Пікір
Пікір
479
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев «жемқорлықты түбейгелі жою арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады» деп мәселені орынды көтеріп отыр. Қоғамның дамуына қозғаушы күш болатын бағдарламалар, нақты жобалар бар. Бірақ оны жүзеге асыруға кедергілер де кездеседі
 
Jaksilir.JPG
Жақсылық СӘБИТОВ, саясаттану ғылымдарының докторы:

– Қасым-Жомарт Тоқаев «жемқорлықты түбейгелі жою арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады» деп мәселені орынды көтеріп отыр. Қоғамның дамуына қозғаушы күш болатын бағдарламалар, нақты жобалар бар. Бірақ оны жүзеге асыруға кедергілер де кездеседі. Соның бірі – жемқорлық. Бізде ғана емес, жемқорлық – әлемде де өте өзекті мәселе. Соның кесірінен қаншама жоба жүзеге аспай жатады. Қыруар қаржымен жүзеге асатын жобалар аяқсыз қалған соң сенімсіздік пайда болады. Сенім болмаса, іс ілгері баспасы анық. Жемқорлықты түбегейлі жоюға әрбіріміз атсалыссақ, қалыптасып қалған біржақты кертартпа көзқарастар да қалыс қала береді. Екіншіден, әлеуметтік салада жаңа мүмкіндіктер көп. Жүзеге асып жатқандары мол. Бірақ қала мен ауылда бірдей деп айтуға әлі ерте. Сондықтан бір қызмет көрсету, әлеуметтік қамтамасыз ету, тіпті ақпараттық қолжетімділіктің өзін бірдей деңгейге жеткізсек, ұтатын едік.

Bayrjan.JPG
Бауыржан ТӨЛЕГЕНОВ, 
sayasat.org порталының шеф-редакторы:

– Білім беру, денсаулық сақтау саласын одан ары жетілдіруді белгілі бір жылмен шектеулі түрде өлшеуге болмайды. Әлеуметтік сала күн сайын бір қадам алға жылжып отырса, экономикалық жағдай жақсара түседі. Меніңше, мемлекеттік бағдарламалар толыққанды жүзеге асса, нәтижесі өте жақсы болар еді. Оны жүйелі жүзеге асыруда асығыстық танытып жататын жайттар жиі кездеседі. Соған қарамастан, қоғамды дамытатын тетіктерді жүйелі іске асыру керек. Бір кездері барлық аймақты жаппай интернетпен қамту мүмкін еместей көрінетін. Одан кейін цифрландыру да кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Жаңашылдықтың игілігін қолжетімді ету арқылы қоғамды дамыта аламыз. Тек оның тетіктерін, іске асырудағы мүмкіндіктерді алдын ала талдап алсақ жеткілікті.

Gasis.JPG
Ғазиз ӘБІШОВ, саяси шолушы:

– Ең басты меже келісім болғандықтан, ашық, анық пікірталас оның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Кез келген әлеуметтік, экономикалық бағдарламаны, жобаларды жүзеге асырмас бұрын елдің пікірін тыңдау маңызды. Өйткені сол жобаның өміршең болуы тұрғындардың қолдауына тікелей тәуелді. Ашық талдау, оның ішінен қажет пікірді алу арқылы келісімге келу оңай. Атқарушы органдардың халықтың қойып отырған талабын, айтар ұсынысын дер кезінде тыңдаса, әлеуметтік мәселенің шешімі тез табылады. Сабақтастық түсінуден, халықтың айтарын тыңдаудан басталады.

Nikita.JPG
Никита ШАТАЛОВ, журналист:

– Қазіргі кезде қоғам үшін ең өзекті мәселе – сенім. Халықтың мемлекетке сенімі жоғары болуы қажет. Қандай да бір бағ­дарламаны жү­зеге асыру үшін, алдымен, жергілікті халықтың қолдауына ие болу керек. Сонда ғана кем­ші­ліктеріне қарамастан, нәтиже жоспарлағаннан да жоғары болады. Кез келген мемлекеттік бағдарлама, жобадан кем-кетік табылар. Бірақ оны іске асыруда кемшіліктерді түзей отырып, сапалы етіп жүзеге асыруға атсалысайық.

Одан кейінгі ең өзекті мәселе – салыстыру. Оның ішінде табыс көлемін, тұрмыс деңгейін, еңбек өнімділігін салыстырудағы қорытынды есеп іс жүзіндегі практикамен қабысуы қажет. Себебі, дамыған елдердің көрсеткішіне сатылап, тұрақты даму арқылы қол жеткіземіз. Аз уақытта жоғары көрсеткіш керек деп сапасыз жұмыс істеу тек шығынға ұшыратады. Түсініспеушілік тудырады. Сон­дық­тан реализм жоғары жетістікке жеткізеді. Көп елмен салыстырғанда саяси мәдениетіміз жоғары. Қолда барды бағалап, келешекте атқарылатын жұмыстың іргетасын бүгінен бастап қалайық.