Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңгеге не ықпал етіп отырғанын айтып берді. Оның байламынша, соңғы уақытта ішкі валюта нарығындағы ахуал мұнайдың әлемдік нарығының әсерімен дамуда.
– 27 мамыр-5 маусым аралығында әлемдік экономикадағы сауда талаптары қатаңдатылды. Салдарынан, мұнайдың бір баррелінің бағасы 13%-ға жуық, яғни 60,6 долларға дейін төмендеді. Дегенмен өткен аптаның соңғы екі күнінде бір баррель құны 63,3 долларға дейін жоғарылады. Бұған АҚШ-тың Мексикамен арада заңсыз миграцияға бақылауды күшейту туралы келісімге қол жеткізуі себеп болды. Сонымен бірге, оған 2019 жылдың екінші жартысында ОПЕК+ келісімін ұзарту мүмкіндігіне қатысты мәлімдемелер де оң ықпал етті. Нәтижесінде, 27 мамыр-5 маусым аралығында теңгенің түпкілікті әлсіреуі 1,3% болды, – деп түсініктеме берді Е.Досаев.
Ол қазір жағдай тұрақтанғанына сенімді. Ұлттық валюта бағамы 5-10 маусым аралығында 0,3%-ға нығайды. 11 маусымда елордалық айырбастау бекеттері америкалық валютаны 385,5 теңгеге сатты.
Ерболат Досаев Қазақстан Ұлттық банкінің жалпы алтын-валюталық резервтері мамыр айында 3,5%-ға немесе 948 миллион долларға ұлғайып, 28 миллиард долларды құрағанын мәлім етті. ҰБ-ның алтын-валюталық резервтерінің көлемі 7 айдағы тауарлар мен қызметтер импортынан асады. Бұл ретте қажетті минимум – 3 ай.
– Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылғы мамырдың соңында 58,6 миллиард доллар болды. Бір айда 1,1%-ға төмендеу бюджетке кепілдік берілген және нысаналы трансферттердің бөлінуімен байланысты, – деді ол.
Қаржылық реттеуші экономиканы несиелендіру ауқымын өсіру үшін де шаралар қабылдап жатқан көрінеді.
– Біріншіден, ақша-кредиттік шарттарды біртіндеп жұмсарту кредиттердің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Осы жылғы сәуірде бизнеске берілген теңгедегі кредиттер бойынша ставка 12%-ға төмендеді: өткен жылғы сәуірде 12,3% болған. Оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша 11,9%-ға, ұзақмерзімді кредиттер бойынша 13,2%-ға дейін төмендеді. Екіншіден, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры халық депозиттері бойынша ең жоғары ставкаларды өзгертті. Халықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша мөлшерлеме 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 10,5%-дан 9,8%-ға дейін төмендетілді. Теңгедегі мерзімді және жинақ депозиттерінің сыйақы көлемі салымшылар үшін тартымды деңгейде қалды және тиісінше 12,5%-ға және 13,5%-ға жетті, – деді ҰБ басшысы.
Ол банктер үшін мұндай шарттар қорландыру базасының орнықтылығын арттыратынын жеткізді. Бұдан бөлек, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 12 ай және одан көп мерзімге салынатын шетел валютасындағы жинақ және мерзімді депозиттер бойынша ставка 2%-ға дейін көтерілген. Бұл шара банктердің міндеттемелерін ұзартуға бағытталып отыр екен.
– 7–20–25 бағдарламасының талаптарын жақсарту аясында 2019 жылғы 31 мамырдан бастап, қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана құнының 20%-нан көп мөлшерде енгізу құқығын беру бөлігінде өзгерістер қабылданды. Бұл ай сайынғы төлемдер мөлшерін төмендетуге және соның есебінен кірісі төмен азаматтарды көбірек қамтуға мүмкіндік береді, – деді Ұлттық банк төрағасы.
2019 жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша 7–20–25 аясында 93,3 млрд теңгеге баспана алуға 8 060 өтінім мақұлданды. Қазірдің өзінде 6 899 отбасы 80,7 млрд теңге сомаға ипотека алды.