Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Онда 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін білдіретін коалиция мүшелері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген ел дамуының нақты бағыттары мен алдымызға қойған жаңа міндеттеріне қолдау білдірді.
Отырысты ашқан Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қазіргі таңда Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанын айтты. Сондай-ақ ол елімізде болып жатқан саяси өзгерістердің заңға сәйкес екеніне назар аударды.
– Сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі өз дауысын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріп, Елбасының стратегиялық саясатының сабақтастығы мен еліміздің тұрақты дамуын таңдады. Соның нәтижесінде, Қазақстанда жоғары биліктің ауысуы еліміздің барлық заңына сәйкес жүргізілді. Бұл – Қазақстанның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі фактор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы атап көрсеткен билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттарға тоқталып өтті.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының нақты бағыттарын атап көрсетті. Олар – халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыру, жауапты сыртқы саясат, жастарға жан-жақты қолдау көрсету. Осы басымдықтардың жүзеге асырылуы халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикалық және саяси жүйеміздің дамуына тың серпін береді. Бұл және басқа да стратегиялық міндеттер халықты сайланған Президенттің бағдарламасында көрсетілген ортақ мүддеге біріктіре түседі, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының билік пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты ары қарай дамыту керегіне де көңіл бөлгенін тілге тиек етті.
– Елімізде Президент Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл – Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, біртұтас ұлт болып қалу – біздің басты бағдарымыз. Сондықтан жұдырықтай жұмылып, қоғамның барлық өкілін, соның ішінде жастарды да диалогқа шақырып, бірігіп әрекет етсек қана көздеген мақсатқа қол жеткіземіз, – деді ол.
Мәулен Әшімбаев коалицияның алғаш құрылған күннен бастап жалпыұлттық диалогқа қатысты бастамаларды қолдап келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, аталған алаң қазірдің өзінде тиімді диалог пен түрлі саяси күштердің өзара қарым-қатынасының моделіне айналып үлгерген.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық қоғамның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жаңғыру мен реформалардың өзегіне де айналады деп қабылдаймыз. Миллиондаған қазақстандықтардың пікірі мен көзқарасын білдіретін Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Президентіміздің елдің алдына қойып отырған мақсаттарға қол жеткізуіне өзінің сомды үлесін қосу үшін жұмыс істейді. Сондықтан коалиция тұрақтылықтың, келісімнің және конструктивті диалогтың дамуына үлкен үлесін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында коалиция мүшелері: «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ президенті Оралбай Әбдікәрімов, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» РҚБ төрайымы Светлана Романовская сөз алып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген бағыттар ел дамуының жаңа кезеңінде жасалып отырған нақты қадам екенін айтты.
Іс-шара соңында барша қазақстандықтарды ынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен төзімділікті сақтауға, барлық қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге, Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдауға шақырған үндеу қабылданды.
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕРДІҢ «ҚАЗАҚСТАН-2050»
ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ
ҮНДЕУІ
ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
Еліміз дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты.
Қазақстандықтар 2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс сайлауда бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беріп, Қазақстан Республикасының жаңа Президенті етіп сайлады.
Біз, Қазақстанның миллиондаған азаматтарының мүдделерін білдіретін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, еліміздің жетекші саяси партияларының, Қазақстан халқы ассамблеясының, ірі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері,
Президент сайлауының ашық және бәсекелік сипатын жоғары бағалай отырып;
қазіргі таңда бүкіл әлем мойындап, құрметтейтін тәуелсіз Қазақстанның құрылуындағы Тұңғыш Президентіміздің аса көрнекті рөлін мойындай отырып;
Қазақстан халқы алдында сіңірген ерен еңбегі үшін Елбасына зор құрмет пен алғыс білдіре отырып;
басты құндылықтары Адам және оның құқықтары мен бостандықтары болып саналатын Қазақстанның егеменді, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына бағытталған Елбасының стратегиялық бағытын жалғастырушы ретінде қазақстандықтардың сайланған Президент Қ.Тоқаевқа деген жоғары сенімін сезіне отырып;
болашақ ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігімізді түсініп, тарихымыздың осы бір маңызды кезеңінде Қазақстан халқына және азаматтық қоғам институттарына Үндеу жолдаймыз.
Біз барлық қазақстандықтарды ынтымаққа, бірлікке және қазақстандық даму жолының басты құндылықтары – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен төзімділікті сақтауға шақырамыз.
Біз барлық қоғамдық-саяси күштерді сайлаудан кейінгі кезеңде еліміздің стратегиялық мақсаттары жолында бірігуге шақырамыз.
Біз Қазақстан Президентінің ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру бастамасын қолдаймыз.
Біз жалпыұлттық диалог және өзара қарым-қатынас институты ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына қатысуға дайынбыз.
