Түркістандықтар дауыс берді
Түркістандықтар дауыс берді
400
оқылды

Түркістан облысы құрылғалы алғаш рет сайлау науқаны өтті. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы 889 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы №133 сай­лау учаскесіне барып, өз таң­дауын жасады. Сондай-ақ ол БАҚ өкілдеріне сұх­бат беріп, еліміздегі саяси про­­­цестің өңіріміздегі өту бары­­сына қатысты ойын біл­дір­ді.

«Облысымыздағы 889 сайлау учаскесінің барлығы тиісінше дайындалып, маңыз­ды науқанды жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Халық жан-жақты ақпарат­тандырылып, мемлекетіміз үшін жауапты сәтте өз таңдауларын жасады. Өңірімізге ТМД-дан, ЕҚЫҰ-дан және өзге халықаралық ұйымдардан 45 бақылаушы сайлау бары­­сына бақылау жүр­гізіп жатыр. Барлық сай­лау учаске­ле­рінде 6 мың­нан астам мүше қар­қын­ды қызмет жасап жа­тыр және сайлау­шылар мен бақы­лау­шылар үшін барлық жағдай қа­рас­ты­рылған. Еліміз­­­дің келе­шегін айқын­дайтын ерек­ше сәтте бар­ша­ңызды бел­сен­ді болуға шақы­ра­мын», – деді Ө.Шөке­ев.


Түркістан облыстық ау­мақ­тық сайлау комиссия­сы­ның төрағасы Әлібек Өмір­ә­лиев берген мәліметінде об­­лыста жалпы 889 сайлау учас­­кесі бар екенін және тір­кеуге алынған тізімге сәйкес сай­лау­да 1 181 946 адамның дауыс беру құқы барын айтты. Ол сондай-ақ қазіргі таңда облыс бойынша ешқан­дай заң­бұзушылық болмаға­нын да жеткізді.

 Айта кету керек, облыс­тағы саяси процесті шетелдік бақылаушылар бақылады. Сондай-ақ еліміздегі қоғам­дық бақылаушылар да тиісін­ше қатысты.

Осы орайда облыста өткі­зі­ліп жатқан сайлау бойынша бірқатар сайлау учаскелеріне бардық. Мәселен, Кентау қала­сына қарасты Бабай­қор­ған ауылдық округінің Абай елдімекеніндегі №81 сайлау учаскесінде де ел ала таңнан бастап өздерінің дауысын беруге барыпты. Таңғы сағат 7-де 85 жастағы ауылдың абыз ақсақалы, еліміздің батагөй ақсақалдары арасында екі мәрте өткізілген Республи­ка­лық байқауда «Нартай» және «Мұса молда» атындағы жүлде­лердің иегері Әбдібек қажы Абылайұлы өмірлік серігі Батыр ана Ұлпатша әже­мен сайлау учас­кесіне таңдаған үміткерлеріне дауыс беруге келіпті. Мың айдың жүзін көріп, кіндігінен 80-нен астам ұрпақ өрбіткен қария бүгінгі сайлау науқаны мемлеке­тіміз үшін аса маңыз­ды екенін айтып, сайлау жұ­мы­­сының ашылуында сәт­тілік тілеп, ақ батасын берді. 

 «Бүгін кезектен тыс өткі­зі­ліп жатқан президент сай­лауын­да өзімнің таңдаған үміт­керіме дауыс беруге кел­дім. Бұл сайлау мемле­кетіміз және оның болашағы үшін өте маңызды. Сондықтан барша­мыз үміткерді дұрыс таңдап, сайлауды жақсы өткізуге атса­лысқанымыз жөн. Еліміз өр­кендеп, жұрты­мыз аман бол­сын! Халқы­мыз жақсы өмір сүріп, әлемдегі тыныш­ты­ғы сақтал­ған ел болайық», – деді қария. 

 Абай атындағы жалпы орта мектепте орналасқан №81 учаскелік сайлау комис­сия­сының төрағасы Ізетулла Адаев тіркелген тізім бойын­ша ауылда 818 адамның сай­лауда дауыс беруге құқы бар екенін және бүгінгі таңда ешқан­дай заңбұзушылықтың болмаға­нын және тұр­ғын­­дардың белсенділігі жоға­ры екенін жеткізді. Алғашқы дауыс берушіге арналған сый­л­ы­ғын табыстаған ол учаскеде үміткерлердің сенімді өкілдері қатысып жатқанын айтты. 

 Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесіне да­уыс беруге барған Nur Otan пар­тиясының Түркістан об­лыс­­тық филиалы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Нұр­ма­хан Жолдасов пен Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ прези­денті Болатбек Әбдірәсілов те өз пікірлерін білдірді.

 «Бүгін Қазақстанда ерек­ше күн. Яғни, тарихи күн деп айтуға болады. Кезектен тыс өткізіліп жатқан президент сайлауына келіп, өз таңдаған үміткерлерімізге дауыс бердік. Бүгінгі сайлауға халықтың өте белсенді қатысқанына куә бол­дық. Өйткені халық өзінің қала­ған үміткеріне дауыс беру­­ге ынталы болып отыр», – деді Нұрмахан Миятұлы. 

 Ал ректор Бекболат Серік­бай­ұлы сайлауда жастардың бел­­сенділік танытып жатқа­ны­­на тоқталды. 

 «Өздеріңіз көріп отыр­ған­дай, біз оқу ордамыз – Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің сту­дент­­тері де ағылып келіп, да­уыс берді. Мұның бәрі мем­леке­ті­міздің бола­шағы үшін, халық үшін болып жатқан жағдай. Мемлекетіміз қарқын­ды өркен­деп жатқан қа­дамы мен саясатына жа­ңыл­май, одан ары қарай дами берсе деген ойдамын», – деді ректор.

№133 сайлау учаскесі­нің төрағасы Бегахмет Абусей­тов­­тің айтуынша, учаске бойын­ша тіркелген 2 376 адам бар дауыс беруге құқылы. Оның 2 112-сі студенттер. Сон­­дай-ақ БҰҰ-нан, Өзбек­стан, Ресей сынды елдерден жал­пы 3 халықаралық бақы­лау­шылар да келген. 

Келесі тоқтағанымыз, Түркі­­стан қаласындағы 121 жыл­дық тарихы бар Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 мектепте орналасқан №104 сайлау учаскесінде де сайлау жұмыстары бірқалып­ты жүр­ді. Nur Otan партия­сының Түр­кістан қалалық филиа­лы­нан бақылаушы болып келген Замира Әкімбаева елдің көңіл күйі жақсы екенін айтса, «Ауыл» партиясының атынан өкіл болып келіп отырған Махаб­бат Мейірманова есімді бақылаушы: «Сайлауға дауыс беруге денсаулығының ақау­лы­ғына байланысты келе алмай­тындар мен жүре алмай­тын жасы үлкен кісілер үшін арнайы көліктер қарасты­рыл­ған екен, соларға барып, да­уыс бергендерін көзбен көріп қайттық», – дейді.

 №104 сайлау учаскенің төрайымы Тамара Зұлып­хар­қызы тұрғындардың жоғары дең­гейдегі белсенділікпен ке­ліп дауыс беріп жатқанын айтты. Түркістан облысы