Маусым айының басталуы еліміздегі бірнеше колледж, жоғары оқу орындары және кәсіптік техникалық мектеп түлектерінің диплом алып, еңбекке араласуымен тұспа-тұс келеді. Жаз мезгілі – жастардың жаппай жұмыс іздейтін уақыты. Ал күзде олар алғашқы кәсіби жұмысына орналасып, еңбек ете бастайды. Бірақ еңбек нарығы біз ойлағандай аса мейірбан һәм қолайлы емес. Оның да қитұрқы талаптары мен қатал сындары жетіп артылады.
Соңғы уақытта елімізде жұмыссыздар саны 1,1 пайызға жоғарылап кеткен. 2019 жылдың бірінші тоқсанының соңында жұмыс күші 9,2 миллион адамды құрапты. Жұмыс таппай сенделгендер саны – шамамен 442,9 мың адам. Сарапшылардың айтуынша, қазір отандық еңбек нарығында аса қат мамандар ретінде – инженерлер ауызға жиі ілігеді.
– Нарықта инженерлерге, техникалық мамандарға әркез сұраныс бар. Егер жоғары білімі мен қабілеті бар болса, олар агроөнеркәсіпте, металлургияда, машина құрастыруда тез жұмыс тауып кете алады. Әрі алатын жалақысы да жоғары. Жалпы, соңғы біраз жылдан бері біздің нарық маман іздеу тұрғысынан тұрақты. Көбіне сату маманы, қаржыгер, бухгалтер, әкімшілік қызметкерлерге сұраныс артып келе жатыр, – дейді ANCOR Central Asia бас директоры Валерия Петрунина.
Дегенмен жыл санап талаптың да күшейіп келе жатқаны рас. Ақпараттық технология қатты дамыған дәл қазіргі сәтте жұмыс берушілер интернет пен компьютердің мүмкіндігін барынша пайдалана алатын, оны өз жұмысына орай кәдеге жарата алатын мамандарды көбірек іздеуде. HeadHunter кадрлық агенттігінің сарапшысы Әсел Нұрқасымқызының сөзінше, былтыр жасы жиырмадан енді асқан жастар топ-менеджерлік қызметтерге құштарлық танытқан.
– Былтыр жазда топ-менеджер позициясын іздеушілер саны төрт есеге көбейіп кетті. Бір вакансияға алты кандидаттан келген кездер де болды. Іздеушілер – жоғары оқу орнын енді бітірген жастар, жас кәсіпкерлер мен стартаперлер. Алайда аз жалақыға қанағат қылатындар да жоқ емес. Мәселен, былтыр жұмыс іздеушілердің де 24,5 пайызы 110-165 мың аралығындағы жалақыға келісім берді. Бізде жұмыс берушілер көп жалақы бермесе де, басқа жағынан оң әсері тиюі мүмкін. Яғни, кей компанияларда қызметкерлер үшін түрлі әлеуметтік пакет, сақтандыру, тегін түскі ас, басқа да көмектер көрсетіледі, – дейді сарапшы.
Еңбек нарығындағы екінші бір мәселе – жаппай автоматтандырудың жұмыс күшіне тигізер кесірі. Қоғамның қарқынды түрде цифрлануы, түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының желілік бағдарламаларды қолдана бастауы жұмыс күшінің одан ары азаюына себеп болуы ықтимал. Еуропалық ұжымдық басқару институтының ғылыми қызметкері, профессор Артуро Бристің айтуынша, цифрландыру мен түрлі бизнес процестер еңбек нарығын адам танымастай етіп өзгертеді.
– Мәселен, Volkswagen компаниясы алдағы 5 жылда өндірісін толықтай автоматты жүйеге көшіретінін мәлімдеді. Бұл дегеніңіз – сол кәсіпорынның автомобиль саласында жұмыс істейтін азаматтардың жаңа жұмыс іздей беруіне болады деген белгі. Дегенмен жаңа жүйе құратын автоматтандырудың өзін реттеп, басқаратын мамандар керек. Яғни, адамдардың заманына қарай жаңа мамандық, жаңа кәсіп игеруіне тура келеді. Ұлыбританияда адамдардың 37 пайызы өз жұмысын еш пайдасыз деп есептейді, – дейді ол.
