Елмен бірге дауыс берді
Елмен бірге дауыс берді
342
оқылды

9 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары кезектен тыс президент сайлауына қатысып, Конституцияда кепілдік берілген дауыс беру құқығын пайдаланды. Елдің негізгі әкімшілік ресурсы шоғырланған қаладағы сайлау учаскелерінде мемлекеттік қызметкерлер мен билік өкілдерінің де қатары көп болды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің айтуынша, 9 маусым күні түнгі сағат 22.00-де жарияланған дерекке сәйкес, сайлауға Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының 68,9 пайызы қатысқан. Сайлаушылар тізіміне енген азаматтардың 77,4 пайызы сайлау учаскесіне келіп, заңды бюллетендерін пайдаланып, таңдау жасаған.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» концерт залында ашылған №138 сайлау учаскесіне бұл күні Премьер-министр Асқар Мамин келді. Ол аталған сайлау учаскесінде тіркелгенін растағаннан кейін бюллетень алып, таңдаған кандидатына қолдау білдірді. Дауыс беруге кезекте тұрған кезде Премьер-министр қала тұрғындарымен сөйлесті. Соңынан Асқар Мамин халықаралық бақылаушылармен кездесіп, пікір алмасты.

Қазақстан тарихындағы маңызды күні сайлау учаскесіне ерте келген Президент әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев та халықпен бірге дауыс берді. Ол «Астана Опера» театрының ғимаратында орналасқан №115 сайлау учаскесіне ерекше көңіл күймен келіп, азаматтық таңдауын жасады.