын деп мен де күлдің ортасына түсіппін. Быж ете қалсын. Шыңғырып жібердім. Күл дегенім қып-қызыл шоқ екен. Апам «Ойбай, мына баланы тағы Құдай ұрып қалыпты» деп көтеріп алып, жеңгеме қара қазанды суға толтыртып, соған салды. Менің аяғымды қисайтып басуыма кішкентайымда сал болғаным, одан шоққа түскенім себеп болды. Мектепке баратын кезде адымымды үйрек сияқты басатынмын. Өте намысшыл болдым. Түн жарымда тұрып алып аяғымды тура басуға дағдыланам. Балалардың мазағы әбден құлағымды сарсылтты. Оның үстіне жүрісім баяу болғандықтан толып барамын.   Балалар «Жалпақ сары» дейтін. Бетім секпіл-секпіл. Рең-басым өзіме ұнамады. Институтқа түскен соң өзім сұранып әскерге аттанып, шынығуым керек деп шештім. Сержанттарды дайындайтын мектепте он ай оқыдым. 15-20 шақырымға жүгіртеді. Бір аяғым әлсіз ғой. Талай рет есімнен танып құлап қалған кездерім болды. Бірақ сол мені шынықтырды. Әскерден келгенімде жұрт мені танымай қалды. Кәдімгідей жігіт болып қайттым. Қазір түзу жүремін, білінбейді, бірақ мен оған үлкен еңбекпен жеттім.                                                    Жар таңдауда жаңылғаным жоқ Соңғы  курста оқып жүргенінде Шымкентте Мәдениет институты ашылды. Еліміздің барлық өңірінен жастар оқуға келді. Басым көпшілігі – қыздар. Өзі оқитын пединституттың қыздары аз болғандай, сол жаққа барғыштай берді. Композитор Сүгірәлі Сапарәлиев екеуі дос. Ол күнде ән шығарады. Біздің кейіпкеріміз де республикалық газеттерге өлеңдері шығып қалған әжептәуір ақын. Жатақханада тұрады, ауылы ұзақта, екі күннің бірінде барып келе беретін жер емес. Сүгірәлінің отбасы бар. Аптасына үш-төрт рет соған барады. Бірде досының үйіне барса екі қыз жүр. Сүгірәлімен бірге оқитын қыздар екен. Сол үйде жазған ән мәтіндері мен машинкаға басылған өлеңдерін әлгі қыздың біреуі оқып отыр екен. «Өлең оқыса жаман болмағаны ғой. Менің ақындығымды түсініп, табиғатымды ұғатын шығар» деп ойлады.  Жар таңдауда ішкі түйсігі алдаған жоқ. Сүгірәлі досының да сөзі қамшы болды. Қызбен етене танысып, бірге киноға барып жүрді. Жұпар Төлеби ауданынан екен. Қызға құда түсіп, жөн-жоралғымен үйленді. Келіншегі үшінші курста оқитын, өзі оқуды бітіріп, облыстық газетте істеп жүрген кезі. Пәтер жалдап тұрды. Тұңғыш қыздары Жанар дүниеге келді. 15 жыл Шымкент қаласында тұрғанда 14 рет пәтер алмастырыпты. Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, кетерде ғана төрт бөлмелі пәтерге қолдары жетті. Бірақ  баспаға бес жыл бұрын дайындап берген кітабы шықпай жатты. Кітабының шығуы кешеуілдей берген соң, «Алматыдағы  әдеби ортаға бармасам болмайды екен» деп шешті. Бала-шағаны Шымкентке қалдырып, жалғыз өзі Алматыға аттанды. Үйді ауыстыруға мүмкіндік болмады. Жылдар сырғып өтіп жатты. Олжас Сүлейменов, Ғаббас Қабышев, Оразбек Сәрсенбаевтардың арқасында үш жылдан соң, Алматыдан үш бөлмелі пәтерге қолы жетіп, отбасын көшіріп алды. Алматыда пәтер жалдап жүргенде де түрлі-түрлі тағдырлармен жолықты. «Ауылдан келген ару» атты тұңғыш пьесасы сол кезде жазылды. – Зайыбым 40 жылдан бері бір балабақшада жұмыс істеп келеді.  