Жарты миллиард теңгенің мұнайын заңсыз өндіргендер анықталды
Жарты миллиард теңгенің мұнайын заңсыз өндіргендер анықталды
171
оқылды
Маңғыстау облысында жарты миллиардтан аса соммаға 3 мың тоннадан аса заңсыз мұнай өндіргендер анықталды. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті хабарлап отыр. Тергеу барысында «SK Petroleum» ЖШС-нің 2019 жылдың тамыздан бастап «Солтүстік Қарамандыбас» мұнай кен орнынан Жаңаөзен қаласындағы мұнай құятын базаларға шикі мұнай тиегені анықталды. Жалпы көлемі – 3441,408 тонна. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, «SK Petroleum» ЖШС-де заңсыз өндірілген мұнайдың нарықтағы орташа құны – 581 724 571 теңге. Сотқа дейінгі тергеу барысында «SK Petroleum» ЖШС директорының кінәсі толық дәлелденді. Кінәлі тұлғалардың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшерде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнайды қайта өңдеу), сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (Заңсыз кәсіпкерлік, аса ірі мөлшерде табыс алумен байланысты заңсыз банктік, микроқаржы немесе коллекторлық қызмет) бойынша сараланған. Сондай-ақ, департменттің мәліметінше, қылмыстық іс айыптау актісімен соттың қарауына жіберілді.

Жазира Қуанышбекқызы