Жаңа міндеттерге қолдау білдірді
Жаңа міндеттерге қолдау білдірді
470
оқылды

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен Демократиялық күштердің «Қа­зақ­стан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Онда 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін білдіретін коалиция мүшелері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген ел дамуының нақты бағыттары мен алдымызға қойған жаңа міндеттеріне қолдау білдірді.

Отырысты ашқан Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қазіргі таңда Қа­зақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанын айтты. Сондай-ақ ол елімізде болып жатқан сая­си өзгерістердің заңға сәйкес екеніне назар аударды.

– Сайлауда қазақстандық­тардың басым бөлігі өз дауысын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп, Елбасының стратегиялық саяса­тының сабақтастығы мен елі­міздің тұрақты дамуын таңдады. Соның нәтижесінде, Қазақстанда жоғары биліктің ауысуы еліміздің барлық заңына сәйкес жүргізілді. Бұл – Қазақстанның ішкі тұрақ­тылығын қамтамасыз ететін негізгі фактор, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы атап көрсет­кен билік пен қоғамның алдында тұр­ған ең негізгі мақсаттарға тоқ­талып өтті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы­ның нақты бағыттарын атап көр­сетті. Олар – халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін рефор­ма­лау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселе­сін шешу, әді­летті әлеуметтік сая­сат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Ру­хани жаңғыру» бағ­дар­ламасын жалғастыру, жауапты сыртқы саясат, жастарға жан-жақ­ты қол­дау көрсету. Осы басым­дық­тардың жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын арттырып, экономика­лық және саяси жүйеміздің да­муына тың серпін береді. Бұл және басқа да стратегиялық мін­деттер халықты сайланған Пре­зиденттің бағдарламасында көрсетілген ор­тақ мүддеге бірік­тіре түседі, – деді партия Төра­ғасының Бірінші орынбасары.

Одан бөлек, Мәулен Әшім­баев Мемлекет басшысының билік пен азаматтық қоғам ара­сын­дағы диа­лог­ты ары қарай дамыту керегіне де көңіл бөлгенін тілге тиек етті.

– Елімізде Президент Жар­лығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл – Қа­зақ­стан­да азаматтық қоғамды да­мыту жолында жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, біртұтас ұлт болып қалу – біздің басты бағдарымыз. Сондықтан жұдырықтай жұмы­лып, қоғамның бар­лық өкілін, со­ның ішінде жас­тарды да диалог­қа шақырып, бірі­гіп әре­кет етсек қана көздеген мақсатқа қол жеткіземіз, – деді ол.

Мәулен Әшімбаев коали­цияның алғаш құрылған күннен бастап жалпыұлттық диалогқа қа­­тысты бастамаларды қолдап келе жатқанын айтты. Оның ай­туын­ша, аталған алаң қазірдің өзін­де тиімді диалог пен түрлі саяси күштердің өзара қарым-қаты­насының моделіне айналып үлгерген.

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сі азаматтық қоғамның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жаңғыру мен рефор­малардың өзегіне де айналады деп қабылдай­мыз. Миллиондаған қазақстан­дық­тардың пікірі мен көзқарасын білдіретін Демокра­тиялық күш­тердің жалпыұлттық коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақтастығын қамта­ма­сыз етіп, Президентіміздің елдің алдына қойып отырған мақсаттарға қол жеткізуіне өзінің сомды үлесін қосу үшін жұмыс істейді. Сон­дық­тан коалиция тұрақтылық­тың, келісімнің және конструк­тивті диалогтың дамуына үлкен үлесін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Пар­ламент депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын бары­сын­да коалиция мүшелері: «Ақ жол» демократиялық партиясы­ның төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов, «Жаңару» сыбай­лас жемқорлыққа қарсы жалпы­ұлттық қозғалысы» РҚБ прези­денті Оралбай Әбдікәрімов, Қазақстан Кәсіподақтар федера­циясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасының бас­қарма төрағасы Абылай Мырзах­метов және «Қазақстан тұтыну­шы­ларының ұлттық лигасы» РҚБ төрайымы Светлана Романовская сөз алып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген бағыттар ел дамуының жаңа кезеңінде жасалып отырған нақты қадам екенін айтты.