Бүлдіршіндерге ән, би үйретеді. Расын айту керек, бізде балаларға арналған ән тым аз. Жұпардың өтінуімен  кішкентайларға арналған он шақты ән жаздым. Жарым менің бір қырымды толтырып жүр. Болашақ ұрпақты өсіріп, солардың бойына қазақы рухты құйып жатыр. Қызметтері өлшеусіз болғандықтан оларға үлкен құрметпен қараймын. Ақынның көңілін табу қиын. Балаларды, үйді тастап әдеби ортаға кеттім. Алматы мені құшағын жайып қарсы алған жоқ. Балаларды бағып-қағып өсірген Жұпар, – дейді ақын. – Қаршадайымнан жетім қалып, әкем тәрбиелемесе де, өмірдің өзі тәрбиеледі. Алматыда мені ешқандай туысым күтіп тұрған жоқ. Ақын ретінде өзгелерді мойындатуым керек болды. Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Жұматай Жақыпбаев, Иран Ғайыптармен дос болдым. Кезінде ішіп те, шалқып та жүрдік. Достарымның үйлері, жұмыстары бар. Мен үй-күйсізбін. Бір күні «Осылай жүре беремін бе? Алматыға неге келдім?» деп өз-өзімді сұрақ қойып, қайрадым. «Жалын» баспасына жұмысқа орналастым. Бірте-бірте атым шыға бастады. Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Қабдікәрім Ыдырысов – бәрі менің өнер жолындағы  ағаларым. Ал өмір жолым жазмышыма байланысты екен. Не болса да өзім көрдім. Додаға да, бәйгеге де, көпшіліктің ортасына да, өнерде де өзімді салдым. Ол мені әбден шынықтырды.                                                             Көргені көп Көбей ағам – Ақын ретінде атым шыға бастағаннан кейін өсіп-өнген Мақтаарал ауданы кездесуге шақыра бастады. Көбіне Жетісайдан қайтатынмын, – дейді Исраил аға. – Көршілес Мырзашөл ауданының Гагарин қаласындағы ағаларымның үйінде қонақ болып жатқанымда, ауданның бірінші хатшысы Бегім Серіков  іздеп келіп: «Айналайын, Исраил, сен өзің оқыған мектебіңе барып, Жетісайдан қайтатын көрінесің. Біздің не жазығымыз бар? Мырзашөл ауданында түгел қазақтар тұрады. Оны аз десең, сенің екі бірдей ағаң осы өңірде тұрып жатыр емес пе? Осында келіп, неге кешіңді өткізбейсің? Мен саған ренжіп келіп отырмын» деді. Қатты састым. Ай өткенде Әбиірбек Тінәлиев пен Бибіажар Махамбетовамен барып, бір апта кездесу өткіздік. Халықтың ықыласы керемет болды. Гагарин қаласының әкімі Көбей Самұратов үйіне шақырып, қонақ етті. Кейіннен білдік, Көбекең Шәмші Қалдаяқов ағамыздың өкіл інісі екен. Шәмші ағамыз Оңтүстікке барғанда Гагарин қаласына ат басын бұрмай кетпейді екен. Көпті көрген Көбей ағамыз дастарқан басында «Исраил, сенің өлеңдеріңде таусылмайтын мұң бар. Сен неге мұңдана бересің? Саған бір нәрсе жетпейтін сияқты. Жетім өскенің көрініп тұр. Халықтың еңсесін көтеретін өлең жазсаң деген ағалық тілегім бар. Алла тағалам, сенің несібеңді халыққа шашып жіберген. Сенде бәрі бар. Халық саған құшағын ашып, дастарқанын жайып қарсы алып жатыр. «Анау жоқ, мынау жоқ» демеші. Әсіресе, материалдық жағдай жайлы ойламай-ақ қой. Сенен артық кім бар? Алла тағалам саған рухани байлық беріп отыр. Ал рухани байлық барда жоқ деген сөзді айтпа. Мұңайма» деді. Маған бұрын-соңды ешкім мұндай сөз айтпаған-ды. Бұл сөздер менің өмірлік ұстанымыма айналды.  