Біз Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев айқындап берген еліміздің дамуына қатысты басымдықтар мен жаңа міндеттерге сөзімізбен де, ісімізбен де қолдау көрсетуге және Елбасының тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға ниеттіміз.
Біз тек бірлігімізбен қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізіп, ортақ Отанымыз бен еліміздің барша азаматтарының игілігі мен гүлденуін қамтамасыз етеміз!
Nur Otan партиясы, «Ақ жол» Демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «G-Global-дың халықаралық хатшылығы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан украиндарының радасы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан мүгедектерінің конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігі, Qazaqstan ardagerleri қауымдастығы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы.
2019 жылғы 13 маусым, Нұр-Сұлтан қаласы
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы
жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ президенті:
– Мемлекеттің дамуы мен елдің жағдайын ары қарай жақсарту үшін қолға алынған жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Оған белсенді атсалысамыз. Президент айтып отырған білім беру, денсаулық сақтау, ғылымды дамыту – міндетіміз. Қолда бар жетістіктерді пайдалана отырып, жаңаша ойлау арқылы дамудың жолын жалғастырғанымыз жөн. Өйткені халықтың шенеуніктерге сенімі азайған. Жемқорлық жайлаған қоғамның алға баспайтыны анық. Сондықтан қоғамдағы мәселемен бірлесіп күресейік. Әсіресе, шалғай аймақтарға анық-қанық ақпараттың жетпей жататыны рас. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жобалар, игі бастамалар туралы егжей-тегжейлі түсінікті түрде айтыла бермейді. Сондықтан облыс, аудан орталығынан шалғай жатқан елдімекен тұрғындары хабарсыз қала береді. Күнделікті кездесетін мәселені жинақтамай дер кезінде шешіп отырсақ, проблема күрделенбейді. Сондықтан біз елдің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға арналған ақпаратты дұрыс, дер кезінде жеткізе білейік.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
– Сайлауда барлық ақпарат ашық, қолжетімді болды. Сондықтан сайлауда орын алған келеңсіздіктердің анық-қанығын нақтылап, жауапсыздық танытқан адамдарға заң шеңберінде тиісті шара қолданылады. Сол кезде жауапкершілік артады. Орталық сайлау комисиясының мәліметінше, кейбір бейнематериалдар қолдан өңделіп жасалған деген деректер де бар. Сондықтан ел тыныштығын бұзуға, елді арандатуға әрекет еткен адамдардың іс-әрекетін жан-жақты тексеріп, таразылау керек. Заң алдында азаматтардың бәрі бірдей. Еліміздің тыныштығы, халықтың қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Дау-дамай тек заң аясында шешілуі тиіс. «Ақ жол» партиясының атынан еліміздегі тыныштық пен бейбітшілікті, тәуелсіздігімізді сақтауға барша халықты шақырамын.
Серік СҰЛТАНҒАЛИ,
«Бірлік» саяси партиясының төрағасы:
– Елдің айтып жатқан кейбір ұсыныстары орынды. Оны Елбасы да біледі. Біз – ежелден елдікті ту еткен, ел үшін жасалатын әрбір қадамды байыппен саралап, сүзгіден өткізіп, сабырмен шешім қабылдайтын елміз. Халқымыз «Елу жылда – ел жаңа» деп тектен-текке айтпаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ең бірінші елмен диалог құруымыз керек» деген бастамасы – өте өзекті әрі қажет. Бұл ресми диалог болмауы керек. Жұмысына жауапсыз әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды. Мәселесін айту үшін әкімдердің қабылдауына кіре алмай жүрген тұрғындардың жайын айтқан болатын. Бұл мәселе шешімін табады. Халықпен ашық, анық диалог дегеніміз – осы. Сондықтан бірлесіп, бірлікпен жұмыс істейік. Елімізді дамытуға әрқайсымыз атсалысайық. Ең бірінші ел үшін азаматтық парызымыз – тыныштықты сақтау. Екіншіден, жан-жақты мүмкіндік жасалып тұрған, қолдау бар кезде жұмыс істеуіміз керек.
Толымбек ҒАБДІЛӘШІМОВ,
«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
– Тәжірибелі, кемеңгер саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауда жеңіске жетуі – халықтың қолдауының нәтижесі. Біз халықтың бір кісідей бірлікте жұмылып, еліміздің келешегі үшін сайлауға белсенді атсалысқанына алғыс айтамыз. Бейбітшілікті сақтай отырып, елдің дамуына үлес қосатынын көрсетті. Ел тарихында қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткізсек те, барлығын бірлік пен еңбек арқылы жеңіп келе жатырмыз. Сайлау еліміздің тағы бір жауапты белестен өткенімізді көрсетті. Тәуелсіз ел ретінде мемлекетімізді аяққа тұрғыздық. Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік. Азаттықтың болашағын ойлауымыз керек. Ұлттық құндылықтарды жастарға ұғындырғанымыз жөн. Әр азаматы еркін пікір айтуға құқылы. Өз ойын айтамын деген азаматтарға кедергі жоқ. Ұсынысын, пікірін, талабын айтамын дегендерге әрдайым есік ашық. Президенттің бағдарламасы – өрлеу мен тұрақты дамудың кілті. Халықтың көкейіндегіні дөп басқан баршының игілігі үшін жасалған жоба сонысымен де құнды.
