Мо Янь атымен белгілі қытай жазушысы Гуань Мое дүйім жұртты қоғамдағы ащы шындықты дәл жеткізе білуімен, өзекті тақырыптарды еш бүкпесіз жариялауымен өзіне қарата білді. Оның шығармалары шынайылығымен оқырман жүрегінен орын тапқаны анық. Ал 2012 жылы Нобель сыйлығын алғалы бері жазушы шығармаларына деген қызығушылық арта түскені жасырын емес. Себебі, ол – Қытай елінен шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының иегері.
Расында, Қытай қоғамында көкейкестілігін жоғалтпаған ауыл шаруаларының қарапайым оқиғасынан бастап зорлық-зомбылық, демографиялық саясат сынды тақырыптар қоғамды елең еткізетіні сөзсіз. 11 роман, 70-тен астам әңгіме авторы «Қызыл гаолян», «Бір сағаттық бақыт», «Қыз Нуань» атты фильмдердің сценарий авторы. Қытайдың «Ұлы жазушылар премиясы», «Динцзюнь», «Мао Дунь премиясы» сияқты беделді әдеби марапаттар иегері, сондай-ақ АҚШ-тың Нейштадт әдеби премиясының лауреаты. Мо Янь – туған жерінде ащы шындықты өткір тілмен жазғаны үшін сынға қалған жазушылардың бірі. Қаламгердің 2009 жылы Франкфурттағы кітап жәрмеңкесінің ашылуында айтқан сөзі көпшіліктің есінде. Ол онда мемлекеттер мен халықтар арасын әдебиет жалғайтынына баса мән берген болатын. Әдебиетте өзіндік орнын қалыптастырған жазушы басылымдарға көп сұхбат бере бермейтін біртоға жан. Назарларыңызға Еуропаның ақпараттық-саяси Spiegel журналына берген сұхбатын ұсынуды жөн көріп отырмыз.
– Сіздің Мо Янь деген лақап атыңызды сөзбе-сөз аударғанда «үнсіз қалма» деген мағына береді. Бірақ сіздің көпшілік алдында сөйлеуден қашатыныңызды байқадық. Неге?
– Саяси үндеулер жасағанды ұнатпаймын. Жылдам қозғалатын жазушымын. Көпшілік алдында сөз сөйлеген соң, ойымды дұрыс жеткіздім бе деп өзімнен есеп аламын. Десе де, саяси көзқарасым – анық. Менің кітаптарымды оқып-ақ мұны аңғаруға болады.
– Неміс тіліне аударылған алғашқы кітабыңыз «Бақа» деп аталады. Ол миллиардтаған адамға әсер еткен Қытайдың жалғыз бала саясатына арналған. Бұл саясат туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Әке ретінде айтарым, әр адамның балалы болуға хақы бар. Бұл – әркімнің қалауы. Алайда шенеунік ретінде мен де заңға бағынуым керек болды. Бұл заңда бірінші кезекте барлық мемлекеттік қызметкердің бір баласы ғана болуы керек делінген. Қытай халқының мәселесі оңайлықпен шешілмейтіні анық. Бірақ бір білетінім, біреуді мәжбүрлі түрде балалы болудан тоқтатуымыз дұрыс емес.
– «Бақа» шығармасында дәл осы оқиға суреттеледі. Бұл кітапты жазуыңызға не түрткі болды? Бұл сіздің саясат туралы жеке пікіріңіз болды ма?
– Бұл – ондаған жылдар бойы өзінің туған Гаоми округінде дәрігер-гинеколог болып қызмет еткен әпкемнің басынан өткен оқиға негізінде жазылған дүние. Оның көргені осы кітапты жазуыма сұранып тұрды. Сондықтан естігенімді жазып алуды жөн көрдім.
– Роман кейіпкері доктор Ван қатал, өз қызметіне жан-тәнімен берілген жан ретінде сипатталады. Сол әпкеңіз бұл кітап туралы қандай пікір білдірді?