«Сыған серенадасының» сыры

– Қанша дегенмен ананың аты – ана, ішінен шыққан баласын жаман болсын демейді, жұмсақ тәрбиелейді. Әкенің жөні бір басқа. Еркектік мінездің, жігіттік ұстанымның қалыптасуына әкенің тәрбиесі керек екен. Өмірден теперіш көргенде «Әттең-ай, әкем болғанда мыналар мені мұншалықты басынбас еді» деген ой болатын. Қазір жасымыз ұлғайды, біреуден таяқ жейтін жастан кеттік. Бірақ сөздің оғы жүрекке тиеді екен. Осының біразын көрдім. Бірде Шымкентте, облыстық ауруханада жатқан Шәмші Қалдаяқов ағамыздың көңілін сұрап бардым. Қатты сырқаттанып қалыпты. Әңгімелестік. Еңсесін көтеріп отырған соң, көкейімдегі көптен мазалап жүрген сұрағымды қойдым. «Аға, сізді «Вальстің королі» дейді. Бірақ сіздің  әніңіздің біразы вальске келмейді. Әсіресе, «Сыған серенадасы» деген әніңіз. Атының өзі қызық. Қазақтың әніне ұқсамайтын бұл ән қайдан келді? Қалай шығардыңыз? Басқа әндеріңіз бір төбе, бұл әніңіз бір төбе. Мен осы әнге ғашықпын. Бір ауыз болса да шығу себебін айтыңызшы» дедім. Шәкең әннің шығу тарихынан аздап әңгіме айтып, «Қалғанын Қадыр Мырза Әлі ағаңнан сұрарсың» деді. Сондағы айтқаны «Оқудан шығып қалған кезімде көшеде сығандарға тап болып, Алматының «Тастағындағы» сығандардың таборынан бір-ақ шықтым. Екі-үш күн қыдырып қайтамын деп ойлағанмын, сығандар алаңсыз өмір сүреді екен. Күндіз жұрттың қалтасын қағып келеді де, кешке қарай от жағады да билейді, гитарамен ән айтады. Бір жарым айдай  сығандардың арасында болғаным, сыған қызы Изольданы ұнатқаным рас» деді. Осы екеуара әңгімеден соң екі-үш айдан кейін  Шәмші аға өмірден озып кетті. Шәкеңнің өз аузынан естіген әңгіменің желісімен эссе немесе поэма жазғым келді. Бірақ қолым жүрмеді. Ақыры «Манкент» демалыс үйіне  барып 18 күн жатып, «Сыған серенадасы» пьесасын жазып шықтым. Спектакль ең алғаш Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында қойылды. Облыстық театрлардың біразында сахналанып жүр. М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында он жылдан бері үздіксіз қойылып келеді. Шымкентте Шәмші әндерінің дәстүрлі фестивалі өтетін болды. Мыңжасар Маңғытаев, Ілия Жақанов, Нұрғали Нүсіпжанов ағаларымызбен бірге әділқазылар алқасының мүшесі ретінде шақырды. Өзіме де обал жоқ, әділқазылар алқасы мүшелерінен бөлініп, Шәмші ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Жәмила, баласы Мұхтар, Отырардан келген туыстарына сәлем берейін деп еңкейе бергенім сол еді, жеңгеміз «Мына иттің баласын кім шақырды? Не ол кетсін, не мен кетем? Көзіме көрінбесін!» деді. Зал толы адам, жұрттың бәрі естіді. Қалшиып тұрдым да қалдым. Оқпен атқанмен бірдей болды. Ер адам болса жағасына жармасарсың, әйел адамға не істерсің?! Екі жігіт қолтығымнан демеп сыртқа алып кетті. Есімді жиып, «Рақмет, осы сөзді естуге келген болдым ғой...» деп кешке Алматыма қайтып кеттім. Үш күн бойы үйден шыға алмай қатты ауырып қалдым. Жәмила жеңгеміз «Сыған серенадасында» болмаған оқиғаны жазды, оны сотқа  беремін» деп тулапты. Оны баласы қостапты. «Мен бұл әңгімені Шәкеңнің өз аузынан естідім. Бұл оқиға болмаған күннің өзінде жазушы ретінде ол жайлы көркем шығарма жазар едім ғой» деген уәжіме ешкім құлақ салған жоқ.  Кезінде Оразбек Бодықов та «Сыған серенадасы» пьесасын жазып, тіпті ол сахнада қойылған. Былай алып қарағанда, менікі жаңалық емес. Бірақ бұл оқиға менің жүрегімді осы күнге дейін сыздатады...

