Жеке клиникалар тегін емдейді
Жеке клиникалар тегін емдейді
419
оқылды

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биылғы жыл басталғалы бері Қазақстан халқына медициналық қызметтер көрсеткені үшін емханалар мен жеке клиникаларға 464 миллиард теңге аударған. Бұл төлемдер қазақстандықтарға арналған кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында төленіп отыр.

– 2019 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша қор осы қызметтерді жеткізушілерге 464 млрд теңге төледі. Бұл кепілден­ді­ріл­ген медкөмек көлемі ая­сын­да бекітілген келісімшарт­тар сомасының 53,5%-ын құ­рай­­ды, – деді қордың басқарма төра­ғасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.

Бұл ретте ел тұрғындарын тегін емдеуі үшін мемлекет 2019 жылы медициналық ұйымдарға жалпы алғанда, 868 миллиард теңге бермек. Салыстыра кету үшін айтсақ, бұл қаражат 2018 жылғыдан 6%-ға көп.

– Халыққа медициналық кө­мек көрсету кестесі бойынша жұмыс жалғасуда. Бөлінген қар­жы медициналық мекеме­лер­дің операциялық шығыстарын жабу үшін жеткілікті, – деді Б.Жақселекова.

Осы жылы қазақстан­дық­тарға мемлекеттік тапсырыс аясында барлығы 1 416 медұйым тегін емдеу-диагностикалық қызметтерін ұсынуда. Оның 708-і – жеке клиника. Былтыр­ғы­ға қарағанда, бюджет­тен қар­жы­ландырыла­тын жеке ұйым саны 64-ке артқан.

Мемлекеттік тапсырыс ая­сын­да қызмет көрсететін жеке­ медициналық ұйымдардың көбі Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, сонымен қатар Қызылорда және Жамбыл облыстарында шоғырланған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кепіл­дендіріл­ген тегін медкөмек бойынша қар­жы операторы рөлін атқа­рады және ел Үкіметі бекіткен көлемде халық үшін медици­на­лық қызметтерді сатып алады.