Роботтандыру қарқынды жалғасатын болса онда 2030 жылға таяу 800 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сарапшылар 46 елдегі 800-ге жуық мамандықтың жай-күйін зерделегеннен кейін осындай тоқтамға келген. Дегенмен цифрланған өндірістің бәрі бірдей керемет жұмыс істеп кетеді деген ой да бекер.
Мұндай пікірмен ресейлік сарапшылар да келіседі. Экономика ғылымдарының кандидаты Ирина Перованың пікірінше, қазір ғалам үлкен өзгерістер табалдырығында тұр. «Қазіргі уақытта жұмыс уақытының 71 пайызы адам қолының еңбегі арқылы еңсеріледі. 29 пайызын машина істейді. Бірақ 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 52 пайызға дейін көтерілуі мүмкін» дейді ол. Автоматтандырудың өз күшіне мінуі дәстүрлі сектордың біраз бөлігінің жойылып кетуіне әсерін тигізбек. «Citibank Қазақстан» басқарма төрағасы Андрей Курилиннің айтуынша, адамдарды қысқарту табыстың азаюына түрткі болмайды. «11 жыл бұрын біздің компанияның табысы 18 млрд долларға жуық болды. Ал былтыр 17 млрд долларды құрады. Бірақ 10 жыл бұрын бізде 350 мың адам жұмыс істеген. Ал қазір 220 мың шамасында. Яғни, адамның көп болуы – табыстың да көп болатынына кепілдік бермейді. Аз жұмыс күшінің өзін тиімді пайдалана білуге болады. Біз қызметкер таңдаған кезде банкирлерге ешқандай басымдық бермейміз. Біз олардың тіл меңгергеніне, математикалық қабілетіне қараймыз. Қалғанын жұмыс барысында үйреніп алады» дейді банк басшысы.
Қазірдің өзінде әлем бойынша 1 800-ден астам компания біржола роботтардың көмегіне иек артуға шындап кіріскен. Халықаралық ұйымдардың болжауынша, 2025 жылға қарай 60 млн (4 пайызы) жұмыс орны автоматтандырылып, 86 пайызы түрлі өзгеріске ұшырап, 10 пайыздай жұмыс орны өз бағытын ауыстыруы мүмкін. McKinsey & Co консалтингтік компаниясы сарапшыларының ескертуінше, шамамен 10 жылдан кейін әлем бойынша 400 млн-ға жуық адам жаңа жұмыс іздей бастайды. Бұл жағдайда үкіметтің халықты қайта оқытуына, басқа мамандық беруіне тура келеді. Роботтандыру қарқынды жалғасатын болса, онда 2030 жылға таяу 800 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сарапшылар 46 елдегі 800-ге жуық мамандықтың жай-күйін зерделегеннен кейін осындай тоқтамға келген. Дегенмен цифрланған өндірістің бәрі бірдей керемет жұмыс істеп кетеді деген ой да бекер. Бір елдерде автоматтандыру жұмыстың басым бөлігін реттей алса, бір елде бұл көрсеткіш небәрі 10-15 пайызды ғана құрауы мүмкін. Бұл ретте жұмыс орындарын сапалы цифрландырумен қамту елдің экономикалық өсіміне тікелей байланысты болмақ. Сарапшылардың болжауынша, егер автоматтандыру қазір болжанғандай ауқымды жүзеге асса, онда келешекте – зауыттағы машина операторлары, бэк-офис қызметкерлері және жылдам тамақтану мейрамханасының жұмысшылары бірінші кезекте жұмыссыз қалуы мүмкін екен. Дегенмен McKinsey & Co сарапшылары автоматтандыру бәрібір экономикалық өсімге алып келеді деген пікірде. Автоматты жүйе 10-15 жылдан соң бүкіл әлемдік жалпы ішкі өнім көлемін 1,1 трлн долларға дейін байытады. PwC консалтингтік фирмасы болса жасанды интеллект технологиясының дамуы әлемдік ЖІӨ-ні 14 пайызға дейін жоғарылатады деген болжам айтып отыр. Әрине, бұл болжамдардың бәрі бірдей жүзеге асады деп кесіп айту да қиын. Бірақ «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Бұл бізге қарата да айтылған қисынды болжам сияқты. Жастардың мейлінше бір емес, бірнеше саладан хабары болуы, ағылшын тілін терең меңгеруі, заманауи қабілеттерді игеруі жаһандану талап етіп тұрған басты міндеттер секілді. Ал біз оған дайынбыз ба?