Бақтияр МӘКЕН,
Мәжіліс депутаты:
– Біздің ең бірінші мақсатымыз – жаңа тағайындалған Президенттің бастамаларын қолдай отырып, нақты жүзеге асыру. Елбасының стратегиялық бағытын ары қарай үйлестіру. Тәуелсіздігімізді нығайтуға әрбір азамат үлес қосқаны жөн. Бейбітшілікті сақтау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Бірлікті сақтауды бәріміз жұмыла отырып түсіндіруіміз керек. Көпұлтты мемлекет ретінде халықаралық деңгейде беделіміз бар. Енді «ішкі саясаты қалай болар екен» деп көрші мемлекеттер де бізге көз тігіп отыр. Осындай жағдайда тәуелсіздіктің іргетасын ары қарай жалғастырып қалау, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбіт өмірді сақтау басты мақсатымыз болуы тиіс. Түрлі шеру жасау арқылы мәселе шешілмейді. Оны өзге елдердің тәжірибесінен де көріп отырмыз. Мәселені тек қана ашық диалог, бейбіт келісім мен ауызбіршілік арқылы шеше аламыз.
Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
– Елдегі барлық мәселе заң шеңберінде шешілуі тиіс. Соған орай, қолданыстағы заңдарға да қоғамның талабына сай өзгерістер енгізуге тиіспіз. Қоғамда кездесіп отырған түйткілді мәселелерді шешу жолдарын қолжетімді етуіміз қажет. Сол арқылы кез келген мәселені оңай шешеміз. Халықтың айтар ұсыныс-пікірін мемлекеттік органдар мұқият тыңдап, дер шағында жауап беруі шарт. Сол кезде ел ішіндегі мәселелер қордаланып, жиналмайды. Елмен бірге игі бастамаларды уақытылы жүзеге асырып, кемшіліктерді жойып отырсақ, мемлекетті дамытамыз. Болашаққа қадам басамыз. Кәсіподақтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдайды. Мәселе көшеде шешілмейді. Кез келген проблема ашық диалог арқылы шешімін тез табады. Сондықтан ел болып бірлесіп, еңбек етейік! Елдің дамуына ел болып атсалысайық!
Абылай МЫРЗАХМЕТОВ,
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер
палатасының басқарма төрағасы:
– Бағытымыз айқын, бағдарымыз анық болғандықтан, алға қарай қадам басайық. Атқарушы билік халықтың мұң-мұқтажына құлақ салып, қайырылып жатыр. Бұл мәселеге Президент те айрықша назар аударып отыр. Жергілікті жерлерде қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдауға ерекше мән берілді.
Біздің негізгі мақсат – әлеуметтік, экономикалық жобаларды жүзеге асыратын кезде халықтың пікірін бірінші кезекте ескеру. Біздің салада кәсібін ашып, елге жұмыс беріп отырған кәсіпкерлерді қынжылтатын нәрсе – рейтинг пен имидж. Оны айтып отырған себебім, аймақтарда шаруа қожалықтардың иелері, шағын кәсіп иелері рейтинг үшін жасалатын қажетсіз шаралардың көптігіне шағымданады. Шетелден келген кеңесшілердің айтқанын жасау да керек шығар. Бірақ бізге пайдалысын қажетімізге жаратқанымыз жөн.
Нақты жұмыс, берекелі табыс болуын ойламаймыз, рейтинг, имидж қалыптастыруға басымдық беріледі. Жергілікті жерлерде әкімдер беделін арттыру үшін зәулім сарай салып жатады. Оның орнына қаншама шағын кәсіп ашып, жұмыс орындарын ашуға болады. Жол, көпір салуға, ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Осының бәрі жүзеге асады деп сенемін.
Светлана РОМАНОВСКАЯ,
«Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы»
РҚБ төрайымы:
– Заңгер ретінде халықтың қойып отырған талабын өте жақсы түсінемін. Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен қандай мәселе болса да, ашық диалог болуы керек дегені өте орынды. Кез келген проблеманы екі тараптың талабы бойынша мұқият тыңдап, келісіп, бірлікпен шешімін табуға болады. Шешілмейтін мәселе болмайды. Тек біз түйткілді мәселелерді бірлесіп шешкенде ғана мемлекет дамуға, жетістіктерге жетуге бағыт алады. Медиация, яғни екі тарапты татуластыру – бүгінгі таңда ең оңтайлы шешім. Себебі, бірлесіп еңбек етсек, елімізді көркейте аламыз.