Іс-шара соңында барша қа­зақ­стандықтарды ынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары – қоғам­дық келісім мен саяси тұ­рақ­тылықты, этносаралық және конфессияара­лық бейбіт­ші­лік пен төзімділікті сақтауға, бар­лық қоғамдық-саяси күштерді сай­лаудан кейінгі кезеңде еліміз­дің стратегиялық мақсаттары жо­лын­да бірігуге, Қазақстан Прези­дентінің ел дамуының өзек­ті мәсе­ле­леріне қатысты билік пен аза­маттық қоғам ара­сында тұрақ­ты және конструк­тивті диалог құру бастамасын қолдауға шақыр­ған үндеу қабыл­данды.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕРДІҢ «ҚАЗАҚСТАН-2050»
ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ
ҮНДЕУІ

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!


Еліміз дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты.
Қазақстандықтар 2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс сайлауда бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беріп, Қазақстан Республикасының жаңа Президенті етіп сайлады.
Біз, Қазақстанның миллиондаған азаматтары­ның мүдделерін білдіретін Демократиялық күштер­дің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, еліміздің жетекші саяси партияларының, Қазақстан халқы ассамблеясының, ірі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері,
Президент сайлауының ашық және бәсекелік сипатын жоғары бағалай отырып;
қазіргі таңда бүкіл әлем мойындап, құрметтейтін тәуелсіз Қазақстанның құрылуындағы Тұңғыш Президентіміздің аса көрнекті рөлін мойындай отырып;
Қазақстан халқы алдында сіңірген ерен еңбегі үшін Елбасына зор құрмет пен алғыс білдіре отырып;
басты құндылықтары Адам және оның құқық­тары мен бостандықтары болып саналатын Қа­зақстанның егеменді, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына бағыт­тал­­ған Елбасының стратегиялық бағытын жалғас­тырушы ретінде қа­зақстандықтардың сайланған Президент Қ.Тоқаевқа деген жоғары сенімін сезіне отырып;
болашақ ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігімізді түсініп, тарихымыздың осы бір маңызды кезеңінде Қазақстан халқына және азаматтық қоғам институттарына Үндеу жолдаймыз.
Біз барлық қазақстандықтарды ынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияара­лық бейбітшілік пен төзімділікті сақтауға шақы­рамыз.
Біз барлық қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге шақырамыз.
Біз Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдаймыз.
Біз жалпыұлттық диалог және өзара қарым-қатынас институты ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына қатысуға дайынбыз.
Біз Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев айқындап берген еліміздің дамуына қатысты басымдықтар мен жаңа міндеттерге сөзімізбен де, ісімізбен де қолдау көрсетуге және Елбасының тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, әрбір қазақ­стандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға ниеттіміз.
Біз тек бірлігімізбен қойылған барлық мақсат­тарға қол жеткізіп, ортақ Отанымыз бен еліміздің барша аза­маттарының игілігі мен гүлденуін қамтамасыз етеміз!

Nur Otan партиясы, «Ақ жол» Демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «G-Global-дың ха­лық­аралық хатшылығы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» эконо­миканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қа­зақстан украиндарының радасы» заңды тұлғалар бір­лестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заң­ды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық ғылым академиясы» республи­калық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы­ұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан мүгедек­терінің конфеде­рациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Qazaqstan ardagerleri қауымдастығы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы.

2019 жылғы 13 маусым, Нұр-Сұлтан қаласы

Оралбай.JPG
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, 
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы 
жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ президенті:

– Мемлекеттің дамуы мен елдің жағдайын ары қарай жақсарту үшін қол­ға алынған жобаларды жүзеге асыруға шақы­рамыз. Оған белсенді атсалысамыз. Президент айтып отырған білім беру, денсаулық сақтау, ғы­лымды дамыту – міндетіміз. Қолда бар жетіс­тік­терді пайдалана отырып, жаңаша ойлау арқы­лы дамудың жолын жалғастырғанымыз жөн. Өйткені халықтың шенеуніктерге сенімі азайған. Жемқорлық жайлаған қоғамның алға баспайтыны анық. Сондықтан қоғамдағы мәселемен бірлесіп күресейік. Әсіресе, шалғай аймақтарға анық-қанық ақпараттың жетпей жататыны рас. Мемлекет тарапынан жасалып жат­қан жобалар, игі бастамалар туралы егжей-тег­жейлі түсінікті түрде айтыла бермейді. Сондық­тан облыс, аудан орталығынан шалғай жатқан елдімекен тұрғындары хабарсыз қала береді. Күнделікті кездесетін мәселені жинақ­тамай дер кезінде шешіп отырсақ, проблема күрделенбейді. Сондықтан біз елдің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға арналған ақпаратты дұрыс, дер кезінде жеткізе білейік.