– Ол бұл кітапты оқыған жоқ. Оған бұл кітапты оқымағаны жөн екенін жеткіздім. Себебі, ол кісінің маған ренжитінін анық түсіндім. Әрине, романдағы барлық оқиғалар әпкемнің оқиғасы негізінде емес. Басқа дәрігерлерден естіп-білгенім мен өзімнің көргенімді қосып, толықтырдым. Тағы бір қызығы, сол әпкемнің төрт баласы бар.
– Сіздің кітаптарыңыз бүгінгі қоғамда өзекті, бірақ көп адамның айтуға батылы бармайтын тақырыптарды қамтиды. Мысалы, «Сарымсақты балладаларда» аяғы ауыр әйел толғағы келген кезде асылып өледі. Ал «Бақа» сіздің ең қайғылы романдарыңыздың бірі сияқты. Жалпы бұл шығарманы жазуға қанша уақыт кетті?
– Роман идеясы көптен бері ойымда жүрді. Ұзақ уақыт ойланып-толғанып, білгенімді қорытып жүрдім. Шынында да романды жазып болғанымда өте ауыр сезімде болдым. Бұл шығарма үлкен сын болды.
– Неліктен олай ойлайсыз? Романда сипатталған зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түсік жасатуға сіздің ешқандай кінәңіз жоқ қой.
– Қытай соңғы онжылдықта ауыр әрі қиын өткелдерден өтті. Сондықтан көпшілігіміз өзімізді құрбан деп санаймыз. Тіпті кейбір адамдар «Менен де біреу зардап шекті ме?» деп өзіне сұрақ қоя бастады. «Бақа» романы сол сұрақтарға жауап іздейді. Мысалы, 11 жасымда жай ғана бастауыш мектептің оқушысы болудың орнына қызыл отрядқа қосылып, мұғаліміме сын тағылған қоғамдық талқылауға қатыстым. Үлкен жетістікке жеткен талантты жандарды қызғандым. Тіпті болашағым үшін әйелімнен түсік жасатуын талап еткен кезім де болды. Сондықтан мен – кінәлімін.
– Сіздің кітаптарыңыз Қытайдың бүгінгі ауыр бет-бейнесін сипаттайды. Ешқандай алға ұмтылу жоқ сияқты көрінеді. Сіздің кейіпкерлеріңіз де, қоғам да, тіпті мемлекет те ешнәрсеге ұмтылмайтын секілді әсер береді.
– Бұл тұрғыда мен қытай емес те шығармын. Қытай әңгімелері мен дорамаларының барлығы жақсы леппен аяқталады. Ал менің романдарымның көпшілігі нүктесін қайғылы оқиғамен қояды. Десе де үміт, абырой және күш-қуат бар.
– Кейбір кітаптарыңыз кино көріп отырғандай бір демде оқылады. Кейіпкерлеріңіздің ішкі дүниесіне үңілуге қорқақтайтын сияқтысыз. Мысалы, доктор Ван партия ұстанымының бұрыс екенін біле тұра, сол ережені қатаң ұстанады. Неліктен?
– Бұл – біздің буынның рухани тәжірибесі болды. Көп адам рухани революция қателік болғанын мойындады. Сондай-ақ партия қателігін түсінгенін де көрді.
– Сіз бұл туралы не ойлайсыз? Мәдени революция кезінде оқуыңызды тамамдауға мәжбүрледі. Алайда сіз әлі де партия мүшесісіз.
– Қытайдың коммунистік партиясының 80 миллионнан астам мүшесі бар. Мен солардың бірімін. 1979 жылы әскерде жүргенімде партияға мүше болдым. Мәдени революция жекелеген көшбасшылардың қателігі екенін ұғындым. Бірақ оның партиямен байланысы аз екенін айта кеткен жөн.
– Өз шығармаларыңызда партияның ресми өкілдерін ашық сынға аласыз, алайда осы сұхбаттағы саяси пікіріңізде мұндайды байқамадық. Бұл қайшылықты қалай түсіндіресіз?