                                                 Бүгінгінің бес қаруы

– Абай айтқандай, кемел жасқа келдік. Бұл торығудың толысуға, ақылдың парасатқа, жастың жасамысқа толайым бет бұруы деген сөз. Жасына лайықты сөз өру, өмір сүріп жатқан кезеңді ғана емес, келешекті де ой-таразыға салу – жақсы мен жайсаңға жарасар жағдаят. Қазір, Құдайға шүкір, дербес мемлекетпіз. Ол, қасыбіреулер айтқандай, өз-өзінен көктен түсе салған жоқ. Біздің әр күнімізде, әр сағат-сәтімізде бабалар ерлігі мен бірлігінің тасқа да, тағдырымызға да бедерлеп, бейнелеп қалдырып кеткен қасиетті Қолтаңбасы жатыр. Ол Қолтаңбада: «Біз үшін, өзің үшін, ертең үшін өмір сүр!» деген ұлы аманат жазулы тұр. Бұл аманат маңдайымызға Хақ тағала түсірген жазмыштан бір де кем емес. Бұл туған мен өлгеннің арасындағы өлшемді өмірдің өлшеусіз қағидаты. Әсіресе, осынау ұлы сапардың алмағайып тұсында амалсыз ат ауыстырған, ұлы көштің соңына ілескен әр қазақ үшін ұлы сын-сынақ. Сынаққа түскен екенбіз, әрқайсымыздың белімізде бес қару болуы тиіс. «Не бел кетер, не белбеу кетер!» деп атам қазақ баяғыда-ақ айтқан. Ол бесеу не? Бүгінгінің қаруы: Ілім, Білім, Ар, Намыс және Рух! Біреуі кем болса, сол ел – міскін, момын,  мүгедек!!! ... Өткен жылдың қазаны мен биылғы жылдың басына дейінгі аралықта қатты ауырып, үйден шыға алмай қалдым. Дәрігерлер он күннен кейін «Аурудың беті қайтты, ендігі айығу-айықпау өзіңізге тікелей байланысты...» деп ауруханадан үйге қайтарды.  Басты себеп иммунитеттің түсіп кеткендігінде екен. «Бұл да бір Жаратқан иенің сынағы шығар» дедім де, ойландым. Жан тәбетім өмірдің өзінде, одан қалса өлеңде. Тән тәбетім де тәп-тәуір сияқты еді... Ендеше, ауру қайдан килігіп, сырқат қайдан жабысты? Жабырқау жанға ой серік. Өзімді-өзім жақсы білем ғой, дәрігерлердің диагнозын іштей қабылдай алмадым. Енді не? Оны өмірлік жарым айтты. «Соңғы кезде саған ешкім ұнамай барады. Мені қойшы, мынау қоңырсыған қоғамда, көңірсіген көпшілікте, етегіне сүрінген ебедейсіз ел-жұртта нең бар? Анаған да, мынаған да көңілің толмайды, тіпті балаларыңа да жиі ашу шақыратын болдың. Жалғыз қалу саған мақсат па, осы?» дегенді Жұпар айтты. Ес жиюға тура келді. Ал мына қауым, қоғам ше? Қаймана қазақ қарауытқан кеште қайда кетіп бара жатыр?  Талауратқан таңнан не күтуге болады? Бүгін мен ертеңнің, ертең мен болашақтың арасы тым алшақтап барады... Тағы да ауырып қалмасам нетті, қоғамның, заманның дертін жазам деп жүріп... Тағы да сол Өлең – тағдырыма талғажау... Менің мұңым тек қана менің қайғым емес қой?! Қалғып кеткен қаймана – Қаңғып кеткен Елестей. Көшті қалай түзермін, Есті қалай жиярмын, Оң жағымнан жел еспей, Сол жағымнан ел өспей? «Бетегеден биікпін, аласамын жусаннан», Көріне ме көкжиек, көз сүзгенмен, құр шаңнан? Аларманның сүлейі, Берерменнің үрейі – Ақын қайда бусанған?! Батыр қайда құрсанған?! Жаңа туған жас бала... Кірпияз ба, кім өзі? Кімге ырыс, кімге құт кіндігімнің Кінәзі?.. Ауыздығын шайнаған арғымағым болмаса, Кімге керек қазақтың қойдай қоңыр мінезі?! Заман мынау апшынған айдаһардай жаланып, Не болмақшы қаптаса Қара аспанды қара бұлт?.. Қам-қаперсіз басыма қайта оралмас күн келсе, Қасқыр басым қаншыққа қалмаймын ба таланып? Ерке мінез ез емес, Еркек текті ел ем ғой?! Екі көзім телмірді-ау есік жаққа елеңдей... Көкбөрім-ау, көп-көрім қуарды ма бөктерің, Бөріктірген кім сені? Түске жүрсің неге енбей? ...Менің қайғым тек қана менің мұңым емес қой?! Қалғып кеткен қаймана – Қаңғып жүрген Елестей... Көшті қалай түзермін, Есті қалай жиярмын, Оң жағымнан жел еспей, Сол жағымнан ел өспей?... Ақын ағамыз бен Жұпар жеңгеміздің қызы мен қос ұлы қазір өмірден  өз жолдарын тауып, еңбектеніп келеді. Бәрі де отбасылы. Ешқайсысы осы күнге дейін жаман  атын естірткен жоқ. Мұның өзі тәрбиеге байланысты. Тұңғышы Жанар музыкант,  фортепианода  ойнайды. Үлкен ұлы Нұрлан түрік тілінің маманы. Кенжетайы Еркебұлан бүгінде Сапарбай әулетінің атын шығарып жүр. Белгілі скрипкашы. Мемлекеттік мерекелерге арнайы шақыртумен қатысып, өнер көрсетеді. Қылықты, тәтті немерелер өсіп келеді.