 

Азат.JPG
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

– Сайлауда барлық ақ­парат ашық, қолжетімді болды. Сондықтан сай­лау­да орын алған келең­сіз­діктердің анық-қа­ны­ғын нақтылап, жауап­сыз­дық танытқан адамдарға заң шеңберінде тиісті шара қолданылады. Сол кезде жауапкершілік артады. Орталық сайлау комисиясының мәліметінше, кейбір бейнематериалдар қолдан өңделіп жасалған деген деректер де бар. Сон­дықтан ел тыныштығын бұзуға, елді арандатуға әрекет еткен адамдардың іс-әрекетін жан-жақ­ты тексеріп, таразылау керек. Заң алдында аза­маттардың бәрі бірдей. Еліміздің тыныштығы, халықтың қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Дау-дамай тек заң аясында шешілуі тиіс. «Ақ жол» партиясының атынан еліміздегі тыныштық пен бейбітшілікті, тәуелсіздігімізді сақтауға барша халықты шақырамын.

 

Серік.JPG
Серік СҰЛТАНҒАЛИ, 
«Бірлік» саяси партиясының төрағасы:

– Елдің айтып жатқан кейбір ұсыныстары орын­ды. Оны Елбасы да бі­леді. Біз – ежелден ел­ді­к­ті ту еткен, ел үшін жа­са­латын әрбір қадамды байыппен саралап, сүзгі­ден өткізіп, сабырмен шешім қабылдайтын елміз. Халқымыз «Елу жылда – ел жаңа» деп тектен-текке айтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ең бірінші елмен диалог құруымыз керек» деген бастамасы – өте өзекті әрі қажет. Бұл ресми диалог болмауы керек. Жұмысына жауапсыз әкімдердің жұ­мысын қатаң сынға алды. Мәселесін айту үшін әкімдердің қабыл­дауына кіре алмай жүрген тұрғындардың жайын айтқан болатын. Бұл мәселе шешімін табады. Халықпен ашық, анық диалог дегеніміз – осы. Сондықтан бірлесіп, бірлікпен жұмыс істейік. Елімізді дамытуға әрқайсымыз атсалысайық. Ең бірінші ел үшін азаматтық парызымыз – тыныштықты сақтау. Екіншіден, жан-жақты мүмкіндік жасалып тұрған, қолдау бар кезде жұмыс істеуіміз керек.

 

Толымбек.JPG
Толымбек ҒАБДІЛӘШІМОВ, 
«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Тәжірибелі, кемең­гер саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сай­лау­да жеңіске жетуі – ха­лық­тың қолдауының нә­ти­жесі. Біз халықтың бір кісідей бірлікте жұ­мылып, еліміздің келешегі үшін сайлауға бел­сенді атсалысқанына алғыс айтамыз. Бейбіт­ші­лікті сақтай отырып, елдің дамуына үлес қоса­тынын көрсетті. Ел тарихында қиын-қыстау ке­зең­дерді бастан өткізсек те, барлығын бірлік пен еңбек арқылы жеңіп келе жатырмыз. Сайлау еліміздің тағы бір жауапты белестен өткенімізді көрсетті. Тәуелсіз ел ретінде мемлекетімізді аяқ­қа тұрғыздық. Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік. Азаттықтың болашағын ойлауымыз керек. Ұлттық құндылықтарды жастарға ұғын­дырғанымыз жөн. Әр азаматы еркін пікір айтуға құқылы. Өз ойын айтамын деген азаматтарға кедергі жоқ. Ұсынысын, пікірін, талабын ай­тамын дегендерге әрдайым есік ашық. Прези­денттің бағдарламасы – өрлеу мен тұрақты дамудың кілті. Халықтың көкейіндегіні дөп басқан баршының игілігі үшін жасалған жоба сонысымен де құнды.