– Партия өкілдеріне айтылған сын мен саяси көзқарасым арасында қарама-қайшылық жоқ. Мен партияның емес, халықтың атынан сөйлеп отырған жазушы екенімді сан мәрте айтқанмын. Сыбайлас жемқорлықпен айналысатын шенеуніктерді су қаным сүймейді.
– Қытай жазушысы Ляо Иу Германиядағы кітап саудагерлерінің Әлем премиясына ие болғанда біздің басылымға берген сұхбатында сізге «мемлекеттік жазушы» деген айып тақты. Сонымен бірге, сіздің үкіметпен арақашықтықты дұрыс сақтамайтыныңызды алға тартты.
– Оның марапаттау рәсіміндегі жолдауын оқыдым. Ол халықты Қытай мемлекетінен бөлінуге шақырды. Бұл пікірмен мүлде келісе алмаймын. Меніңше, Сычуань халқы да (Ляоның туған жері) провинцияларының Қытайдан бөлінгеніне келісе қоймас. Тіпті оның ата-анасы да бұл пікірмен келіспейтініне сенімдімін. Айтқан пікірі шын жүректен екеніне аса сенімді емеспін. Менің марапатыма қызғанышпен қарайтынын түсінемін. Алайда маған таққан сыны орынсыз.
– Нақты қай сын туралы айтып отырсыз?
– Маған Бо Силайды әсірелеп мадақтайды деген кінә тағыпты.
– «Дүниеге келуден және өлуден шаршады» атты романыңызда бір кейіпкеріңіз Мао бейнесі бар белгішені абайсызда дәретханаға түсіріп алады. Ал «Өзгерістер» автобиографиялық кітабыңызда Мао бейнесі бар мүсінше арқылы бөлмедегі егеуқұйрықтардан қалай құтылуға болатынын сипаттайсыз. Шығармаларыңыздан өткір пікір, еркіндік байқалады. Бірақ өмірде саяси көзқарасыңызды үлкен сақтықпен білдіретін сияқтысыз.
– Сіздіңше, мен өте сақпын ба? Олай болса, бұл сұхбатқа да келіспейтінім анық. Бұл эпизодтарды жазғанда қарсы келетін дүние жаздым деп ойламаймын. Мен осылайша, Мао құдай емес, ол да пенде екенін көрсеткім келді. Бала күнімде оны құдайдай көретінмін.
– Бүгін Қытай жазушылар одағы төрағасының орынбасары екеніңізді білеміз. Осындай қызметте отырып үкіметке жақын болмау мүмкін бе?
– Бұл – жауапты қызмет. Нобель сыйлығын алмай тұрып та, оған ешкім сын тақпаған. Дегенмен Нобель сыйлығы үкіметке қарсы оппозиция өкіліне берілуі керек деген пікірді ұстанатындар бар. Шындығында солай болу керек пе? Нобель сыйлығы әдебиеттегі жетістігі, жазылған шығармасына қарай берілмеуші ма еді?!
– Алайда еліңізде жазғаны үшін сотталып, қудаланған жандар бар. Атақ-даңқыңыз бен абыройыңызды алға тартып, солардың мүддесін қорғап, үн тастау қажет деп ойламайсыз ба?
– Лю Сяобо қамауда болған кезде оны бостандыққа шығару керегі туралы айтқаным бар. Сонда үлкен сынның астында қалдым.
– Лю Нобель сыйлығын 2010 жылы алды. Бәлкім, бір рет пікір білдіргеннен гөрі оны үнемі қолдайтын үндеулер жариялау керек па еді?
– Маған мәдени революция кезіндегі қайталау рәсімі туралы ескертіп отыратын. Бір нәрсе айтқым келсе, мені ешкім тоқтатпайтыны анық. Ал сол мәселеге қатысты тіл қатпаймын десем, ешкім де ешнәрсе де мені сөйлете алмас.
Ағылшын тілінен аударған
Ақбота ИСЛӘМБЕК