Намыс
Намыс
792
оқылды

Әйгілі «Қара сөздерінде» Абай атамыз қазақтың екі түрлі мінезін айрықша атайды. Отыз тоғызыншы сөзде «Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен» дейді. Осы намысқорлық мінез қазақтың елдігін танытуға, ел мерейін үстем етуге әбден керек-ақ нәрсе.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенім білдірген өкілдері респуб­ликалық қоғамдық штаб құра­мында Қазақстанның барлық облысында болды. Үгіт-насихат жұ­мыстары барысында даңқты па­луан Жақсылық Үшкем­пір­ұлы­­мен сапарлас, мұраттас бол­дық. Халықпен жүздескен кезде Жақаң өте қарапайым қалпымен ақжарма тілегін ақтарады. Ұрансыз, ұстамды сөз айтады. Ел де Жақаңды төбесіне көтереді, құрметтейді.

Семейдің мал дәрігерлік институтын бітірген Жақсылық Үшкемпірұлы жас кезінен қазақ­ша күреспен, кейін классикалық және еркін күреспен институт қабырғасында оқып жүрген ке­зінде айналысқан. Халық­тардың жазғы Спартакиадасы бойынша өтетін ел чемпионатының жеті дүркін жүлдегері атанған.

Мәскеу Олимпиадасында 48 келі салмақта классикалық күрестен чемпиондыққа үміткер қарсыластары – румын Алек­сандру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештерді жеңіп, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды.

Грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері, халықаралық спорт шебері, Еңбек сіңірген спорт шебері, алтын медаль ие­ленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы Жақсылық Үшкемпірұлының еңбектегі ерлігін Елбасы бағалады. Қа­зақстанның Еңбек ері атанды.

Республикалық қоғамдық штаб мүшесі Қуаныш Сұлтанов ағамыз Жақсылық Үшкем­пірұлының Мәскеу Олимпиа­дасындағы жеңісіне куә болған екен. «Жарыс барысында Жақ­сылықтың бір аяғын ауырсынып жүргенін байқап қалдым. «Ой­пырай, Жақсылық-ай! Аяғыңды ауыртып алдың ба?» деп жанымыз қалмай сұрап жатырмыз. Сол кезде Жақсылық езуінен күлді де: «Аға, осыған дейін талай рет жолымнан қағып, меселімді қайтарып келгенін білесіз. Осы жолы мына боз кілемге «Не жеңемін, не осы кілем үстінде қаламын» деп шығып тұрмын ғой! Қазақтың намысын қолдан бергенше, тентіреп кеткенім жақсы емес пе?» – деп саңқылдап сөйледі. Сөйтіп, бұл Жақсылық біздің қазақтың абыройын аспанға бір-ақ көтерді ғой», – деді.

Өмірде осындай намысты қазақтардың болғаны қандай жақсы! «Біріңді қазақ, бірің – дос көрмесең істің бәрі – бос» дегенді айтқанда, қазақтың намысқорлығын үлгі тұтқанда ұлы Абай ұлттың ішкі қуатын меңзеген екен ғой. Қазақстанның екінші Президенті таққа отырған тұста былайғы жұртқа елдік мінезімізді көрсетіп, бір бағыт, бір мұрат жолында жүрген де намыс емес пе?!.