Бақтияр.JPG
Бақтияр МӘКЕН, 
Мәжіліс депутаты:

– Біздің ең бірінші мақсатымыз – жаңа тағайындалған Пре­зи­денттің бастамала­рын қолдай отырып, нақты жүзеге асыру. Елба­сы­ның стра­те­гиялық ба­ғы­тын ары қарай үй­лес­тіру. Тәуелсіздігімізді нығайтуға әрбір азамат үлес қосқаны жөн. Бейбітшілікті сақтау – әрқайсымыздың азаматтық пары­зымыз. Бірлікті сақтауды бәріміз жұмыла оты­рып түсіндіруіміз керек. Көпұлтты мем­ле­кет ретінде халықаралық деңгейде беде­лі­міз бар. Енді «ішкі саясаты қалай болар екен» деп көрші мемлекеттер де бізге көз тігіп отыр. Осындай жағдайда тәуелсіздіктің іргетасын ары қарай жалғастырып қалау, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбіт өмірді сақтау басты мақсатымыз болуы тиіс. Түрлі шеру жасау арқылы мәселе шешілмейді. Оны өзге елдер­дің тәжірибесінен де көріп отырмыз. Мәселені тек қана ашық диалог, бейбіт келісім мен ауызбіршілік арқылы шеше аламыз.

 

Бақытжан.JPG
Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, 
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

– Елдегі барлық мә­селе заң шеңбе­рін­де шешілуі тиіс. Соған орай, қолданыстағы заң­дар­ға да қоғамның талабына сай өзге­рістер енгізуге тиіспіз. Қоғамда кездесіп отыр­ған түйткілді мәсе­лелерді шешу жол­дарын қолжетімді етуіміз қажет. Сол арқылы кез келген мәселені оңай шешеміз. Халық­тың айтар ұсыныс-пікірін мемлекеттік органдар мұқият тыңдап, дер шағында жауап беруі шарт. Сол кезде ел ішіндегі мәселелер қордаланып, жиналмайды. Елмен бірге игі бастамаларды уақытылы жүзеге асырып, кемшіліктерді жойып отыр­сақ, мемлекетті дамытамыз. Болашаққа қадам басамыз. Кәсіподақтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдайды. Мәселе көшеде шешілмейді. Кез келген проблема ашық диалог арқылы шешімін тез табады. Сондықтан ел болып бірлесіп, еңбек етейік! Елдің дамуына ел болып атсалысайық!

 

Абылай.JPG

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, 
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер 
палатасының басқарма төрағасы:

– Бағытымыз ай­қын, бағдарымыз анық болғандықтан, ал­ға қарай қадам ба­сайық. Атқарушы билік халықтың мұң-мұқтажына құлақ салып, қайырылып жатыр. Бұл мәселеге Президент те айрықша назар аударып отыр. Жергілікті жерлерде қарапайым азаматтар­дың мұң-мұқтажын тыңдауға ерекше мән берілді.

Біздің негізгі мақсат – әлеуметтік, эконо­микалық жобаларды жүзеге асыратын кезде халықтың пікірін бірінші кезекте ескеру. Біз­дің салада кәсібін ашып, елге жұмыс беріп отыр­ған кәсіпкерлерді қын­жылтатын нәрсе – рейтинг пен имидж. Оны айтып отырған себебім, аймақтарда шаруа қожалықтардың иелері, шағын кәсіп иелері рейтинг үшін жасалатын қажетсіз шара­лардың көптігіне шағымданады. Шетелден келген кеңесшілердің айтқанын жасау да керек шығар. Бірақ бізге пайдалысын қа­жетімізге жаратқанымыз жөн.

Нақты жұ­мыс, берекелі табыс болуын ойламаймыз, рейтинг, имидж қалыптастыруға басымдық бе­ріледі. Жергілікті жерлерде әкімдер беделін арттыру үшін зәулім сарай салып жатады. Оның орнына қаншама шағын кәсіп ашып, жұмыс орындарын ашуға болады. Жол, көпір салуға, ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Осының бәрі жүзеге асады деп сенемін.

   

Светлана.JPG
Светлана РОМАНОВСКАЯ, 
«Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы»
РҚБ төрайымы:

– Заңгер ретінде ха­лықтың қойып отыр­ған талабын өте жақсы түсінемін. Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен қандай мәселе болса да, ашық диалог болуы керек дегені өте орынды. Кез келген проблеманы екі тарап­тың талабы бойынша мұқият тыңдап, келісіп, бірлікпен шешімін табуға болады. Шешілмейтін мәселе болмайды. Тек біз түйткілді мәселелерді бірлесіп шешкенде ғана мемлекет дамуға, жетістіктерге жетуге бағыт алады. Медиация, яғни екі тарапты татуластыру – бүгінгі таңда ең оңтайлы ше­шім. Себебі, бірлесіп еңбек етсек, елімізді көркейте аламыз.