Күні кеше Петропавлда 2 жасар бала бесінші қабаттан құлап, көз жұмды. Өкініштісі сол, мұндай оқиға бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Жыл сайын күн жылына сала баланы биіктен қорғай алмай, қолдан айырылып қала береміз. Сонда да оның алдын алу шаралары қолға алынбайды. Тек Төтенше жағдайлар комитеті мамандарының ескертпелерімен ғана шектелеміз.
Елорданың әр күнінде осындай бір оқиға тіркеледі. Әсіресе, олардың 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер екенін ескерсек, бұған үлкендер жағының салғырттығы сеп дер едік. Олар әлі күнге дейін масадан құтқаратын тордың қауіпсіздікті күшейтуге еш қатысы жоқ екенін ескермей келе жатыр.
Былтыр Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйдің терезесінен 60-қа жуық баланың құлау фактісі тіркелген. Биіктен құлаған балалар көбіне түрлі сүйек жарақатын алып, бас сүйегі мен ішкі органдары зақымданған күйде, өте ауыр жағдайда жеткізіледі екен. Терезеден құлаған балалардың қастарында көбіне үлкен адамдар болған. Үй ішінде бәрі бірге, назарда жүрсе де, неге осындай оқиға көп орын алып кетті? «Ата-аналар көбіне москиттік тордың барына сенеді. Ал ол ешқандай салмақты көтере алмайды. Ол бар екен деп баланы бақылаусыз қалдыруға болмайды. Жақында ғана осылай баламнан айырылып қала жаздадым. Енді мұндай оқиғаны ешқандай ата-анаға тілемес едім. Сақтықта қорлық жоқ», – дейді ата-ана Айсұлу Беркімбаева.
Ал дәрігерлер жағы мұндай жағдайға жайбарақат қарайтын ата-аналарға арналған қолданыстағы заңнамамыздың арнайы күші болуы керек деп есептейді. Қайғылы оқиғалардың алдын алудың бірден бір жолы терезеге бала өздігінен аша алмайтын бұғаттауыштар орнату қажет. Бөлме жиһаздарын да терезеден алысырақ қойған жөн. Әрбір ата-ана баласын биіктен құлаудың қорғау жолындағы қауіпсіздік шараларына салғырттықпен қарамауы керек.
«Көбіне 5 жасқа дейінгі балалар құлап кетеді. Олардың аяқ-қолдары сынып, ми жарақатын алады. Бұл екінші жағынан оларға психологиялық соққы болады. Жаз уақытында бұл оқиға жиілейді. Кейде бұл оқиғаның соңында балаларымыздан айырылып қалып жатамыз. Сондықтан бұған салғырттықпен қарауға болмайды», – дейді №2 балалар ауруханасының травмотолог-дәрігері Болатхан Лепесбаев.
Қуаныштысы сол, бұл мәселемен айналысып жүрген еріктілер де бар. Мәселен, Бақытжан Сәдібеков өз қаржысынан сақтық шараларын еске салатын парақшалар шығарып, балабақша қабырғаларына іліп жүр. Тіпті көрген адамды ойландырып, нәтиже шығаратындай танымдық бейне роликтер де жасаған. Оның айтуынша, бұл мәселені арнайы зерттеу керек. «Оқыс оқиғаның алдын алатын тиісті органдардың жұмысы әлсіз дер едім. Олар бар кінәні ата-аналарға артып қойған. Бірақ бала ол – адам. Ал адам – мемлекеттің байлығы. Олардың әрбірінің амандығы керек. Әсіресе, қазіргі бірінен бірі озып бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді соғуға, қолдануға бергенде неге осыны ескермеске?! Олардың үшінші қабатынан бастап терезелеріне осындай қауіпсіздікті күшейтетін қадағалау қоса жүргізілу керек. Сонда ғана, жылда жазда қайталанатын қорқынышты оқиғадан құтыламыз. Сонда ғана болашағымыз – балаларды қорғай аламыз. Өмір болғасын түрлі ата-ана болады. Ал біз бірінші кезекте қоғам болып баланы қорғауға атсалысуымыз керек емес пе?» – дейді ол.
Ал психолог Ерлан Бошайдың пікірінше, балалардың жарақат алуының жиілеуі елдегі балабақша тапшылығы мәселесін де көрсетіп отыр. Қазақстанда балабақша жетпейді немесе бағасы өте қымбат. Үйінде екі-үш баласы бар ата-ана әрқайсысына 20-30 мың теңге төлеп балабақшаға бере алмайды. Сондықтан олар жұмысқа кеткенде балаларын үйге қалдыруға мәжбүр.
«Бұрынғы үйлерде терезелер толық ашылмайтын, тек жоғарыдағы кішкене бөлігі желдеткіш ретінде ашылатын. Ал қазіргі үйлерде орнатылған пластикалық терезелерде ондай жоқ. Айқара ашыла салады. Оны ашуға күш те қажет емес. Ата-аналар тек жоғары жағы ашылатын терезе орнатқаны жөн. Бала терезені өз күшімен аша алмайтындай құрылғылармен жабдықтау керек», – дейді психолог Ерлан Қуантқанұлы.
Ақсұлу ЕДІЛҚЫЗЫ