Бүгінде елімізде донор тапшы. Ал ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар күн сайын көбейіп жатыр. Біріне – бүйрек, енді біріне жүрек керек. Туысқандарының органын салудан бөлек, мәйіт донорлығы деген бар. Қазақстанда донорлықтың бұл түрі 2009 жылдан бері ресми түрде рұқсат етілген. Осы заңның аясында мемлекет аумағында қаза тапқан адамның ағзасын дәрігерлер мұқтаж пациентке салуға құқылы. Көзі тірісінде «дене мүшемді алуға тыйым саламын» деген құжат қалдырып кетпесе, донор болуы бек мүмкін. Мәйіттің ағзасын салуға қатысты көп сауалға Ұлттық ғылыми онкология орталығының аймақтармен жұмыс бойынша координаторы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев жауап берді.
– Заңда мәйіттің ағзасын аларда туыстарының рұқсатын алу міндетті емес делінген. Бұған көпшіліктің қарсы шығатыны да түсінікті. Келісім презумпциясы қаншалықты дұрыс әдіс деп ойлайсыз?
– Егер адам тірі кезінде өзі мәйіт болған соң ағзама тимеңіз десе, оған ешкім қол ұшын тигізбейді. Қолхат жазылмаса, дәрігерлердің шешімімен ағзаларын алуға рұқсат. Әдетте, донорлыққа рұқсат бергісі келетіндер учаскелік дәрігеріне барып, мәйіт донорлығына келісім беретінін жеткізеді. Одан кейін толық тексеріс жүргі-зіліп, қолхаттың бір нұсқасы – координациялық орталыққа, екіншісі туысқандарына жолданады. Донорлық туралы мәліметтер базада сақтаулы, жабық күйде болады. Жоғарыда атап өткенімдей, заңда туыстарының рұқсатынсыз алуға болады. Дегенмен біз небәрі 18 миллион тұрғыны бар, енді дамып келе жатқан елміз. Сондықтан жақындарымен келісіп жасаған дұрыс деп санаймыз. Мәйіттің туыстарымен тілдесіп, жағдайды түсіндіруге тырысамыз. Тірі адамнан гөрі мәйіт донорлығы тиімдірек. Өйткені оның бірнеше ағзасын алып, көп адамның өмірін сақтауға болады.
– Өлген адамның ағзасы түкке жарамайды деп ойлаушы едік. Осының басын ашып алсақ. Миы істен шыққаны толық көз жұмды дегенді білдірмейді ғой?
– Қазақстанда донор болудың екі тәсілі бар: тірі адам және мәйіт. Екінші жағдай туралы сұрап отыр екенсіз, түсіндіріп өтейін. Мәйіт деп миы өлген кезден саналады. Бірақ басқа ағзалары әлі де жұмыс істеп тұрады. Негізі миы істен шыққан соң әрі кетсе 3 тәуліктен кейін басқа органдар да өледі. Өйткені оған дейін олардың барлығы аппарат пен дәрінің күшімен ғана тұрады. Мәйіт деп танылған соң бірден туыстарымен сөйлесіп, ескертеміз. Міндетті түрде алдымен экспертиза жасалып, қай ағзасының сәйкес келетіні анықталады. Көбіне өлімі дереу келгендердің органдары алынады. Яғни, жарақат алса, миына қан кету сияқты жағдайларды жедел өлім дейміз. Ондай кезде заңға сәйкес, аутопсия жасалады. Бұл – мәйіт сойылып, неден екенін анықтау процедурасы. Содан барып оның пайдаға асатын ағзаларын мұқтаждарға салу жағын қарастырамыз.
– Трансплантация жедел жасалмаса, орган кәдеге жарамай қалады. Алынған ағзаны қанша уақыт ішінде салып үлгеру керек?
– Бізде арнайы ерітінділер бар. Оны консервант дейді. Мәйіт ағзасын алғанда, мысалы, жүректі тоқтатпай аламыз. Бірден аппаратқа қосылады. Өкпе сынды ағзаларға консервация жасалады. Яғни оларды қатырмайды, +4 градустық ерітіндіде сақтайды. Мұндай температурада ағза ұйықтап жатады. Мұны парабиоз жағдайы дейді. Сол жағдайға келтіріп, ұйықтатамыз. Негізі адам азғасы 40 градусқа дейін қалыпты жағдайда қызметін атқара береді. Одан асқанда протеиндер ұйиды, орган жұмыс істей алмай қалады. Ал енді консервация жасалған ағзаны саларда қайтадан жылытып, «оятады». Негізі трансплантация 12 сағат ішінде жасалуы тиіс.
– Әр адам міндетті түрде келісетін не тыйым салатындай етіп жасауға бола ма? Құжатта таңба тұрса дегендей.
– Әлемде түрлі тәжірибе бар. Ол жан-жақты зерттелген. Мысалы, жүргізуші куәлігіне белгі салу туралы айтайық. Куәлік аларда донорлық туралы сұралады. Дамыған елдерде бұл үрдіс біраз жылдан бері бар. Біз бар болғаны 2012 жылдан бастап айналысып келеміз. Басқа елдерде құжатқа белгі салу енгізілгенімен, біз жаппай енгізе алмаймыз. Өйткені оның бір қиын тұсы – адам құбылып тұрады. Кешегі шешімімен бүгін келіспеуі мүмкін. Ол кезде куәлікті қайта жасатып жүру – қосымша жұмыс. Егер қазір мұндай сауалнама жасайтын болсақ, 20 пайызы ғана келісім береді. Себебі, әлі мәдениет қалыптаспаған. Негізі ағза өлген соң көп болса, 5-6 жыл сақталады. Кейін еріп, тек сүйегі ғана қалады. Қытайда мынадай әдіс болған. Қазір қаншалықты қолданылып жүргенін білмеймін. Ату жазасына кесілген адамның ағзасын алады. Бірінші бастан атылады, миы өлген соң басқа ағзаларын кәдеге жаратады.
