Елорда төрінде кезекті рет дүрілдеп «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтті. Осы жолы Қазақстанның әр түкпірінен 33 балуан білек сыбанып, боз кілемде бағын сынамаққа келген. Алаштың арқасы қозып, айбыны асқақтаған бәйгеде Айбек балуанның айы оңынан туды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен сайысқа 14 облыстан сайдың тасындай іріктелген мықтылар қатысты. Қазіргі таңда отандық спорт шараларының ішіндегі рейтингі биік тұрған бұл доданы ұйымдастыруға – Nur Otan партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Мәдениет және спорт министрлігі, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры атсалысқан. Қарсыластың жауырынын жер иіскетем деп желпінген балуандардың ішіндегі ең ауыр салмақтысы Ерасыл Қажыбаев болды. Былтырғы турнирдің вице-чемпионы 151 келі салмақпен боз кілемге шықты. Ал жарыстың ең жеңіл салмағы – 90 келі салмақ дәрежесінде белдескен батысқазақстандық Хамзин Ерназар болды. Алты сағат уақытқа созылған жарыс аса тартысты өрбіді. Балуандар бірінен-бірі басым түсіп, кімнің чемпион боларын көрермен қауым болжап та үлгермей жатты. Қазақ күресінің көрермені қашанда мол. Спорт сарайына жиналған жанкүйерлер дүрмекке қиқу қосып, спортшыларға шабыт беріп, қанаттандырып, алға жетелеп отырды.
Бұл жолғы турнирде айтарлықтай сенсация бола қойған жоқ. Жас һәм жігерлі деген балуандардың көбі орта жолдан шығып қалды. Финалға жеткен Ерасылдың да, Айбектің де тәжірибесі, көргені мен білгені және білек күші көп спортшыдан артық екені де даусыз. Финалда алғаш болып Ерасыл ұпай еншілеген. Алайда аса тәжірибелі, 2013 жылы да осы турнирдің бас жүлдесін жеңіп алған Айбек есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығып үлгерді. Оның жасаған әдісіне төрешілер таза жеңіс бере қойған жоқ. Сол себепті, соңғы минутқа дейін айқасуға тура келген. Ақыры белдесуге берілген уақыт тамам болар тұста тағы бір тиімді әдіс жасап, қарсыласын айқын жеңіп кетті. Үшінші орын үшін болған тартыста алматылық Руслан Әбдіразақов Нұр-Сұлтан қаласының атынан қатысқан Айбат Сейтеннен басым түсті. Сайыс басталар алдында қатысушыларға сәттілік тілеп, батасын берген әйгілі балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жеңімпаз Айбек Нұғымаровқа 25 000 000 теңгенің сертификатын және алтын белбеу, алтыннан құйылған ауыспалы тайтұяқты табыс етті. Ал екінші орын еншілеген Ерасыл Қажыбаевқа 5 500 000 теңге мен күміс белбеу берілді. Бұл Ерасылдың спорттық мансабындағы «Қазақстан барысынан» алған екінші күміс белбеуі. Тұғырдың үшінші сатысына көтерілген Руслан Әбдіразақов 1 800 000 теңге және қола белбеумен марапатталды. Өзге балуандар мен жеңімпаздардың бапкерлері де құр қол қалған жоқ. Спортшылардың әр белдесудегі жеңісі үшін 100 000 теңге тағайындалған болса, чемпион мен жүлдегерлердің жаттықтырушыларына 3 500 000, 1 800 000 және 900 000 теңге сыйақы үлестірілді. Жарыстан соң журналистермен жүздескен Айбек Нұғымаров өз пікірін білдірген.
– Барлық белдесулер қиынға соқты. Ешқайсысын бөліп-жарып айта алмаймын. Оразаның аяқталғанына үш күн ғана болды, ал турнир әдеттегідей шілде емес, маусым айында өтті. Сондықтан жарысқа дайындық процесін біршама өзгертуге тура келді. Өз бойымдағы әлсіздікті сезіндім, бірақ соған қарамастан берілмей, бар мүмкіндігімді көрсеттім, – дейді чемпион.
Бұл жолғы турнирде айтарлықтай сенсация бола қойған жоқ. Жас һәм жігерлі деген балуандардың көбі орта жолдан шығып қалды. Финалға жеткен Ерасылдың да, Айбектің де тәжірибесі, көргені мен білгені және білек күші көп спортшыдан артық екені де даусыз.
Айбектің айтуынша, ол алған сыйақысының 10 пайызын қарттар үйіне аудармақ. Ол кез келген сайыстан алған жүлдесінің осыншама пайызын үнемі қарт жандарға аударып отырады екен. Сондай-ақ Семей қаласынан күрес залын ашу туралы да ойы бар екенін айтты. Спортшы карьерасын аяқтағысы келмейтінін де жеткізді.
– Тап қазір спорттық мансабымды аяқтай салғым келмейді. Келесі жылы да «Қазақстан барысына» қатысамын. Жеңімпаз болғандықтан іріктеуге қатыспау құқым да бар. Мемлекеттік қызметте істегендіктен күреске өзімді толықтай арнау өте қиын. Сондықтан келесі жыл менің карьерамдағы соңғы жыл болмақ, – деді балуан.
Турнирдің басты ұйымдастырушысы Арман Шораевтың айтуынша, жылдан-жылға «Қазақстан барысының» қатысушыларына деген талап та күшейе түспек.
– Келесі жылдан бастап әр өңірден тек бір спортшы ғана қатыса алады. Алғаш рет ұйымдастырған кезімізде әр аймақтан төрт балуаннан шақырып, жарысымыз түннің бір уағына дейін жалғасқан. Ал трансляция 12 сағатқа дейін созылып еді. Кейін әр өңірден келетін спортшы санын екеуге азайтып едік, бәсеке арта түсті. Соңғы жылдары Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан балуандар көп шығып жатыр. Аса ауыр салмақтағылар біраз бар. Керісінше, солтүстік жақта белсенділік аз. Бұл турнирге әлі де болса дұрыс мән бермей отырған өңірлер де бар. Қазіргі таңда Қазақстандағы ең табысты спорттық жоба екеніміз айдан анық. Сондықтан қатаң шаралар да қабылдаймыз. Ендігі ретте тек «Қазақстан барысының» іріктеуіне ғана емес, Еуропа чемпионатынан, басқа да жарыстардан жүлде алғандар біздің турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Келесі жылы биылғыдан да сапа артады деп ойлаймын. Биылдан бастап арнайы рейтинг жасаймыз. Бұл жарыстың сапалы әрі ыңғайлы өтуіне мүмкіндік береді. Алдағы уақытта белсенділігі төмен Ақмола, Қостанай облыстары турнирге қатысу мүмкіндігінен айырылады, – деді бас ұйымдастырушы.
Еске салсақ, бұл маңызды турнирді әр жылдары Ұлан Рысқұл (2011), Бейбіт Ыстыбаев (2012, 2015, 2016), Айбек Нұғымаров (2013, 2019), Мұхит Тұрсынов (2014), Еламан Ерғалиев (2017) және Ержан Шынкеев (2018) секілді балуандар жеңіп алған болатын.