– Медицинаның дамуы сол елдегі трансплантацияның деңгейімен өлшенеді деседі. Басқа елдердің көрсеткіші қандай?
– Көршілес елдерге келсек, Қырғызстан, Түркіменстанда жасалмайды. Өзбекстанда енді қолға алынып жатыр. Ресей мен Қытайда жасалады. Ал енді даму жағынан АҚШ, Еуропа елдері көш басында. Жеті жыл ішінде Қазақстанда 1 667 адамға операция жасалған. Бірақ мұқтаж жандардың саны – 2 759. Оның ішінде 96-сы – бала. 2 320-сына – бүйрек, 316 адамға – бауыр, 114-не жүрек ауыстыру керек. 8 адамға өкпе, 1 адамға өкпе мен жүрек қажет екен.
– Донор болуға ынталандырудың қандай әдісін ұсынасыз?
– Бұл үшін бесіктен бастап тәрбие беру керек. Біз – көпұлтты мемлекетпіз. Қаншама діни конфессия бар. Яғни, әркімнің ойы әртүрлі. Мына қызықты қараңыз, донорлардың 80 пайызы – солтүстіктен. Келісім беретін көбіне басқа ұлт өкілдері. Ал оңтүстік, батыс жақта көрсеткіш – 0. Бірақ ең көп тапшылық осы өңірлерде байқалады. «Орган керек, тауып беріңізші» деп келеді. Оларға «аймағыңа бар, өтініш жаса. Донор болуға үгітте» деп жауап беремін. Бізде ынта өте төмен.
– Көпшілігі мәйіт деуге қимай, тіріліп кетер деген үмітте болады емес пе?
– Әрине, оның бәрін түсінеміз. Бірақ құтқару мүмкін емес болып жатады. Ондайда туыстарға айтсаң, «емдегісі келмей жатыр, бір шенеунікке орган керек болғаны ғой» деп ашумен түрлі нәрсе айтады. Елімізде енгізілгеніне аз ғана уақыт болды. Сондықтан дұрыс түсінік қалыптаспай жатыр. Әлі де дұрысталып кетеді деп ойлаймын.
Тақырыпқа тұздық: Қазақстанда «Келісім презумпциясы» аясында атқарылады. Әлем бойынша бұдан бөлек «Келіспеу презумпциясы» жүйесі де бар. Алғашқысы Испания, Австрия, Бельгия, Франция, Италия, Португалия, Финляндия, Норвегия, Польша сынды елдерде бар. Яғни, біздегідей дәрігерлерге мәйіт азғасын алуға еркіндік берілген. Екінші жүйеде, яғни келісетінін сұрау міндеттелген жүйе АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Нидерланды, Австралия, Швейцария, Жаңа Зеландияда, Жапонияда жұмыс істейді. Америкада келісім презумпциясы болмағанымен, онда үгіт-насихат жұмысы қарқынды. Бала кезден трансплантация туралы ақпарат беріледі. Содан барып әркім ерікті түрде келесі бір адамға көмектесуге даяр тұрады. Біздегі ахуал одан басқаша. Өйткені ағза ауыстыру туралы толық түсінік қалыптаспаған. Айталық, 2017 жылы дәрігерлер шешімімен ағзасы трансплантацияланған туысы туралы естігендер медицина қызметкерлерін сотқа берген. Алайда барлығы заң аясында жасалғандықтан, дәрігерлердің пайдасына шешілген. Мәйіт донорлығына қарсы тараптың айтар уәждері де ойға қонымды. Туыстарының рұқсатынсыз ағза ала беретін болса, заңсыз сауда күшейеді деген қорқыныш бар. Дәрігерлер өлім аузында жатқан пациенттің жақындарына бір мәйіттің ағзасын ақшаға тауып беруі мүмкін деп сезіктенеді. Онсыз да ақ халаттыларға деген сенім аз кезде, бұл одан сайын өршітуі мүмкін. Медицина мамандарының пікірі белгілі – елде трансплантацияны дамыту керек. Діни сеніміне байланысты қарсы келетіндер де бар. Дегенмен ислам республикасы саналатын Иранда ағза мәйіт донорлығы жақсы дамыған. Әсіресе, Аятолла Хомейни өлген соң органдарын алуға рұқсат еткеннен кейін тіпті қатты қарқын алған. Сондай-ақ Испаниядағы католик шіркеулерінде «Құдайға сендердің жандарың керек. Азғаларыңды жерде қалдырыңдар» деп жазылып тұрады екен. Осы ретте ҚМДБ қандай пәтуа шығарды деген сұрақтың тууы заңды. Ғұламалар кеңесі шығарған «Пәтуалар жинағында» өлі ағза мүшелерін тірі адамға көшірудің бес шарты көрсетілген. Біріншіден, өлім хәлі нақты болуы керек. Одан кейін азғаны ауыстыруға зәру болуы, ағза алмастырудан басқа амалдың болмауы қажет. Ағза беруші өз еркімен өлгеннен кейін мүшесін өсиет етіп қалдыруы тиіс. Өліден тіріге ауыстырғанда ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт. Мұндай ота мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы керек деген шарттар бар.